АТА-АНА АРМАНЫ
Қазақ ерекше балажан халық. «Бесіксіз үйде береке болмайды» деп отбасының қызық-қуанышын, береке-құтын баламен байланыстырады.
«Балалы үй-базар» деп баласының көптігінен үйі базардай шуға толып, миы ашып жатса да, ырым етіп баласының санын бадырайтып айтпаған. Біреу сұрай қалса: «Құдайға шүкір, біраз жаман қаралар бар ғой», - деп сырғыта жауап берген. Ата-ана ұлы ержеткенде отау көтеріп, оң жағын қызартып келін түсіруді армандайды.
Тіршілікте жұмырбасты тірі пенденің арманы таусылған ба, келін түсіріп, басына бас қосылған соң, баласын қанаттандырған соң, енді оның баласын көруді көксейді. «Балам – балым, баламның баласы – жаным» деп, еріні тұшынып немере сүюді аңсайды.
Жаңа түскен келінге қойдың ұлтабарын жегізіп ырым етуі де – сол ақ ниетті ізгі арманның бір көрінісі. Қариялар жас келіннің сәлеміне, өзге де келін құрметіне : «Көп жаса, үбірлі-шүбірлі бол, қарағым!» - деп, әжелер: «Ұл тап! Етегің баладан кеппесін!», «Қазаның булы, жөргегің сулы болсын!» - деп бата беруі де адам өмірінде ұрпақтың қаншалықты маңызды екенін білдірсе керек.
О дүниеге кетпей тынбайтын өзекті жанның бұл пәниден ұтары не? Тіріңде көз нұрың, көңіл қуанышың болатын, өлгеніңде аруағыңды разылайтын Құран бағыштап, отыңды өшірмей, түтініңді түзу шығаратын ұрпағың ғана. Өмір ақиқаты осы. Бұл қазақ айтқан түйінді сөз.
Сөйтіп, келін түсіп бір тілегіне жеткен тілеуқор ана уақыт өткен сайын келіннің бойындағы, жүріс-тұрыс, әдетіндегі кішкентай өзгерістің өзін қалт жібермей оның турасынан сұрамай, қамқорлығын жасай жүріп бақылауға алады. Тек ене ғана емес, абысын- ажындары, ауылдағы жанашыр аналар жақсылықтың нышаны қашан байқалар екен деп қадағалап күте бастайды.
Күндердің күні келіннің асқа тәбеті соқпай, қалтарысқа барып лоқсып жүргенін көрген әйелдердің бірі оның енесіне келіп: «Келініңіздің құрсағы аққа жарыпты», деп немесе: «Келініңіз ақ алғысты болыпты», - деп келіннің талғағанын әдемілеп, астарлап жеткізеді.
Қуанышты хабарды алғаш айтқан адамға жөн білетін ене көңіл ризашылығын білдіріп, «құлақсүйіншісін» береді. Жайды ұғар жақсы ене күтіп жүрген жүрекжарды хабарды естіген соң ебін тауып, сәтін келтіріп, оның анық-қанығына толық сенімді болғанда бір шаршы ақ орамалды қара шаңырақ аталатын сол әулеттің үлкен үйінің оң босағасына байлайды.
Бұл тұңғыш перзенті бойына біткен келінді ата-баба рухы қолдап-қоршап жүрсін деген ізгі ниеттен туған ырым. Әрі келіннің «ақ алғысты» болғанын басқаларға да жеткізіп, жақсылықты жариялау. Сол ақ орамал белгісінен бастап ауылдың үлкен-кішісі келінге болашақ ана ретінде құрметпен қарап, көңіл демеуін, қол көмегін көрсетуді өздеріне парыз санаған екен.
/Басы, жалғасы бар/
Ескерту: Біз бүгіннен бастап Зейнеп Ахметованың «Күретамыр» атты кітабын үзінді күйінде бере бастаймыз. Өйткені, бұл кітапта халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тыйымдарының мағынасы жас ұрпаққа кеңінен түсіндіріледі. Осы арқылы бұрынғы жақсы мен бүгінгі жаңаны ұштастырып, ұлттық болмыстан айнымай, қазақы тәлім-тәрбиенің мәнін ұғындырады.
Кітапта құрсақ шашудан бастап, баланың алғашқы мүшеліне дейінгі аралықта салт-дәстүр, жөн-жоралғылар барынша қамтылған.