СОҒЫСТАН ҚАЙТҚАН СОЛДАТТАР...
“Это праздник со слезами на глазах” – деп ән жолдарында айтылғандай Жеңіс күні сауық-думан, шадыман шаттық, әдеттегі мерекелік шаралармен ғана аталып өтілетін көп мерекенің бірі емес.
Бұл ел тарихындағы ең бір қасыретті жылдарды еске алуымызбен, сол қасыретті жылдардың қара нар көтермес ауыртпалығын арқалаған, сол жылда шейт болған аға ұрпаққа тағзым етуімізбен, бейбіт заман, ашық аспанға шүкірлік етуімізбен аталып өтілетін мұңды да, мәнді күн.
Мың тағзым, сол бір сұрапыл жылдарда от кешкен қайран ерлерге, арманда боздақтарға!
Мың тағзым, жарын, ұлын күтумен ошақ отын өшірмей, үміт ұшқынын сөндірмей ғұмыр кешкен ғашық жар, асыл аналарға!
Мынау жарық тіршілікте асыл мұратты адамзат ұрпағы аманда, әманда, ешкім де, ештеңе де ұмтылмақ емес! – деген асқақ сезім кеудені кернер күн, бұл!..
Байтақ елімізде бұл күнді осындайлық тебіреніспен, зор құрмет, ыстық ықыласпен атап өтпейтін шаңырақ болса да некен-саяқ шығар. Өйткені осыдан 65 жыл бұрын Ұлы Жеңіспен аяқталған ұлы жорық, қан майданның ауыртпалығын сезінбеген тірі жан майдан шебінен жырақта жатқан қазақ даласында да жоққа тән болатын. Тереңөзек ауданы, Шаған ауылындағы Серекеевтердің қара шаңырағында дабұл мереке ерекше құрметпен аталып өтіледі. Қара шаңырақтан түлеп ұшқан ұл-қыздар бас қосып, бұл күнде марқұм Ұлы Отан соғысы солдаты болған әкелерін еске алады. Әке әруағына құран бағыштап, перзент жүрегіне ғұмырлық жылылық ұялатқан ардақты әкенің тірліктегі жарқын күндерін еске алып, жас жеткіншек немере-шөберелерге ғибрат етеді.
Ғибратты әңгіме желісінде бір айтылмай қалмайтын хикая Дүйсен солдаттың “өліп қайта тірілгені” туралы.
Осыдан 11 жыл бұрын дүниеден өткен Дүйсен ақсақалдың өзі бұл хикаяны осы тақырыппен баяндайды екен.
1943 жылы Курск түбіндегі қиян-кескі шайқастың бірінде әуе шабуылы кезінде қатардағы жауынгер Дүйсен Серекеев ауыр жараланады. Денесі түгелге жуық топырақ астында қалып, демі барлы-жоқты жатқан солдат қаза тапқандар тізіміне ілініп кетеді. Жаралы солдаттың кеудесінде демі бары қаза тапқандарды жерлемек тұста байқалады. “Қырық жыл қырғында да ажалды өледі” дегендей, бір жылдай госпиталда жатып, елге Жеңістен кейін оралады. Елге келгендегі “хикаясы” тіпті кинодағыдай дерсіз. Нақ ауылға келгенде өзінің жылдық асының үстінен түседі. Туған үйінің айналасында абыр-сабыр жұртты көріп, ауылда қалған ата-анасы, ағашы Ошақбай, қарындасы Айтжан мен Айнагүлді ойлап, әлдеқандай жағдай болды деген үреймен үйге жақындап келе бергенде қарындасы Айнагүлдің өзін жоқтап, арманда кеткен бауырымдаған аһ ұрған дауысын естігенде, жағдайды түсінеді. Жыл бұрын ауылға қара қағаз жеткен екен. Одан кейінгі амандық хат ауылға жетпеген. Сөйтіп Алла жарылқап қайғының арты қуаныш болып, ас-тойға айналып, дүйім ауыл мәре-сәре болыпты сол күні... Және бір қызығы, қатардағы жауынгер Дүйсен Серекеевтің майдан даласында қаза тапқандығы жөніндегі дерек, 1994 жылы жарық көрген “Боздақтар” кітабында да жүр.
Дерек былай дейді:
“Серекеев Дүйсен, қатардағы жауынгер, Далакөл ауылдық кеңесі, бұрынғы “Красная заря” колхозы жерінде 1916 жылы туған. Тереңөзек аудандық әскери комиссариаты арқылы 1941 жылы әскерге алынып, 375-атқыштар дивизиясы, 1241-атқыштар полкі құрамында соғысқа қатысқан. 1943 жылы 4 маусымда қаза тауып, Курск облысы, Белгород ауданы, Поляна деревнясында темір жол будкасының оңтүстік жағынан 300 метрдей қашықтықта жерленген”. Кім біледі, құдайдың құдыреті мен санитарлардың сақтығының себебі болмаса Дүйсен Серекеев есімді қатардағы солдат жат жердегі сол бір бауырластар бейітінен мәңгілік мекен табар ма еді?!
“Әкеміздің өмірі бір ертегі секілді. Соғыста болған жағдайды әр кездері ерекше әңгімелеп беруші еді. “Менің арманым жоқ, мен бір өліп, қайта тірілген жанмын. Соғыстан аман келіп, балалы-шағалы болып, ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырған адаммын. Елде бейбітшілік болсын, соғыс болмасын. Нанымыз көп болсын” – деп отырушы еді” – деп еске алады әкесін, бізбен әңгімесінде қаладағы “Медпроммонтаж” ЖШС-нің бас бухгалтері Үміткүл Дүйсенқызы.
Марқұм Дүйсен ақсақалдың өзі айтқандай “өліп-тірілген солдат” Ұлы Жеңістен кейін 54 жыл бақытты баянды ғұмыр кешіп, немере-шөбере сүйіп ата атанып, 1999 жылы өмірден озады. Өмірлік серігі Рахима екеуі 9 бала өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Соғыстан кейін бүкіл ел болып жұмылған еңбек майданына бел шеше кірісіп, зейнеткерлікке шыққанша ауыл шаруашылығы саласында тер төгеді. Қарапайым механизатор 9 баласының бәрінің білім алып, қатарынан қалмауына көңіл бөледі. Әке үміті ақталып, балаларының бәрі жоғары білім алады. Бейсенкүлі – дүниеден озған.
Алмасы – экономист, Үміткүлі – бухгалтер, Күміскүлі – мұғалім, Дәмегүлі – мәдениет саласының, Қалдыгүлі – сауда саласының қызметкері, Серігі – су инженері, Бақыты – жол серік, Ләззаты – тәрбиеші болып, әр саланың білікті маманы атанып, әкенің жақсы атын асқақтатып жүрген азаматтар.
Осынау бақыт төрінде, бала-шағаға амандық, ел-жұртқа тыныштық, ашық аспан тілеп 87 жастағы Рахима әжей отыр.
Ақтілеу ата-әжелеріміз әрқашан бақыт төрінде отырса екен!
Бұл сонау сұм соғыста құрбан болған талай қыршынның көкірегінде сөнген арман еді ғой!..
/Ескерту: мақала 2005 жылы жазылған/
Жеңіс АЙМАҒАНБЕТОВА,
Қызылорда қаласы