ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАТРИОТИЗМ
Патриотизм, әсіресе, қазақстандық патриотизм дәл бүгінгі таңда айрықша маңызға ие болып отыр. Түрлі тарихи дәуірлерде өзінше көрініс тапқан патриотизм мемлекеттің, сол сияқты қоғамның да тарихи тағдырларын айқындауда айтарлықтай маңызды рөл атқаруы мүмкін. Оның үстіне, қоғам мен мемлекеттің қазіргісі мен болашағын айқындайтындығы тағы бар.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауында жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру қажеттілігі атап өтілді: «Қазақстан патриотизмінің іргетасы – барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Отан намысы алдындағы жалпы жауапкершілігі» деген болатын. Сол сияқты, Елбасымыз бастап, қоғамымыз міндет етіп айқындап отырған аса дамыған елу елдің қатарына қосылу мақсатымызға да кең мағынасында алғанда осы қазақстандық патриотизм арқылы жететіндігіміз даусыз. Қоғам өткен ғасырлардан қауымдастықтың өзіндік ерекшелігін ала келді. Сондықтан қазір де Қазақстан мемлекетінің ең негізгі рухани бірліктерінің бірі – патриотизм болып отыр. Әлеуметтік орта мен қоғам тұтастығы, тұрақтылығы азаматтардың патриоттық тәрбие ұғымын қаншалықты деңгейде сезінетіндіктеріне, түсінетіндіктеріне байланысты болады. Бұның барлығы патриоттық тәрбие жүйесі тиімділігінің дамуы мен беки түсуінің ерекше маңыздылығының негізі болып отыр. Қазақстан сияқты көптеген көп ұлтты мемлекеттер үшін де бұл мәселенің орны ерекше.
Патриотизмді дамытудың басты шарты, отандастар бір жұдырық болып жұмылып, бірлік пен татулықты сақтау. Бірақ патриотизм жасанды болмаған жағдайда ғана өз жемісін береді. Патриотизмнің объектісі, қайнар көзі Отан. Ал оның мазмұны табиғаты, оның байлықтары, жері, тарихы, тілі, т.б. Сондықтан біздегі патриотизмде ұлттық мазмұн болуы шарт. Патриотизмді халықтың табиғатына жақын, өмір сүру салтымен ұштастырғанда ғана ол сіңімді әрі әсері мол болады. Бұл Отанның иесі қазақ деген халық кеше ғана пайда болған жоқ, онымен санаспайтындай. Халқымыздың ғасырлардан бергі тарихы, қалыптасқан салт-санасы бар. Патриотизм сонымен үйлескенде ғана Қазақстан жетістікке жетеді.
Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру факторларының ішінен қазіргі күні бізге ең тиімдісі – патриоттық тәрбие беру болып табылады. Патриоттық тәрбие бойынша жүргізілген Отандық және шетел тәжірибелерінің талдамасы төмендегідей ұсыныстарды қалыптастыруға мүмкіндік береді: қоғамда, азаматтардың сезімі мен санасында Қазақстанның тарихи-мәдени өткеніне, дәстүрлеріне маңызды патриоттық құндылықтарды, көзқарастарын бекіту; мәдениет, өнер, саясат қайраткерлерін тарту арқылы қазақстандық патриот бейнесін насихаттау; Қазақстан Республикасының рәміздері – Әнұран, Ту,
Елтаңбаны құрметтеу, азаматтардың мақтан тұту сезімдерін қалыптастыру; әлеуметтік-экономикалық, мәдени, құқықтық, экономикалық, экологиялық және басқа да мәселелер шешімінде азаматтарды белсенді тартуға мүмкіндіктер туғызып, қамтамасыз ету; азаматтарды Қазақстан Республикасы Конституциясына, қоғамдық нормаларына, заңдарына сыйластық рухында тәрбиелеу; жастарды «Тілдің үштұғырлығы» мәдени жобасын жүзеге асыруға жұмылдыру; мемлекеттік тілді дәріптеуге аса көңіл бөлу; патриоттық форумдар, акциялар, дөңгелек үстелдер, семинарлар, байқаулар өткізу; тақырыптық кездесулер өткізіп, міндетті түрде интернет-портал ашу керек; әскери-патриоттық тәрбиенің мақсатты жұмыстарын дайындау; бұқаралық ақпарат құралдарының патриоттық бағытын күшейту; жастардың патриотизмі мен азаматтық жауапкершілік деңгейін көтеру бойынша жыл сайын әлеуметтік зерттеулер өткізіп тұру.
Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыру процесі мемлекеттік және қоғамдық органдардан азаматтардың рухсыздануын шектейтін мақсатқа бағытталған, космополитизм, жалған патриотизм сияқты негативті көріністерді құрықтайтын, оларға қарсы тұра алатын нәтижелі де пәрменді жұмыстарының негізінде жүзеге асырылады.
Азамат КАЙЫРЛЫКОВ,
«Айқын»