АСТАНАДА СУРЕТШІЛЕР КӨРМЕСІ ӨТЕДІ
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Елордасы Астананың 20-жылдығы аясында «Нұр келбетті Астана» атты суретшілер көрмесін өткізеді.
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бастаған ведомство әлемнің ең мықты деген суретшілерін Астанада жинамақ. Яғни, әлемнің түкпір-түкпірінен келген суретшілер Астананың ең әсем жерлерін қылқаламдарына арқау етеді. Олардың қатарында, Ұлыбританияның белгілі театр суретшісі Александра Коннор да бар. Ол, Aspreys, Bond Street; the Stephen Bartley Gallery, «Челси» галереяларында бірнеше рет жеке көрмесін өткізген танымал суретші. Одан басқа, Жизель Уиллис (Бразилия), Димитрис Воязоглу (Голландия), Инна Болундь (Беларусь), Джованни Томасси Феррони (Италия), Игорь Дубовой (Ресей), Марко Зубак (Хорватия), Рам Виранджан (Үндістан) секілді аттары әлемге мәшһүр суретшілер Астананың аспанмен таласқан ғимараттарын қағазға бейнелейді. Жәй ғана бейнелеп қоймай, «Шабыт» өнер университетінің студенттеріне шеберлік сабақтарын өткізеді. Отандық суретшілер де «Нұр келбетті Астана» атауына ие болған шығармашылық күндеріне қатысады. Сурет өнерінің құдіретіне сенетіндер шілденің 12-де Ұлттық мұражайға келе алады. Алайда, шілденің басынан қылқалам мен мольберт ұстаған жандарды қала көшелерінен көрсеңіздер еш таңқалмаңыздар! Мұндай ғажап оқиға бұрын-соңды Елордада болған емес. Айта кетейік, ең үздік деп танылған суреттер ҚР Ұлттық музейі төрінен орын алады.