БЕРЕКЕЛІ ШАҢЫРАҚ
Қала іргесіндегі Қызылөзек ауылдық округіне қарасты Айнакөл ауылында тұратын Көмекбаевтар отбасын ауылдастары «үлкен үй» деп атан кеткен. Осы өсіп-өнген шаңырақта жасы жетпістен асқан Шахарбек ақсақал мен Ұлжан апа екеуі мәуесін жайған бәйтерек секілді ұрпағының ортасында берекелі-бақытты өмір сүруде.
Қос қария он бала сүйді. Оларды абыройлы азамат етіп өсірді. Барлығына білім алып берді. Он баладан өрген немере-шөберелері әулеттің абыройын одан сайын асқақтатып келеді. Отағасы Шахарбек Көмекбай есімді палуанның ұрпағы екен.
Үлгілі шаңырақ – өзгелерге өнеге. Еңбексүйгіштігінің арқасында ерлі-зайыптылар мақтаулы маман, өнегелі ата-ана атанды. Өмірдің сынақ сәтінен сүрінбей өтіп, халық үшін қалтқысыз қызмет етті.
Сонау отбасын құрған кезден бастап мал шаруашылғымен айналаса бастады. Еңбекке белсене кірісіп, ісінің берекесі артады. Содан кейін «Шахарбек» шаруа қожалығын құрады. Осылайша, кәсіпкерліктің өрісін кеңейте бастады. Өздері қарапайым шаруа болғанымен, балаларының оқыға¬нын қалап, бәрінің бірдей жоғары білім алуына жағдай жасайды. Бүгінде әулеттің ақылшысына айналған әзиз жандар бала тәрбиесіне жіті мән берді. Олардың саналы азамат болып қалыптасуына септігін тигізді. Ғибратты, өнегелі әңгімені ұрпағының құлағына сіңіріп отырды.
– Қазақ ұрпағымен мақтанады, мәңгі жасайды. Үлгілі отбасының қашанда тірегі – әке, жылу таратары – ана екені сөзсіз. Сондықтан өмірімізді өнеге жолына салып, отбасын сақтауда бекем болдық, – дейді Ұлжан анамыз.
Қазір бұл кісілердің перзенттері бір-бір шуақты шаңырақтың ұйытқысы. Отбасының тұңғышы Сәбит пен оның ізін жалғаған інісі Тимур мұнай саласында қызмет етеді. Қыздары Жанат – №175 негізгі мектептің директоры. Ол ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапатталып, Ы.Алтынсарин атындағы медаль иегері атанған.
Отбасылық «Шаһарбек» шаруа қожалығының ісін дөңгелетіп отырған Жұмабек пен келіні Маржан – жеке кәсіпкерлер, Сәнімкүл есімді тағы бір қызы да осы салада. Айгүл мен Бақыт болса ұстаздық қызметте, бірі тарих, екіншісі химия-биология пәндерінен дәріс береді.
– «Отан – отбасынан басталады» дейміз. Біздің де отбасы шағын мемлекет. Мен құдай қосқан қосағымды әрдайым жоғары бағалаймын. Ол – әулеттің ақылшысы. Оның тапсырмаларын балаларға жеткізіп отыратын үкімет басшысы – менмін. – дейді Ұлжан апа күліп. Алтын құрсақты жан жас аналарға көп балалы болудан қорықпау керектігін айтады.
Үйдің ырысы, шаңырағының шаттығы болған Ұлжан ападан жастардың үйренері көп. Отбасындағы ерекше сыйластық, жас буынға ой саларлық тағылымдары, ғибраты мол әңгімелері біраз жанға үлгі боларлықтай. Ұрпақтар сабақтастығын жалғаған, мерейі тасыған Көмекбаевтар отбасына қандай мақтау айтса да жарасады.
Айтолқын АЙТЖАНОВА,
Қызылорда қаласы