ЕЛБАСЫ МАҚАЛАСЫ ЖАҢАША ДАМУДЫҢ БАСТАМАСЫ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының жарияланғанына да бір жыл болды. Дамыған отыз елдің қатарына қосылу үшін бәсекелестікке қабілетті болу, сананың ашықтығы, адами капиталдың қоғамдағы орны мен маңызы жайлы айтылған бұл мақала ұлттың рухын көтеретін жаңаша көзқарастың тың серпілістің, жаңа бастаманың жаршысына айналды.
Қазіргі кезде жер-жерде «рухани жаңғыру» бағдарламасына байланысты көптеген іс-шаралар қолға алынуда. Аймақтық офистер құрылып, үйлестіру орталықтары біргелікте жұмыс жасау үшін түсіндіру жұмыстарын бастап та кетті.
«Рухани жаңғыру» орталығының негізгі міндеті – үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, қоғамның жаңғыруы үшін жаңаша ойлаудың маңыздылығын халыққа түсіндіре білу, олармен бірлесе отырып жаңаша форматтағы іс-шаралардың маңыздылығын арттыру болып табылады.
Жергілікті әкімшіліктер, көптеген оқу орындары, мәдени ошақтар мен түрлі деңгейдегі мекемелер бұрын да өткізіп келе жатқан жоспарлы іс-шараларды «Рухани жаңғыру» аясында өткізуді қолға ала бастады. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы бойынша елге өз ісімен үлгі болып жүрген танымал адамдарды іріктеу, олардың елге істеген игі істерін насихаттау жұмыстары да жақсы жолға қойылды.
Мұның барлығы жоғарыдағы бағдарлама аясында жасалған жұмыстардың нәтижесі деуге болады. Әр өңірден өнерімен оза шапқан, іскерлігімен көпке танылған, мырзалығымен жұртқа жаққан жайсаң мінезді жандардың еңбегін елеп, ауқымды істерін жұртқа үлгі ету арқылы халықтың санасына ой салу үшін түрлі шаралар өткізіліп жатыр. Мұның барлығы бір жыл көлемінде қолға алынған жұмыстар.
Дегенмен барлық жұмыстар өз деңгейін өтіп жатыр деп тоқмейілсуге әлі ертерек. Қазіргі кезең ескіше түсініктен арылып, мейлінше жаңаша шешім қабылдай алатын іскер адамдардың өз қабілетін көрсететін уақыты. Еліміздің тарихында жаңашылдыққа бет бұрған ұлы тұлғаларымыз ұлттың рухын көтеру жолында өшпес із қалдырып отырды. «Сөз түзелді тыңдаушы, сен де түзел» деп Абай атамыз кезінде ескі сүрлеуден арылуға, батыстан келген өркениеттен шет қалмауға шақырған еді. Ұлы Абай қалыптастырған жаңаша мектеп ХХ ғасырдың басында қазақ әдебиетінің қарқынды дамуына жол салып берді. Алаш зиялылары ұлттың санасын ояту, ел болып есін жинау жолында күресті. Соның арқасында Қазақ елінің территориясын аман сақтап қалуға қол жеткізді. ХХІ ғасырдың табалдырығын Қазақстан тәуелсіз, дербес мемлекет ретінде аттады. Бұрынғы Кеңестік дәуір күйреген соң сол кезеңде жұмыс істеген өндіріс пен индустрия да тоқырады. Бұрынғы ойлау жүйесінің өзі тығырыққа тірелді. Елдің экономикасын жаңа бағытқа бұру үшін тың идеялар мен жаңа бастамаларды қолға алатын кез келді. Елбасы өз мақаласында: «Көптеген проблема әлемнің қарқынды өзгеріп жатқанына қарамастан, бұқаралық сана-сезімнің «от басы, ошақ қасы» аясында қалуынан туындайды»,-деп атап көрсеткен болатын. Елдігімізді бекемдеу үшін, әлеуметтік жағдайымызды көтеру үшін де сананда сілкініс болуы керек. Егемендіктің арқасында қазақ халқы өзінің ұмыт бола бастаған салт-дәстүрімен табысты. Тілін дұрыстады, дініне қайта оралды. "Көш жүре түзеледі" деп тарих бетіндегі ақтаңдақтарды толықтыруға күш салып жатыр. Ендігі кезекте әрбір адами капиталды орынды пайдалану тетіктерін де жетілдіре беру керек. Ағылшын жазушысы Герберд Уэллс "Адамзат тарихы негізінен - идеялар тарихынан тұрады" деген болатын. Әр кезеңде де қоғамның жаңаруы үшін қызмет ететін ұлы адамдар тек қана бір аймақты емес, тұтас адамзатты құтқарған кездері болған. Жахилия кезеңінде өмір сүріп жатқан тайпаларды ұлы мәдениетке жеткізген, әлемдік өркениетті дамытқан адам Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар болғаны тарихтан белгілі. Құран Кәрімде: "Қай бір қауым өзін-өзі өзгертпейінше Алла оны өзгертпейді",-дейтін аят бар (Рағыд сүресі: 11).
Социалистік жүйе халықтың бәрін бір деңгейде ұстауға тырысты. Жаппай оқытуды қолға алды, оқудан соң барлығын жұмыспен қамтамасыз етті. Халықтың әлеуметтік деңгейін шешуді бір жолға қойғанымен, қоғамдық даму туралы еркін ойлауға, өз идеясын жүзеге асыруға жол берілмеді. Барлық нәрсені тек жоғарыдан шешетін жүйе өзін ақтай алмай қалды. Халық - үкімет пен партияның шығарған қаулысын орындаушы қара күшке айналды. Бұл жүйе құлаған соң тек бір ғана жалақымен күн көруге үйренген халықтың көпшілігі тақыр кедейге айналып шыға келді. Адамзат тарихында ескі жүйенің құрдымға кетіп, оның орнына жаңа идеялардың салтанат құруы ұдайы ескінің орнын жаңаның басып отыруы табиғи құбылыс. Қоғам алға жылжыған сайын жаңару процесі жүре бастайды, прогрессивті дамудың нәтижесінде келесі сатыға көтерілгенін көрсетеді.
Белгілі американдық педагог әрі бизнесмен Роберт Кийосаки бай болу мен кедей болудың арасы адамдардың ескіше және жаңаша ойлай білуіне байланысты деген тұжырымға келеді: "Бүгінде көптеген адамдарды көріп тұрғанымдай, ескі идеяларды бар жан-тәнімен ұстанғандықтан ғана жұмыс істеуге тырысады. Олар барлық нәрсенің бұрынғыша болуын қалайды, сондықтан да олар ылғи да өзгеруге қарсы тұрады. Мен өз жұмысынан немесе үйінен айырылған адамдарды білемін, олар техникалық прогреске, экономикаға немесе өзінің бастығына қарғыс айтады. Бұл жәйттер туралы айту оңай емес, бірақ мұндай адамдар бұл мәселенің өздерінен болатындығын түсінгісі келмейді. Ескі идеялар - оларды тұңғиыққа батырады. Ескі идеялар - олардың ең үлкен пассиві. Пассив - бұл ескі идеялар, яғни, кешегі өткен күн", - деп көрсетеді.
Көз алдымызда ескі жүйе өздігінен күйреді, жер шарының алтыдан бір бөлігін ұстап тұрған алып Кеңестер Одағы ыдырауға мәжбүр болды. Соның арқасында тәуелсіздігін алған Қазақ елі алғашқы күннен бастап экономикалық қатынастарды реттеуді қолға алды, дамыған елдердің тәжірибесін үйренуге ден қойып келеді. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен елдің экономикасын тіктеу үшін жаңа идеяның салтанат құратын кезеңі басталды. Еңсесі езілген кедей халықты аяғынан тұрғызып, ел қатарына қосу үшін ел ішінен белсеніп шыққан жігерлі де іскер жастардың ісін ылғи да қолдау, қолтығынан демеп отыруды үкіметіміз қолға алып жатыр.
Кедейліктің зарын тартып жүрген бұқара көпшілік үшін тығырықтан шығудың жолын табу оңай іс емес. Істеген еңбегі еш кеткен соң меселі қайтып, барға қанағат, жоққа сабыр етіп сүреңсіз қоңыр тіршілікке бой алдырады. Белгілі бір мақсат жолында жасаған талабы орындалмай қалған соң екінші рет тәуекел етуге жүрегі дауаламай қалады. "Apple" компаниясының негізін қалаған Стив Джобс әр істі бастағанда табандылық керектігін ылғи да назарға алады: "Пысық бол. Әр кез зор мақсат қоя біл. Мыңдаған ойдың ішінен тез арада, тиянақты түрде жүзеге асыратынын таңда. Бірінші қадам – ең күрделі нәрсе. Еш ойланбай атта! Жүрегің мен түйсігіңе сенетіндей батыл бол!"-дейді.
Ел ішінен де істің көзін тауып кәсібін дөңгелетіп кеткен байлар туралы көптеген мысалдар табуға болады. Майлықожа бір топ адаммен көрші ауылға аттанғанда сол ауылдағы кедей жігіт өнерлі адамдармен жүргенді қызық көріп ілесіп кетеді. Атты адаммен жаяу тең емес, Қызылқұмның ішінде ат шалдырып демалып отырған Майлы ақынның қасына өкпесі өшіп жаяу жалпылап жеткен кедей өзінің жаяу жүргеніне, өнбеген ісіне налып, ақыннан кедейліктің мәнісін сұрайды. Ақын сағымға қарап ойланып отырып кедейлік жігіттің басындағы міні, істің көзін таппаса жігіттің бағы ашылмайтын соры екендігін түсіндіреді. Жігіт бұл сөзді ұққанымен нені ұқсату керектігін білмейді. Сонда Майлықожа Қызылқұмда өсіп тұрған тобылғыдан бір құшақ етіп қамшы сапқа жарайтын жағын шауып келуін тапсырады. Өздері шайын ішіп болғанша жігіт те бір құшақ тобылғыны жинап ақынға әкеп береді. Атына өңгеріп алған соң көрші ауылға барады. Кешке қарай ауыл адамдары Майлы ақынды көру үшін жиналады. Сол жиынның арасында қамшы өретін ұста да бар екен. Ұста Майлының атына өңгерілген бір қап тобылғыны бір қойға сатуын өтінеді. Майлықожа кедейдің көзінше саудаласып тобылғысын екі қойға сатады. Екі қойды кедейге беріп әр істің көзін тапса тез баюға болатындығын айтып жол көрсетеді. Кейін әлгі жігіт ел аузына іліккендей бай болған екен.
Қазіргі кезде елімізде ескі жүйеге негізделген, сол бағытпен жұмыс істеп келе жатқан мекемелер мен шаруашылықтар баршылық. Үкімет берген қаржыны жаратуды ғана білетін, өздігінен табыс көзін таба алмайтын шалажансар күн кешіп келе жатқан мұндай мекемелер елдің дамуына ешқандай да үлес қоса алмайды. Себебі ілгері қарай дамиын, қосымша қаржы көздерін тартуға қабілетті мекемеге айналайын деген ниеттері болмағандықтан жаңаша идеялар ойлап табуға да қабілетсіз болып қала береді. Елбасы мақаласы осындай ұжымдарға сабақ болуы тиіс. Елге, жерге қызмет етсем деген патриоттық санадағы жастарды тың идеялармен қаруландыра білуіміз керек.
Онсыз да жылда өтіп жатқан шаралар мен атқарылып жатқан жұмыстарды рухани жаңғыруға бейімдеп өткіземіз деумен мәселе шешілмейтіні белгілі. Жаппай рухани жаңғырудың атымен кез-келген іс-шараны өткізе салу үрдіске айналып бара жатыр. Әйтеуір тапсырманы орындай салайық, міндетімізден құтылайық деген оймен өткізілетін мұндай сүреңсіз шаралар тек өзімізді өзіміз алдау болып шығады. Айталық аймақтық өлкетану музейі осы уақытқа шейін де көрме ұйымдастырып келе жатыр дейік, қазір де сол көрме сол деңгейде өткізіліп отыр бірақ, көрмеде бір ғана өзгеріс барын айтуға болады. «Рухани жаңғыру» аясында ұйымдастырылған көрме деген сөзді қосып қойғанын көресін. Бұл көрме келушілерді несімен қызықтырады, келесі көрмеге одан да көп көрермендерді қалай тартуға болады деген маңызды мәселе төңірегінде бас қатырып жатқан адамды көрмейсін. Демек, жаңғыру тек сөз жүзінде ғана қалып отыр, амалдың жоқтығынан ұранға айналдырып отырмыз. Сонда жаңа идеялар қайда? Бұрынғы жүйеде қалыптасқан бюрократиялық сананы қайта жаңғырту оңайға түспейтіні белгілі. Ендеше рухани жаңғыру дегенге әрбір саналы азамат өз ісіне сергек көзқараспен қарағаны дұрыс.
Елбасы өз мақаласында ұлттық бірегейлікті сақтау жайлы айта келе: «Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қосқан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап бағаланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз. Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейді», - деп көрсетеді. Қазіргі кезде білдей бір университетті бітірген соң көптеген мамандар жұмыс таппай сандалысқа түседі. Жұмысқа орналасу үшін көпшілігі тамыр-таныстарын жағалап жүргенін көресін. Танысы арқылы жұмысқа орналасқан мамандардың кейбірі өз жұмысын алып кетуге қабілетсіз боп шығады. Себебі өзіндік идеясы жоқ, ізденіс қабілетін ұдайы жетілдіріп отырмаған, бәсекелестікке төтеп бере алмайтын әлжуас, жігерсіз маман өзіне сеніп тапсырылған жұмысты өрге сүйрей алмайды. Ондай жасық маманды жұмысқа қабылдаған басшы да ұтылады, өзіне сенбейтін жас маман да өз деңгейін білген соң көбіне қара жұмысқа ауысып кетіп жатады. Қазіргі заман идеяластардың бәсекеге түсетін заманы. Жақсы кадр қай кезде де сұранысқа ие әрі ондай мықты кадрлар ылғи да тапшы болып келеді. Нарықтың қатаң заңдылығы қабілетсіздердің келеңсіздігін, коррупционерлердің жең ұшынан жалғасқан жемқорлығын көтеріп тұра бермейді.
Елбасының халыққа жолдаған бағдарламалық мақаласы қоғамды ілгері дамытудың алты бағытын көрсетіп берген сара жолға айналды. Әрбір саналы азамат елінің, өзінің жағдайының түзелуі жолында бар күш-жігерін жұмсап еңбек ететіндей дәрежеде болуы керек. Білімнің салтанат құруы арқылы білікті де бәсекеге қабілетті жастар елдің ертеңін жарқын, дамыған елдермен терезесі тең дәрежеге көтеретін болады. Бұл бастаманың алғашқы қадамдары қазірдің өзінде-ақ еліміздің рухани әлеуетін көтеру жолында көптеген игі шаруаларды тындырып жатқандығының куәсі бола бастадық.
Бахыт ӘБЖЕТ
Қызылорда аймақтық
"Рухани жаңғыру" орталығының
жетекші маманы,
филология ғылымдарының кандидаты