ТӨРТІНШІ ӨНЕРКӘСІПТІК РЕВОЛЮЦИЯНЫҢ НЕГІЗГІ ҚАҒИДАЛАРЫ
Бүгінде әлемдік қауымдастық төртінші өнеркәсіптік революция туындатқан қарқынды технологиялық, экономикалық және әлеуметтік өзгерістерге қадам басты. Жалпы анықтамаларға сәйкес, төртінші өнеркәсіптік революция – жаһандық Заттар өнеркәсіптік желілері мен қызметке бірігу келешегі негізіндегі толықтай автоматтандырылған цифрлық өндіріске өту, басқарылатын интеллектуалды жүйелер болып табылады.
Әлемдік экономика жаһанданудың ықпалынан бөлек, технологиялық өркендеуге байланысты өзгерістер кезеңін басынан кешіруде. Алдағы уақытта төртінші өнеркәсіптік революция қарсаңында тұрған елдердегі үйреншікті технологиялық процестерді түрлі технологиялар мен өнеркәсіптік тың жаңалықтар өзгертеді. Өнеркәсіп салаларындағы технологиялар бірігіп, өзара шектеулер жойылады.
Қалыптасқан жаңа сын-тегеуріндерге әрбір мемлекет дайын болуы керектігі түсінікті. Әрбір ел мен ұлттың өркендеуі терең институционалдық реформалар жүргізу және экономика құрылымына сапалық өзгерістер енгізумен байланысты. Бұл экономикада материалдық, адами және қаржылық ресурстарды тиімді пайдалану үшін қажет. Тәуелсіз елімізде қазіргі заманауи шарттарға сәйкес әзірленген стратегиялық және бағдарламалық құжаттар ретінде атай аламыз: «Қазақстан-2050» Стратегиясы, Ұлт Жоспары бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам, «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы.
Жаңа ақпараттық технологиялардың кеңінен таралуы қоғамды жаңаша түсінуге және қалыптасқан ақпараттық-коммуникациялық технологиялардағы ақпараттық қоғамды «желілендіруге» ықпал жасады. Осы желілер заманауи қоғамның жаңа әлеуметтік құрылымын жасау арқылы күнделікті өмір, өндіріс, мәдениет және билікпен тығыз байланысты үдерістер нәтижесіне әсер ететіндігін дәлелдеді. 2000 жылдың 22 шілдесінде қабылданған Жаһандық ақпараттық қоғамның Окинава Хартиясында көрсетілгендей: «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар ХХІ ғасырдағы қоғамды қалыптастыруға ықпал жасайтын ерекше маңызды факторлардың бірі». Елімізде ақпараттық қоғамға көшуге ықпал ететін барлық қажетті жағдайларды жасау үшін және «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты 2012 жылғы 10 шілдедегі мақалада берілген Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін 2013 жылы «Ақпаратты Қазақстан - 2020» мемлекеттік бағдарламасы әзірленген болатын. Жоғарыда аталған Окинава Хартиясымен қатар, Ақпаратты қоғам құру қағидаттары декларациясы (Женева, Швейцария, 2003 жыл), Тунис міндеттемесі іс-қимыл жоспары (Тунис, Тунис Республикасы, 2005 жыл), басқа да халықаралық құжаттардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының негізгі ережелері ескерілген бағдарламаның негізгі міндеттері қатарына жатады: мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін қамтамасыз ету, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету, қоғамның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы үшін ақпараттық орта құру, отандық ақпараттық кеңістікті дамыту.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың осы жылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің ілгері дамуы үшін жасалған маңызды стратегиялық бастамалардың логикалық жалғасы болып табылады. Жолдау тақырыбы айтып тұрғандай, құжатта еліміздің төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылады. Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған ұлт болуымыз керектігіне көңіл бөлінген. Ол үшін Елбасы шешуіміз тиіс әрқайсысының жүгі бөлек, түсінікті әрі айқын он міндетті атап көрсетті:
1.Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс;
2.Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту;
3.«Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі;
4.Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру;
5.Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу;
6.Қаржы секторын «қайта жаңғырту»;
7.Адами капитал – жаңғыру негізі;
8.Тиімді мемлекеттік басқару;
9.Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі;
10.«Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде де төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономика сұраныстары туралы айтылады: «Қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керек. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады. Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді. Мұнда ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары туралы сөз болып отыр».
Адамзат тарихы өнеркәсіптік революциялардың бірнеше сатыларынан өтті. Бірінші өнеркәсіптік революция қоғам мен экономикалық құрылымға ерекше ықпал жасады. Бу қазандығының пайда болуы қалалардың өрлеуі және алғашқы зауыттардың ашылуына әсер етуімен қатар, өндірістің дамуына қажетті нақты ғылымдардың ілгерілеуіне серпін берді. Екінші өнеркәсіптік революцияның негізгі қозғаушы күші болған электр қуаты өндіріс екпінін үдете түсті. Өнеркәсіптік революцияның үшінші кезеңі сандық технологиялардың қалыптасуы және оның өндірісте енгізілуімен ерекшеленді. Бүгінде технологиялар тез өзгереді және ескіру жылдамдығының шапшаңдығы өте жоғары.
Неміс экономисі К.М. Шваб өзінің төртінші өнеркәсіптік революция туралы көзқарасын 2015 жылдың аяғында америкалық «Foreign Affairs» журналында жариялаған болатын. Кейін бұл ойларының толық нұсқасы орыс тіліне алғаш рет 2016 жылы аударылса, осы жылы қазақ тіліндегі аудармасы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы шеңберінде жарық көрді. Еңбек үш бөлімнен тұрады: бірінші бөлімде төртінші өнеркәсіптік революция туралы жалпы мәліметтер ұсынылған; екінші бөлімде негізгі трансформатты технологияларға сипаттама берілген; үшінші бөлімде революцияның зардаптары және оның қойып отырған кейбір саяси сын-тегеуріндері сипатталады. Қорытындыда автор осы көлемді өзгерістер әлеуетін тиімді енгізу, қалыптастыру және қолдану бойынша кейбір тәжірибелік идеялар мен шешімдер ұсынады. Сондықтан берілген монографиядағы төртінші өнеркәсіптік революция ерекшеліктері мен басты өзгерістер көрсеткіштерінің бағыты бойынша негізгі ұсыныстар мен қорытындыларды назарға алғанымыз дұрыс деп есептейміз.
Ғылыми еңбекте технологиялардың қазіргі кезең мен болашақ ұрпақтың өмір өзгерістері бойынша кешенді көзқарастар айтылады. Технологиялардың экономикалық, әлеуметтік, мәдени, рухани салалардағы ықтимал ахуалдары ескеріледі. Автордың пайымдауынша, әрбір технологиялық және әлеуметтік өзгерістер барысында бұрынғы заманғы адамдар мен әдістер арасындағы алшақтық орын алады. Мұндай алшақтықты жаңа буын, жаңа құралдар мен әдістер туындататындығы дәйектеледі.
Ғылыми әдебиеттерде көрсетілгендей, өзгерістер барысында туындайтын жаһандық өзара қимылдардың бірнеше негізгі факторларын атап өтуімізге болады:
1)кез келген қарапайым және күрделі техникалық-экономикалық желілерді цифрландыру, біріктіру;
2)өнімдер мен қызмет түрлерін цифрландыру;
3)жаңа нарықтық үлгілер;
4)бизнес саласы мен тұрмыстық процестерге ықпал жасайтын тасымалдау құрылғыларының жаппай енгізілуі;
5)өндірісті роботтандыру еңбек нарығына ықпал жасайды;
6)3D баспаның таралуы өндірісті арзандатады;
7)энергияның баламалы көздерін әзірлеу және енгізу өндіріс құрылымын өзгертуге әкеледі;
8)денсаулық сақтау саласындағы ғылыми жаңалықтар жазылмас дерттермен күресуге көмектеседі;
9)технологиялардың санаға жаппай ықпалы тұлғаның өзгерісіне әкеледі.
Негізінен аталған факторлардың адамзат қоғамына ықпалы әр түрлі. Мәселен, техникалық-экономикалық желілерді цифрландыру мәліметтер базасын біріктіруге оң ықпал жасаса, өнімдер мен қызмет түрлерін цифрландыру экономиканы экспорт саласына бағыттайды. Бұл қолданылып жатқан технологиялардың моралдық ахуалына байланысты. Тасымалдау құрылғыларының жаппай енгізілуі электрондық құжаттаманы дамытқанымен, толық электрондық бағыныштылыққа әкеледі. Ең алдымен электр жарығына толықтай тәуелділік, жадылардың толуынан материалдардың жаңылуына немесе Интернет кеңістігіндегі кибер-шабуылдар секілді т.б. қатерлерге әкелуі ықтимал. Өндірісті роботтандыру өнеркәсіпті автоматтандыруда роботтар көмегіне жүгіне отырып жүзеге асырылатын дамытудың процесі және жасанды интеллектті қалыптастырудың бір сатысы. Әрине, роботтандырудың өндіріс үшін экономикалық артықшылықтары басым болғанымен, бұл адамзат үшін жұмыс орындарын айтарлықтай қысқартуы мүмкін. 3D-технологиялар кез келген тауарды өндіруді едәуір түрде жеңілдетеді және арзандатады. Дегенмен, әзірленген нысандардың физикалық беріктігі төмендейді, материалдар таңдаудағы шектеулер орын алуы мүмкін. Қазіргі ғаламтордың тұлғалық дамуға ықпалы орасан зор екендігі баршамызға мәлім. Бүгінгі киберкеңістікте өзіндік ерекшеліктері бар әлеуметтену процесі жүріп жатыр. Оның санаға ықпалын зерттеу, мінез-құлықтағы өзгерістерді жеделдетуі мәселені терең қарауды қажет етеді.
Жалпы төртінші өнеркәсіптік революция жаһандық бәсекелестік жағдайында барлық елдердің әлемдік қауымдастықтағы орны мен рөлін ауыстыруы мүмкін. Технологияларды заман талабына сай дамытқан мемлекет қана қарыштап дамиды. Сондықтан Елбасының 2018 жылғы Қазақстан халқына Жолдауындағы міндеттер еліміздің жаңғыру бағытындағы жұмыстарын ілгерілетіп, жаңа жетістіктерге жеткізетіндігіне сенеміз.
Төртінші өнеркәсіптік революцияның қоғам мүшелері үшін маңызды қызметі ретінде азаматтық қоғам мен билік арасындағы тығыз өзара қимылдарды жүргізуге ықпал жасауын да айта аламыз. Барлық басқару құрылымдары мен әлеуметтік процестерге ақпараттық технологиялардың енуі осы қарқынды процестің нәтижесі деп білеміз. Электронды үкімет жүйелерінің дамуы, әсіресе еліміздегі «egov.kz» «мемлекеттік қызметтер мен ақпарат онлайн» шын мәнінде бюрократиялық кедергілерді, сыбайлас жемқорлық белгілерін азайтатындығы анық. Бұл технологиялардың мемлекеттік құрылымдарға енуі қоғамдағы барлық процестерге сырттан әсер етуге тосқауыл қояды. Сонымен қатар, электронды үкімет жүйелері арқылы мемлекеттік құрылымдардың қызмет көрсетуін бақылауға мүмкіндік туады, азаматтардың қызметтің жүру барысын қадағалауға да жағдай жасалады.
Бүгінде билік органдары үшін ақпараттың ашықтығы өте маңызды мәселе болып табылады. Ақпараттың ашықтығын арттыру міндеті бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланыс, аймақ тұрғындары, инвесторлар мен журналистерге дайындалған арнайы іс-шаралар көмегімен жүзеге асады. Ақпараттың ашықтығын арттырудың негізгі құралдарының бірі ретінде жергілікті мемлекеттік органның ресми сайты және әлеуметтік желілердегі белсенділігі де саналады.
Ресми сайт қызметінің негізгі қыры ретінде оның қарапайымдылығы мен қолданудағы оңтайлылығы деп ойлаймыз. Сонымен қатар, сайттағы ақпараттардың өзектілігі, ашықтығы, мөлдірлігі, интербелсенділігі, тұтынушыға бағытталуы, қолжетімділігі өте маңызды деп ойлаймыз. Барлық деңгейдегі әкімдіктердің ресми сайттары өңірдің төлқұжаты болып табылатындықтан, оның мазмұнына ерекше мән беруіміз қажет. Әсіресе, беріліп жатқан ақпараттардың ағылшын тіліндегі нұсқасы басты назарда болуы тиіс. Өйткені, өңір туралы ақпарат алу барысында, әсіресе шетелдік инвесторлар ең алдымен аймақтың ресми сайтына назар аударатындығы жасырын емес.
Бүгінде кейбір ғалымдар арасында төртінші өнеркәсіптік революция түсінігімен қатар, индустрияландыру 5.0 ұғымын пайдаланушылар да кездесіп жатыр. Әрине, бұл көзқарастардың пайда болуы дұрыс та шығар. Өйткені үшінші және төртінші өнеркәсіптік революциялар арасындағы ұзақтық тым жақын. Зерттеушілердің болжамы бойынша келесі өнеркәсіптік революция болып табылатын индустрияландыру 5.0 азаматтық қоғам, басқару мен құрылым, адам бірегейлігіне ықпал жасайтын, экономикалық және өндірістік зардаптары болуы мүмкін жүйелі өзгерістерді тудыруы ықтимал.
Соңғы жылдары Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған жолдаулары Үшінші жаңғыру және төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктеріне арналуда. Сондықтан еліміз үшін экономикалық даму парадигмаларын түбегейлі өзгерту және оның төртінші өнеркәсіптік революция қағидаларына сай бағыттау маңызды болып табылады. Елімізде жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар осы бағытта жұмыс жасап жатыр. Бұл үшін мемлекетіміздің экономикалық, әлеуметтік, саяси, технологиялық, мәдени және рухани әлеуеті жоғары деп есептейміз. Ал, Елбасының осы жылғы Қазақстан халқына Жолдауы аясындағы міндеттерді орындау барысында мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам, барлық ел тұрғындарының жұмылуы төртінші өнеркәсіптік революция кезеңіндегі еліміздің әлемдік қауымдастықта лайықты орын алуына септігін тигізеді.
Төртінші өнеркәсіптік революция басқарудың құралдары мен әдістерінің жаңғыруына әкелуімен қатар, басқару қызметі заманауи қоғамдағы әрекеттердің түбегейлі өзгерістеріне ұшырайды. Жаңа технологиялық әрекеттер адам мен техника арасындағы өзара қимылдарды өзгертуімен бірге, адамзаттан жаңғыртылған кәсіби дағдыларды талап етеді. Бұл тұста құнды кадрларды даярлауды дамытуға мән беріледі.
Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде еңбек нарығында түбегейлі өзгерістер орын алады. Индустрияландыру 4.0 кезеңіне жаңғыртылған түрде жұмыс жасайтын қызметкерлер қажеттілігі туындайды. Қоғам кәсіби маманданған, өзін-өзі ұйымдастыра алатын, әлеуметтік дағдылары қалыптасқан тұлғаны таңдайды. Сондықтан еліміз үшін рухани дүниетанымы бай, іскер, білімді азаматтардың қызметіне сұраныс артады.
Индустрияландыру 4.0 кезеңінде қолданылатын техниканың адамға бейімделуін назардан шығармайтын ұйымдастыру-техникалық жетілдіру міндеттерін шешуге бағытталған әлеуметтік-техникалық жүйелердің ерекшелігі мол. Адам еңбегінің өнімділігі, қауіпсіздігі, денсаулығы мен жұмысқа қабілеттілігін сақтау сынды адамзаттың ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін өндіріс ортасына бейімдеу маңызды саналады. Бұл процесте адам – техника – өндірістік орта сынды жүйелердің өзара әрекеттерін кешенді зерттейтін эргономика ғылымының жетістіктерін пайдаланған жөн.
Жалпы төртінші өнеркәсіптік революция әкелетін мүмкіндіктер мен туындатуы мүмкін қиыншылықтар барлығымыздың мәселеге сын көзбен қарауымызды талап етеді. Қоғам мүшелері мәселенің мәнін түсінген жағдайда ғана өзгермелі шарттарға тез бейімделеді, ал еліміз мерзімі жеткен реформаларға дайын болады.
Мұрат НАСИМОВ,
саяси ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор,
«Болашақ» Ғылыми-зерттеу институтының директоры