ЖАҢА ӨРКЕНИЕТ БАСТАУЫ
Ғаламдық мәселелер жаһандану үдерісіне еркін енуге ықпал жасайды. Техника тілін, озық тәжірибелерді меңгеруге ұмтылыс үнемі тың жобалармен толығып, сәт сайынғы жаңалық назардан тыс қалмақ емес. Сан сала бойынша салмақты тұжырымдамалар жасау келешекті кемелдентуге бірден-бір себепкер. Ел болашағы жастар шетел асып, білімін жетілдіру арқылы білім мен ғылымға құйған инвестицияны еңбек әлеуетімен қайтарады. Жарқын бастамаларды игеріп, жаңа дәуірді құруда өзге мемлекеттер тәжірбесін ел аумағында қолданысқа енгізеді. Сонымен қатар біліммен ғылымның жаңа бетбұрысы елімізде маңызды факторға ие. Оның ішінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру мақаласы аясында қолға алынған бірегей бастама «100 жаңа оқулық» жобасы келер ұрпаққа білім беру ісінде таптырмас мүмкіндік.
Жаңғыру жолына серпінді түрде қадам басқан мемлекет тарихында айшықты салаларға зерттеу жүргізген әлем зерттеушілерінің еңбектері 18 оқулық болып жарыққа шықты. Тұсаукесер шарасында: - Бұл оқулықтар көпшілік үшін кітап түрінде, электрондық онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық дәрістерінің видеотекасы сияқты үш форматта қол жетімді болмақ, - деп Мемлекет басшысы айтқан болатын. Осы орайда кез-келген оқулық әрбір қазақстандыққа қол жетімді түрде таралмақ. Бүгінде жоғарғы оқу орындарында оқитын түлектер үшін тиісті мамандықтарына байланысты мол ақпараттарға қол жеткізу еш қиындық туғызбайды. Әр жыл сайын кезең-кезеңімен үздік оқулықтар ауқымы кеңейіп, ана тілімізде аударылған еңбектер ел игілігіне жарамақ. Ендеше, ғылым көкжиегіне құлаш сермеген әрбір жасқа бұл – мол мүмкіндік.
Осылайша алдағы жүз жылдықтар тоғысында тозбайтын қазына оқулық негізіндегі кітаптар жиынтығы өміршеңдігімен дараланды. Өмір көшіне енді ілескен жас өрендер ғылымға өзгерістер енгізіп, әлем мұраларын ел игілігіне жаратары хақ.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ
Сырдария ауданы