ҰЛЫ ЖЕҢІС ОҢАЙЛЫҚПЕН КЕЛГЕН ЖОҚ
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен Қызылорда медициналық жоғары колледжінде Ұлы Жеңіс күніне арналған мерекелік шара өтті.
Адамзат тарихындағы ең қанқұйлы соғыс саналған екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 73 жыл толып отыр. Ұлы Отан соғысы сол соғыстың ең ірі бөлігі болып табылады. Оған кешегі КСРО атты мемлекетің құрамындағы 15 одақтас халық түгел қатысты. Сол сұрапыл соғыс қазақ халқының батыр ұлдары – біздердің әкелеріміз бен аналарымыздың биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын әлемге танытты. Сондықтан да Жеңіс күні мерекесі баһадүр аталардың ұлы ерлігін мәңгілікке ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке.
Соғыстан кейін туған ұрпақ Ұлы Отан соғысы жылдарындағы аға ұрпақтың жанкешті ерлігі туралы оқулықтардан, көркем әдебиеттерден, кинотуындылардан ғана біледі.
Шараға қатысушылар алдымен Жеңіс күніне жете алмай, майдан даласында шейіт болған майдангерлерді бір сәт үнсіздікпен еске алды. Онан соң облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Шәріпбайқызы жиылғандарды Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, медицина саласы ардагерлеріне мерекелік сыйлықтарын табыс етті.
Медицина саласының құрметті ардагері Ернияз Омарұлы және осы сала ардагерлерінің облыстық кеңесінің төрайымы Райса Әбдешқызы сөз алып, Ұлы жеңістің оңайлықпен келмегенін айтып, жерлес батырларымыз туралы ғибратты әңгімелер тиегін ағытты. Ал студент жастар «Майданнан хат» сахналық қойылымын қойды. Мұнан соң «Мәңгілік алауға тағзым» атты экраннан бейнеролик көрсетілді.
Колледж студенті Арай Шарапова «Өсиет» әнін, ал Қызылорда қалалық ауруханасының мейірбикелері «Журавли» әнін орындап, «Мәңгілік алауға» қонақтар мен студенттер гүл шоқтарын қойды.
Шара соңында студенттер тыл ардагерлерімен естелікке суретке түсті.
Комментарии 1