РУХАНИ ҚАЗЫНАНЫ МОЛАЙТАДЫ
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы негізінде жүзеге асып отырған жоба. «100 жаңа оқулықты» аударып, ұлы дала елінің тілінде сөйлету – қажеттілік, әрі құптарлық дүние.
Мемлекет басшысы өзінің тарихи мақаласында «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең таңдаулы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз. Ол үшін қазіргі аудармамен айналысатын құрылымдар негізінде мемлекеттік емес Ұлттық аударма бюросын құру керек» деген нақты байламын ұсынды.
Қазіргі уақытта Елбасы тапсырмасының негізінде «Ұлттық аударма бюросы» құрылып, жауапты жобаны іске асыруға бел шешіп кірісіп кеткені белгілі. Қазақ халқына ұсынылатын жалпы кітаптар тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениттану, дінтану, антропология және филология ғылымдары бағытында болмақ. «Ұлттық аударма бюросы» бүгінге дейін жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, алғашқы 18 кітаптыжыл аяғына дейін толық аударып, туралы жаңалықтардан хабардар болудамыз. Экономика саласы біздің елімізге қажетті сала болғандықтан, биылғы жылы жарық көретін төрт оқулық осы экономика саласын қамтыпты. Атап айтсам,Грэгори Мэнкьюдің атақты «Экономикс» оқулығының төртінші басылымы, Томас Гриффиннің «Менеджменті», Дональд Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс және практика» оқулығы және Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция» еңбегі – осы уақытқа дейін тек ағылшын және орыс тілдерінде қолжетімді болып келген маңызды оқулықтар. Бұл оқулықтардың біздің жас мемлекетіміздің өркендеуіне, адами сананың дамуына, жастардың өз мамандықтарының қыр-сырын толық меңгеруіне, білім көкжиегін кеңейтуіне қосар үлесі мол екені анық. Рухани жаңғырудың негізінде экономикалық жаңғыру да бар. Қазір әлемдік жаһандану заманында ешқандай ел экономикасыз өмір сүре алмайды. Бәсекеге қабілетті ел болу үшін әлемдік экономикамен байланыса дамуымыз қажет. Осы оқулықтар арқылы санамызды жаңғырта отырып, бәсекеге қабілетті маман дайындай аламыз. Экономикамыз дамыса, рухани көкжиегіміз кеңейеді, жағдайымыз да жақсарады.
Екінші Дональд Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс және практика» оқулығы біздің оқу орнының шәкірттеріне, болашақ кәсіпкерлерге таптырмас құнды құрал болатыны анық. Біздің колледждің мақсаты - кәсіпкерлер сияқты ойлай алатын мықты, жан-жақты, сан қырлы мамандар даярлау. Кәсіпкер дегеніміз кім? Ол жаңаша ойлай алатын, әрдайым ізденісте жүретін адам.Мұндай адам кез келген қызметке қажет. Сондықтан кәсіпкерлік оқулығы – теория түрінде кәсіпкерліктің бағдарын айқындап беру үшін қажет кітап, яғни колледж студенттерінің болашақта кәсіпкерлікпен айналысуына таптырмас құрал.
Қорыта айтқанда, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасының маңыздылығын атай отырып, жоба аясында қол жеткізуге болатын бірқатар міндеттерді атап өткім келеді. Біріншіден, 100 оқулық аудару нәтижесінде ғылыми контент қоры көбейіп, қазақ тілінің ғылыми қоры халықаралық ғылыми лексикамен байытылады. Бұл тілдің дамуына септігін тигізбек. Екіншіден, жоғары оқу орындарындағы білімнің мазмұны әлемдік деңгейге көтерілуге мүмкіндік алады. Үшіншіден, бұл жоба Қазақстандағы аударма мектебін күшейтуге зор үлес қоспақ.
Рухани қазынамызға өлшеусіз үлес қосар мұндай кітаптар өскелең ұрпақтың білімін толықтыра түсетіні сөзсіз. Ең бастысы, жаңа оқулықтар қазақ ұғымына сіңісті, ұғынықты болуы тиіс деген пікірлерді қалың жұртшылық та қолдайтынына сенімдімін.
Елбасының сарабдал саясаты мен ұлт жолындағы ұстанымдары болашаққа бағдар көрсетуімен қатар алдағы рухани дамуымыздың өзегіне айналарына сенім зор.
Ғ.СЕРІКБАЕВ,
Жалағаш индустриалды-аграрлық
колледжінің директоры.
Жалағаш ауданы