ЕРІМБЕТ МЕШІТІ ЕСЕПКЕ АЛЫНДЫ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланғалы жылдан асқан уақытта руханият саласында қыруар іс тындырылып жатыр. Сыр өңірінде тындырылып жатқан игі істер соның бір айғағы дер едім.
Сыртта жүрген соң ел жаққа құлақ түріп отырамыз. Міне, туған топырақтан жыл құсындай сағындыра жеткен ақжолтай хабар көңілді тебірентіп, толқытып жіберді. Неге десеңіз, руханият жанашыры, облыс әкімінің араласуымен көптің көкейінде жүрген тілек оң шешімін тапқалы тұр.
Сонымен ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында өмір кешкен, сөз маржанын терген бір шоғыр Сыр сүлейлерінің ұлағатты ұстазы саналған Ерімбет шайырдың басшылығымен, ағайын-туыстың көмегімен салынып (1879-1880 жж.), 1930 жылдарға дейін діни-ағартушылық орталығы болған мешіт-мектебі мемлекет қамқорлығына алынғалы отыр.
Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің №07-4/28 (5.03.2018 ж.) хатында: «Облыста жаңа ескерткіштерді орнатуды реттеу және тарихи-мәдени мұра объектілерін тарих және мәдениет ескерткіштері деп тану, сондай-ақ оларды мәртебесінен айыру туралы» қорытынды әзірлейтін облыстық комиссия отырысының 2018 жылдың 12 ақпанындағы №1 хаттамасына сәйкес Қазалы ауданы Лақалы ауылынан шығысқа қарай 27 шақырым қашықтықта орналасқан «Қарасақал Ерімбет мешіті, 1880 жыл» тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала есепке алу тізіміне енгізілгенін хабарлаймыз», – делінген.
Енді аталған нысан алдағы уақытта Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңына сәйкес теңгерімге (балансқа) алынып, тиісті жұмыстары жүргізілетін болады.
Бұл игілікті істі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын өрелі міндеттердің жергілікті жерде жүзеге асуының нақты көрінісі деп бағалаймыз.
Қараша ҚАРАМАН,
Алматы облысы