САҚ МӘДЕНИЕТІНІҢ ЕРЕКШЕ ЕСКЕРТКІШТЕРІ: ШІРІК РАБАТ ҚАЛАШЫҒЫ
Шірік рабат қаласындағы негізгі археологиялық зерттеулердің мақсаты Шығыс Арал өңірінің сақ дәуірі мәдениетінің қалыптасуы мен дамуы және сақ мәдениетінің компанеттерінің кейінгі мәдениеттерде сақталу ерекшелігін айқындау болатын.
Өткен 2017 жылғы Шірік рабат қалашығында негізінен үш нысанда археологиялық қазба жұмыстары мен консервациялық жұмыстар жүргізілді.
1-нысан. Қалашықтың ішкі бөлігінде орналасқан кесенеге уақытша сақтау, бекіту және тұмшалау жұмыстары жүргізілді.
Тұмшаланатын ескерткішке сипатама беретін болсақ, оның сыртқы көрнісі төртбұрышты болып келген. Көлемі 10х10 м. Кесене іші төрт бөлмеден тұрады. Ортасы бір-біріне перепендикуляр болатын екі қабырғамен бөлінген. Ескерткіштің сыртқы қабырғасының қалыңдығы 3 м болса биіктігі 1,6-1,7 м. Оңтүстік және шығыс қабырғаларының биіктігі 0,2-0,5 м сақталған. Ішке кіретін ауызы оңтүстігінде орналасқан.
Ішкі бөлмелердің өлшемдері әртүрлі. №1-ші бөлме 300х320 см, №2- ші бөлме 350х350 см, №3-ші бөлменің іші 370х370 см болса №4-ші бөлменің өлшемі 330х370 см құрайды. Бөлмелерге қатынайтын есіктерінің ені 1-1,20 м. Қазба барысында анықталғандай бұл ғимарат жерлеу орны екендігі белгілі болды. Ол, б.з.д. ІІІ ғасырға жататын Шірік рабат мәдинетіне тән ескерткіш.
2-нысан. Шірік-рабат қалашығының оңтүстігіндегі ортағасырлық цитадельдің солтүстік-батыс бұрышында орналасқан құрылысқа археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.
Қазба барысында бірнеше мәдени қабат аршылды. Жоғарғы қабаттан екі құрылыс орны табылды.
Бірінші құрылыс орны цитадельдің солтүстік-шығыс бөлігінде болса, екінші құрылыс орны оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан.
Бірінші құрылыстан төрт қабатты көруге болады. Алғашқыда, беткі қабаты алынған соң үлкен құрылыс орны ашылды. Құрылыстың орталығынан шикі кесектерден (40х43х10-12 см) тұрғызылған платформа анықталды. Платформаның төменгі жағы құйылған саздан тұрса, жоғарғы жағы екі-үш қатар кесектермен көтерген. Бұл құрылыс суфалық немесе жауынгерлер алаңы қызметін атқарған болуы мүмкін. Сонымен қатар, сыртқы қабырғаға жақын құрылыстың батыс бөлігінен күйдірілген кірпіштен салынған ошақ табылды. Сыртқы пішіні төртбұрышы, солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа бағытталған, ұзындығы 1 м болатын бұл пештің ауызы шығысқа қаратылған. Кірпіштерді қырынан қойған. Сақталған биіктігі – 20 см. Ішіндегі күл қабатының қалыңдығы 5-10 см.
3-нысан. Шірік рабат-4 деп аталатын обалар тобы аталған қалашықтан 700 м солтүстік бөлігінде орналасқан. Биік емес төбе үстінде тұрғызылған. Олар, шығыстан оңтүстік батысқа қарай тізбектелген.
№1-ші оба орталық оба болып саналады. Ал, орталық обаның шығысында үш оба орналасқан, оның біреуі солтүстік батысында орын тепкен. Аталған обалардың батыс және солтүстік батыс бөлігінде, төбенің етегінде тағы екі құрлыс орны табылды. Солтүстік батыс бөлігіндегі ескерткіштің сыртқы көрнісі обаға ұқсас. Ал, екінші құрлыстың қабырғалары жақсы көрініп жатыр. Олардан керамика сынықтары жинап алынды.
Археологиялық зерттеу жұмыстары №1-ші обаға салынды. Оның диаметрі 37 м, биіктігі 0,50 метірден 1,30 м дейін, керіш аралас топырақтан тұрғызылған. Ортасы ой ішіне қарай түскен, диаметрі 19 м.
Алғашқыда қазбаны 20х3 м болатын барлау траншеясы салынып кейін, қазба 10х10 м-ге кеңейтілді.
Атқарылған жұмыстардың барысында алынған дерекнамалық мәліметтер камералық өңдеуден өтті, мәдени-хронологиялық пайымдаулар жасалды. Жұмыстың қорытындылары ғылыми айналымға ендірілуге дайын.
/жалғасы бар/
Елеуов ЕРКЕБҰЛАН,
Омар БЕКЗАТ
Қызылорда облыстық тарихи және мәдени
ескерткіштерді қорғау жөніндегі КММ-нің қызметкерлері