ЖЕРІКТІК ӨРІС
Тілімізде «жерік асын жегендей балбырады», «жерік асы табылғандай қуанды» дейтін қалыптасқан сөз тіркестері бар. Айтса айтқандай, болашақ ананың аңсары ауған тағамы табылып, соны құмары қанып қабылдаған соң еш нәрсемен салыстыруға келмейтін ғажайып рақат сезім сәттеріне бөленеді. Тортасынан айырған сарымайдай жан дүниесі еріп, мінез-құлқы жайдарланып шыға келеді. Айналасы алқызыл гүлдерге тұнып тұрғандай, төрт құбыласы түгелденгендей өзінен-өзі қуанып, жүзіне нұр ұялайды, езуіне күлкі үйіріледі. Жанындағы адамдарға мейірлене қарайды, қолға алған ісін ынта-пейілімен тыңғылықты атқарады. Осындай көл-көсір дарқан көңіл күйдің іштегі баланың аман-сау жетілуіне қандай жағымды әсер ететіні ешбір талас туғызбайды.
Егер келіннің жерік асы табылмаса, ол босанғанша ішкен-жегені бойына сіңбей басы айналып, әл- дәрмені құрып, көңілі жер тартып, әбден титықтайды. Қазақ мұндайды «ит жерік» дейді. Ал осындай жаны мен тәні бірдей күйзеліп, азаптанып жүрген әйелдің жай- күйінің қаншалықты жағымсыз болатыны өзінен-өзі түсінікті. Бұл жағдай іштегі шақалаққа тікелей әсер етеді. Өйткені ананың жерігі, ең алдымен, баланың қажеттілігінен, қандай да бір керек қоректің жетпеуінен туындайды. Жерігі қанбай аласұрған анадан туған нәрестенің есейгенше аузынан сілекейі шұбырып, үнемі қанағатсызданып жылай беретін беймаза, денесі болбыр, әлжуаз болады. Көпті көрген, өмір тәжірибесі мол әжелердің айтуынша, баланың дене мүшелеріндегі қайсыбір кемістіктің болуы жерік астың жетіспеуінен де болады екен.
Өкінішке қарай, қазіргі жас келіндердің көпшілігі «жеріктік» дейтін аса маңызды, жүктіліктің алғашқы айларында болатын табиғи іңкәрліктің мән-мағынасын, қадір-қасиетін ұғына бермейді. Оның бала үшін орны толмас салдары болатынын бағалап та жатпайды. Әлі ана болып көрмеген жас келінге түсіндіріп, жіліктеп ұқтыратын енелер де бұл күнде көп емес. Себебі олардың өзі ұлттық құндылықтардың тегін, тетігін білмейді, байыбына өздігінен үңілмейді. Дайын көмекке жүгінеді. Ол- әйелдер консультациясы. Дәрігерлер ғылыми тұрғыдан, медициналық жағынан ақыл-кеңестерін айтып, арнайы дәрі- дәрумендерін беріп, ай сайын тексеріп қадағалайды. Бұл сөзсіз үлкен қамқорлық, болашақ анаға аса қажетті көмек. Дегенмен әрбір адамның дара жаратылысы, бір-біріне ұқсамайтын мінез-құлқы, жеке табиғаты бар. Бір қарағанда бірдей көрінетін адамның дене бітім құрылысының өзі қайталанбайды. Сөйте тұра «токсикоз» деп бәріне бірдей дәрі-дәрумен беріледі. Оны іштегі бала да қабылдайды. Мен дәрігерлерге жаппай күмән келтіріп отырғаным жоқ, ондай астамшылықтан құдай сақтасын. Дәрігерсіз күніміз бар ма? Білікті, білімді дәрігерлерді өте құрметтеймін. Өзім дәрігердің отбасында туып-өскенмін. Менің бұл жерде айтпағым мүлде басқа. Ол ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан тектік қасиетке мүлде мән бермейтін салғырттығымыз. Тектік қасиет ұлттық қасиетпен бірге өріліп жатады емес пе! Мұның бәрін естен шығарып тек дәрігердің дәрісіне сену, соларға ғана тәуелді болудың нәтижесінде тәніміз бен жанымыздың өрістік ағысын, өрістік қалауын өздігімізден ажырата алмайтын ішкі сезімдік тоқырауға ұрынғанбыз. Бұл деген ұлттық қасиеттен ауытқуға әкелген. Қарапайым ғана кішкентай мысал келтірейік. Осы күні «мынадай дәмге жерікпін» деп атын атап, түсін түстеп беретін келіндер өте сирек. Есесіне, әйтеуір тәбетін ашу үшін, жерігін басып тұншықтыру үшін тұздалған қияр мен тұздалған помидор жейтіндер екінің бірі. Бұл нені көрсетеді? Бұл жеріктік өрістің тоқырауы, тектік сәйкессіздік, ұлттық болмыстың өзгеруі деуге болады. Өзгерген емей немене, тұздалған қияр мен помидор қай ата-бабамыздың асы еді? Келісерсіз-келіспессіз, бірақ екі айналдырып ойлануға тұратын түйткіл екені анық.
«Жерік ас таңдамайды» дейді. Қоспасы жоқ шындық сөз. Халық тәжірибесінің түйіні. Анам Мәлике маған аяғы ауырлағанда адамның ойына келмейтін, естігенде езу тартқызатын нәрсеге жерік болыпты. Неге дейсіз ғой? Кәдімгі қойдың таңдайы. Маған дейтін жеті ұл көріп, жеріктіктің ығы-жығын жетік білсе де біразға дейін көңіл іңкәрін нақты ажырата алмай, өзін жайсыз сезініп жүріпті. Сондай күндердің бірінде жақсы араласатын көршісі: «Алыстан нағашым келіп еді, бірге дастарқандас болыңдар», деп әке-шешемді қонаққа шақырыпты. Сонда бас ұстаған ақсақал үйдің кіші баласына: «Жақсы сөзге құлағың жақын болсын!» - деп құлақ беріпті. «Әнші бол, жүйелі сөйлейтін дәлмар бол!»- деп таңдайды қызға ұсыныпты. Сол кезде шешем ана қыздың қолындағы бір жапырақ таңдайды жұлып алуға шақ қалыпты. Аузының суы құрып әрең шыдап, бірақ жерігінің не екенін кездейсоқ білгеніне қуаныпты. Үйге келе салып әкем Әскербекке: «Әсеке, қой алдыр, таңдай жеймін», - деген ғой. Әкем алғашында бас-аяғы жоқ сөзге күсе де, артынан мән-жайды түсініп: «Бір-екі күн шыда», -депті. Бір қойдың бір таңдайы мәселені шешпейтінін білген әкем өзінің жақын жора-жолдастарымен ақылдасып амал тауыпты. Олар әкемнен бастап әрқайсысы үйлерінде қой сойып, бір мезгілде ет асып, бір мезгілде таңдайды суытпай анама жеткізіпті. Ол кісі оннан аса таңдайды тамсанып отырып жеп, пора-порасы шыға терлеп, әбден рақаттанып риза болыпты. Сауапты іс тындырған әкемнің достарын қонаққа шақырып, рақметін айтыпты. Содан қайтып таңдай сұрамапты, жерігі сол бір реткі қанып жегеннен қанағаттанған екен.
Енді мына қызықты қараңыз, менің тілім аяғымнан бұрын шығып, аузым тынбай жыбырлап сөйлей береді екенмін. «Анау не, мынау не», «неге солай, неге бұлай» деген секілді сансыз сұрақтарым анамды әбден мезі етіп жалықтырғанда: «Құдайдың құдіреті-ай, жөні түзу дәмге аңсарым аумай таңдайға жерік болып едім, енді мына қыздың таңдайы тақылдап, құлақты жеп бітірді-ау!» деп кейіп те алады екен. Әсіресе үйге қонақ келгенде өршеленіп кететін көрінем. «Қонағын жаратпаған баласын ұрады» дегеннің мәнін жақсы білетін анам қонақтың көзінше амалсыздан тиіспей шыдайды екен. Ал кісілер кеткен соң: «Қонақ келгенде неге сонша заржақтанып қағынасың?» деп жұмсақ жеріме шықпыртып жібереді екен. Мен бақырып жылап жатып: «Өзің қонақ кеткен соң неге қағынасың?»- дегенмін ғой. Ашуланып тұрған анам еріксіз күліп жіберіп құшағына алыпты. Содан біздің үйде «қонақ келгенде Зейнеп қағынады, қонақ кеткен соң апам қағынады» деген сөз тіркесі қалыптасты.
Кейін мұнда, мен тұрмысқа шыққан соң, бір жолы сөзден-сөз шығып, анам менің бала кездегі әлгіндей әрекеттерімді, сөзуарлығым үшін жазалы болып жүретінімді әңгімеледі. Сонда жұбайым Бақытжан: «Ой, апа, бұл қазір де жетісіп тұрған жоқ, өзінің аузын, менің құлағымды аямайды. Не батарейкасы бітпейді, не тетігін бұрап тастайтын радио емес», - дегені. Бәкеңнің бұл теңеуі жайылып келіп талайларды күлдіріп, көңілдендіріп еді. Күлкі де күлкі, алайда жерік астың адамның мінез- құлқына, жаратылысына тікелей әсері болады дейтін әжелер сөзінің шындыққа жақын екенін көрсетеді.
/жалғасы бар/.
Ескерту: Біз Зейнеп Ахметованың «Күретамыр» атты кітабын үзінді күйінде бере бастадық. Өйткені, бұл кітапта халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тыйымдарының мағынасы жас ұрпаққа кеңінен түсіндіріледі. Осы арқылы бұрынғы жақсы мен бүгінгі жаңаны ұштастырып, ұлттық болмыстан айнымай, қазақы тәлім-тәрбиенің мәнін ұғындырады.
Кітапта құрсақ шашудан бастап, баланың алғашқы мүшеліне дейінгі аралықта салт-дәстүр, жөн-жоралғылар барынша қамтылған.