ҚЫЗЫЛОРДАДА БҮКІЛ РЕСПУБЛИКАДАН КЕЛГЕН ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ҮЗДІК ШЕБЕР АТАҒЫ ҮШІН БАҚ СЫНАСТЫ
Байқауға қатысу үшін Қазақстанның барлық аумақтарынан 30 қатысушы өтінім берген.
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов қатысушыларды құттықтап, құрылысшы мамандығының маңыздылығын атап өтті.
«Құрылысшылардың ерен еңбегінің арқасында облысымызда және Қазақстанның өзге аймақтарында ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, заманауи нысандар салынуда. Өздеріңіз көріп отырғандай, Қызылордада Сырдарияның сол жағалауында 15 шағын аудан, әлеуметтік және бизнес-нысандарды қамтитын жаңа қала бой көтеруде. Осы байқауды біз Астананың 20 жылдығы мен Қызылорданың 200 жылдығына орай, сондай-ақ, жұмысшы мамандықтарды насихаттау мақсатында ұйымдастырдық. Кәсіби шеберлік байқауына еліміздің барлық аймақтарынан құрылысшылар қатысуда», - деді Қуанышбек Ысқақов.
Ұймдастырушылардың айтуынша, байқау барысында барлық тапсырмаларды дұрыс орындаумен қатар қауіпсіздік шараларын сақтау және шығармашылық көзқарас есепке алынды.
Байқау қорытындысымен «Үздік қалаушы» және «Үздік сылақшы» номинацияларында жеңімпаздар анықталды.
«Үздік қалаушы» номинациясында бірінші орынды Айжарық Ниязов (Атырау обл.), екінші орынды Зердебек Исқалиев (Батыс Қазақстан обл.), үшінші орынды Бауыржан Чунетов (Маңғыстау обл.) иеленді. «Үздік сылақшы» номинациясында бірінші орынды Нина Дерксен (Қарағанды обл.) жеңіп алса, екінші орын Еркемай Темірғалиеваға (Павлодар обл.), ал үшінші орын Ғани Елғожинге (Жамбыл обл.) бұйырды. Жеңімпаздарға диплом мен бағалы сыйлықтар – комьютер, теледидар және ноутбуктар – табысталды.
Атап өтейік, сайыс Сырдарияның сол жағалауындағы құрылыс нысандарында ұйымдастырылды.
Бүгінде Қызылорда қаласының сол жағалауы қарқынды құрылыс алаңына айналды. Жаңа қалада 1925 жылы ұлтқа «қазақ» атауын қайта беру туралы тарихи шешім қабылданған Қазақ Орталық атқару комитетінің бұрынғы ғимараты архивтегі сызбалар бойынша қайта салынған Рухани жаңғыру орталығы салынды. Қазіргі таңда мұнда 18 көпқабатты тұрғын үй салынып, қала күніне орай пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, мұнда 320 орындық балабақша, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, жастар ресурстық орталығы, емхана, Неке қию сарайы мен өзге де әлеуметтік нысандардың құрылысы салынуда. Биыл осы аумақта халқымыздың ой-санасы, ұлттық салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігін ескере отыра, шығыс стиліндегі тұрғын үйлер салынбақ.