ТАРИХЫ ТЕРЕҢНЕН ТАМЫР ТАРТҚАН
Ескі ескерткіштер, киелі кесенелер, қасиетті қоныстар – өркениеттің өлшемі һәм куәсі. Олар ұлттың тарихи жадын қалпына келтіретін, санасын серпілтетін құдіретке ие. Сондықтан да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» базалық жобасының мән-маңызы зор. Рухани жаңғыруға жол салатын бастама әділдікті ту еткен ата-бабаның бітім-болмысын, көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған ескерткіштердің сырын танып-білуге көмектеседі.
Осыған байланысты «Рухани жаңғыру» орталығының ұсынысымен құрылған арнайы топ сәуір айында Өзбекстанға сапар шегіп қайтты. Топтың құрамында өзім де болдым. Бұл сапар Самарқан жеріндегі Жалаңтөс баһадүр, Науаи облысындағы Әйтеке би баба жатқан киелі орындардың қасиетті топырағын атажұртқа әкелуді, көрші елдегі бірнеше жоғарғы оқу орындарын, мұражайлар мен киелі жерлерді аралап, тәжірибе алмасуды, құнды мәліметтерді жинауды мақсат тұтты.
«Көршің тату болса, көңілің тоқ болар» демекші, кеңқолтық қазақ елі ежелден көрші мемлекеттермен тату одақтастық саясатын ұстанды. Соның ішінде «Өзбек – өз ағам» деп өзбек халқын іш тартып, ізеттілікпен сыйластығын білдірген. Ал тарихи тұрғыда екі ұлттың түп-тамыры бір. Бағзыдан жалғасқан ынтымақтастық пен келісімнің баяндылығына Өзбекстан жерін аралағанда әбден көз жеткіздім.
Самарқандағы Жалаңтөс баһадүрдің кесенесіне барып, бабамыз жатқан жердің киелі топырағын алдым. Ол – қазақ-өзбек еліне ортақ тарихи тұлға, заманының қайраткері, би, батыр әрі қолбасшы. Сыр бойындағы Қазалы жерінде дүниеге келген Жалаңтөстің азан шақырып қойған есімі Әбдікәрім екен. Жалаңтөс деген жанама ат алып кетуіне бірнеше жайт себеп болыпты. Мұның бірі – анасы Ақтұмардың көкжал қасқырдың етіне жерік болуына байланысты десе, екіншісі батырдың жауға үстіндегі сауытын шешіп тас¬тап, жалаң төс шабатын буырқанған мінезімен байланыстырылады.
Ұлы сәулет өнерінің де қамқоршысы болған баба Самарқандағы Ұлықбек медресесінің қарсысынан 1620-1636 жылдары “Шер-Дор” (Арыстан қақпа), екі медресенің ортасынан 1646-1960 жылдары “Тіллә Қари” (Алтынмен апталған) медресесін салдырған. Әмір Темір, Ұлықбек және Жалаңтөс баһадүр өздерінің тұрғызған сәулетті ғимараттарымен «Регистан алаңын» қалыптастырып, Самарқанды жер жүзінің даңқты қаласына айналдырды. Өзбек, қазақ, қарақалпақ, қырғыздардың біріккен қолының қолбасшысы болып, Самарқан, Бұхара, Ташкент, Түркістан төңірегінің, қазақ сахарасының қорғаны болған бабаның есімі біз үшін зор мақтаныш.
Сапарымызды Өзбекстан жеріндегі Навой, Нұрата, Бұқара қалаларында жалғастырдық. Нұратадағы сол заманның қайраткер тұлғасы, қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан әйгілі билердің бірі, шешендігімен, қара қылды қақ жарған әділдігімен бірге жоңғарлармен болған ұрыстарда қол бастаған батыр да болған Әлім тайпасының Төртқара руынан шыққан Әйтеке би (Айтық Байбекұлы) бабамыздың кесенесіне тәу еттік. Сондағы музейге Сыр елінің символы саналатын қобызды сыйға тарттық.
Бұхара – Орта Азиядағы ең көне әрі тарихи қалалардың бірі саналады. Көктемнің жадыраған күнінде бізге осы қаланы аралап, көру бақыты бұйырды. Ірі сауда әрі мәдениет орталығы болған Шығыс шаһарындағы басты медреселердің бірі «Көкілташ» медресесіне бардық. Қазіргі таңда медіресе зергерлер орталығына айналған.
Сапар барысында Ташкенттегі Қазақстан Республикасының жаңа елшілігін көріп, рухымыз асқақтады. Мемлекет ынтымақтастығының екіжақты стратегиялық бағыттарын жүзеге асырып отырған елшіліктің кеңесшісі Мұрсалнәби Тұяқбаевпен кездесу де өте әсерлі болды.
Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы» дей келе, жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымының маңыздылығына ерекше тоқталған болатын. Сол себепті, биылғы «Өзбекстанның Қазақстандағы жылы» аясында ортақ асыл мұраларымызды бірлесе зерделеу бағытында да жаңа жобалар жүзеге асыру көзделуде.
Өзбекстан сапарынан көргеніміз бен түйгеніміз көп. Көңіл марқайды, мақсат орындалды. Ең үлкен байлық – ел аманатын арқалап, бабалар жатқан қасиетті топырақты елге жеткіздім.
Баршаңызға бабаларымыздың рухы жар болсын!
Әлімжан ЖАРЫЛҚАҒАНОВ,
Қазалы ауданы әкімінің орынбасары