АУЫЛДА АШЫЛҒАН АЛҒАШҚЫ ЕСКЕРТКІШ
Ел, өлке тарихына байланысты жазылған дүниелерді оқып, зерделей жүретін әдетіммен 1974 жылы “Қайнар” баспасынан шыққан Ұзақ Еспанов ағамыздың “Сыр күріші – ер ырысы” деген кітабын қайталап оқып шықтым Әрине, автордың Еңбек Ері, Қызылорда облысы мен Жалағаш ауданының құрметті азаматы екендігін оқырман қауым жақсы біледі. Менің туған ауылым Мәдениет шаруашылығын 14 жыл басқарған, ауыл шаруашылығының майталманы Ұзақ ағамыз өз кітабында Мәдениет совхозының құрылуы мен өсіп-өркендеуіне, қол жеткізген жетістіктеріне байланысты көптеген құнды мәліметтерді қамтыған екен.
Әсіресе, кітаптың “Айналайын, адамдар” деген тарауында ауылға Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтардың құрметіне 1973 жылы орнатылған ескерткішке байланысты айтылған жайлар маған үлкен ой салды. Бұлай дейтінім, сол жылдары 5-6 сыныпта оқитын біздердің де осы ескерткіштің ашылуына аз да болса қатысымыз болған еді.
Ол кездерде біз оқитын №32 1-май орта мектебінде Гүлжайна Төлегенова деген апайымыз аға пионер жетекшісі болатын.Сол Гүлжайна апайымыздан жыл басында 1941-1945 жылдардағы Отан соғысынан оралмаған жерлестерімізге арнап ауылдан ескерткіш ашылатынын естідік. Апайымыз ескерткішке аттары жазылатын қаза тапқан немесе хабарсыз кеткен жауынгерлердің тізімін жасауға жәрдемдесіп атсалысуымыз керек екенін айтып, әрқайсымызға жеке-жеке тапсырмалар берді. Содан біріміз бес-алтаудан, біріміз он шақтыдан соғыстан елге оралмаған әке-ағаларымыздың дерегін тауып, апайымызға тапсырдық.Міне, менің ауылда ашылған қанды қасап қырғын соғыстан оралмаған боздақтардың ескерткішінің ашылуына аз да болса қатысымыз болды деуімнің басты себебі осы болатын.
Ұ.Еспановтың кітабындағы айтылғандар мен осы ескерткіштің ашылғанына биыл қырық жыл толатындығы менің ескерткіштің ашылу тарихына деген қызығушылығымды оятты.Ауылдағы осы ескерткіш 1973 жылдың қыркүйек айының жетінші жұлдызы күні ашылды. Сол күнгі оқиғалар дәл бүгін болғандай жадымда сақтаулы.
... Тұғырымен қоса есептегенде биіктігі 5 метрлік автомат асынған, пилоткалы жас қазақ солдатының тас мүсіні сол күні ақ жібекпен жабулы болатын. Почтаның жанындағы бағанның басына орнатылған реподуктордан соғыс уақытындағы және онан кейінгі кезеңдерде шыққан патриоттық әндер айтылып тұрды. Ауылға жан-жақтан ағылып келіп жатырған жеңіл көліктерде есеп жоқ. Әскери УАЗ-452 жеңіл көлігімен келген парадтық үлгідегі форма киген бір майор мен лейтенантты және алты жауынгерді көргенде көзіміз жайнап кетті. Себебі, ол кездерде әскери форма кигендерге елдің, әсіресе біздей мектеп оқушыларының қызығып, құрметтеулері ерекше болатын.
Бүкіл облыс жұртшылығының өкілдері қатысқан ескерткіштің ашылуы салтанатты басталғанда ауыл көгінде бір сәтке тыныштық орнай қалды. Оның ашылу салтанатын жүргізген сол кездегі совхоздың партком хатшысы Өтеп Сәрсенбаев ағамыз бір минуттық үнсіздік жариялады. Бір минуттық үнсіздік аяқталған соң әскерилер қызыл туды көтеріп келіп құрметті қарауылға тұрды. Сонан соң облыс орталығынан, ауданнан келген басшылар мен облыстық әскери комиссар сөз сөйледі. Олар Ұлы Отан соғысынан оралмағандарға ескерткіш қойғандары үшін ауыл еңбеккерлеріне, ауыл басшысы Ұзекеңе үлкен алғыстарын айтты. Әсіресе, ауылдағы Ұлы Отан соғысының ардагері, 2, 3 дәрежелі Даңқ, Қызыл жұлдыз, Отан соғысы ордендерінің иегері Хамза Әбиев ағамыз бен Қызылорда қаласынан келген Кеңестер одағының батыры Жәлел Қизатов ағамыздың айтқан соғыс туралы естеліктері өте әсерлі болды. Олардың айтқан соғыс туралы естеліктерін сол сұм соғыстың ауыртпалықтарын мойындарымен көтерген қарт жауынгерлер мен тыл ардагерлері көздеріне жас алып тұрып тыңдады.
Сонда Кеңестер Одағының Батыры Жәлел Қизатов ойын былайша өрнектеген еді. – Биыл соғыстың біткеніне 28 жыл толды. Сол сұм ссоғыстан оралмаған боздақтарға соғыс болған жерлерде болмаса ауылдық жерлерде ескерткіш қойылған емес. Бұл облысымыздағы ауылдық жерде ашылып отырған алғашқы ескерткіш! – деді. Сол жиында сөйлегендердің барлығы да ауыл еңбеккерлеріне, әсіресе совхоз директоры Ұ.Еспанов ағамызға шексіз алғыстарын айтып жатты.
Сөйтіп асыға күткен сәт келіп, ескерткіштің ақ жібек жамылғысы түсірілді. Сол сәттегі бірін-бірі құшақтап сүйіп, көздеріне жас алған көне көздерді көргенде біз де ерекше бір толғаныста болдық. «Енді не болар екен?» деп көзіміз жыпылықтап, кішкентай жүрегіміз дүрс-дүрс соғып тұрғанда бір топ ақ жаулықты әжелер жоқтау айтып қоя берді. Бұл бірі ұлынан, бірі жарынан айрылған ақжаулықты кейуаналардың зарлы жоқтауы еді. Осы сәтте соғыс атаулының қасіретін алғаш рет сезінгендей болдық. Жуырда Еңбек Ері Ұзақ Еспанов ағамызға барып жолықтым. Ұзекең сексен бес жаста болса да көп жағдайларды әлі ұмытпапты. Ол кісі әдейілеп келген шаруамды айтқанымда қуанып қалды.
“Шырағым, қазір ортақ игілікті істен әркім қара басын күйттегенді артық санайтын уақыт қой” деп Ұзекең біршама уақыт ойланып отырды да өзінің қарлығыңқы дауысымен әңгіме бастады.
... Ол уақыт біздің “Мәдениеттің” тасы өрге домалап тұрған уақыт болатын. Толағай табысымыз жыл өткен сайын молайып, аудан, облыс тіптен республикада алдыңғы қатарлы шаруашылық атанып, Одаққа белгілі бола бастаған кезіміз еді. Содан бір күні совхоздың атқамінер мамандарын жинап ақылдастым. – Жігіттер, қазақта “Өлі риза болмай, тірі байымайды” деген аталы сөз бар, жаңғырығы әлі басылмаған кешегі сұрапыл соғыстан оралмаған ауылдастарымызға бағыштап ескерткіш орнатсақ, - дедім.
– Ұзеке, бұл өте игілікті бастама, біз мұны қолдаймыз, - деді өзі кешегі майдангер, сол кездегі совхоздың бас есепшісі Мұхамедияр Салиев ағамыз.
Сөйтіп үлкен сауапты істі бастап кеттік. Әуелі сол сұрапыл соғыстан оралмаған жерлестеріміздің тізімін жасап, олардың туған, өлген жылдарын анықтадық. Бұл жұмыстарды атқаруда совхоз парткомының хатшысы Өтеп Сәрсенбаев, жұмысшылар комитетінің төрағасы Тоқтасын Әбдірейев, бас экономист Файызхан Кенжетаевтар тынымсыз ізденіс үстінде болды. Бір айта кететін жағдай, ол кезде бірталай майдангерлер әлі де арамызда болатын, солар үлкен көмек көрсетті. Олармен сөйлесіп, тізімді нақтылауда есепші Тұрсынбек Асқаровтың еңбегі зор болды.Ал, енді мектеп ұжымы мен оқушылардың көмегін айтпай кетуге болмайды, одан өзіңнің де хабарың бар екен ғой”, – деді Ұзекең ақсақал сөзін жалғап. “Осыдан кейін сол “Жетпіс үштің қыркүйегінде” елімізді жаудан қорғап, ауылға оралмай алыста қаза тапқан 277 боздаққа арнап қойылған ескерткішті аштық” деп бір сәт үндемей қалды қадірменді ағамыз.
Қазір қойылғанына қырық жыл болған ескерткіш ескіріп, бастапқы қалпынан өзгере бастаған.
2010 жылы Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында ауылдасымыз, жеке кәсіпкер Мұхаммед Бақайбаев ініміз ескерткішке жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаржылай көмек көрсетіп, ағалар ісінің жалғастырушысы екендігін көрсетті. Сөз соңында қойылғанына биыл қырық жыл толатын ерліктің ескерткішін мемлекет қорғауына өткізуді ауылдағы билік басындағы азаматтар қолға алса дейміз.
Ал, пилоткалы, автомат асынған қазақ солдатының мәңгі жас тас мүсіні Отан сақшысындай ауылдастарына мейірімін төге қарап әлі де тұр...
Болатбек НҰРЖАНОВ,
Жалағаш ауданы
Комментарии 1