МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ БАҚ САЛАСЫНДАҒЫ СЫЙЛЫҚТАРЫ МЕН ГРАНТТАРЫН АЛУҒА ҰСЫНЫМДАР ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ
Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз қызметі Мемлекет басшысының 2018 жылғы 25 сәуірден бастап БАҚ саласындағы сыйлықтары мен гранттарын, сондай-ақ Алғысын алуға үміткерлерден ұсынымдар қабылдау басталғанын хабарлайды.
Сыйлықтар мен гранттар алуға үміткерлерді бұқаралық ақпарат құралдары, шығармашылық одақтар, қоғамдық бірлестіктер, мемлекеттік органдар ұсына алады.
Алғыс жариялауға шығармашылық ұжымдарды шығармашылық одақтар, қоғамдық бірлестіктер, мемлекеттік органдар ұсына алады.
Әрбір бұқаралық ақпарат құралы, шығармашылық одақ, қоғамдық бірлестік, мемлекеттік орган сыйлықтар мен гранттар алуға екі үміткер ғана ұсынуға құқылы. Гранттар жасы отыз бестен аспаған жас журналистерге беріледі.
Грант иегерін сыйлық алу үшін грант тапсырылғаннан кейін кемінде бес жылдан кейін ұсынуға болады.
Сыйлықтар, гранттар алуға үміткерлердің және Алғыс жариялауға шығармашылық ұжымдардың өзін-өзі ұсынуына жол берілмейді.
Сыйлықтар немесе гранттар алуға бұқаралық ақпарат құралының, шығармашылық одақтың, қоғамдық бірлестіктің, мемлекеттік органның ресми бланкісіне жазылған, бірінші басшы немесе оның орнындағы адам қол қойған (А4 форматтағы көлемі 2 парақтан аспайтын) ұсыным жолданады. Оған мынадай құжаттар қоса ұсынылады:
- сыйлықтар немесе гранттар алуға ұсынылған үміткердің аты, әкесінің аты, тегі және шығармашылық бүркеншік есімі (егер болса), сондай-ақ атқаратын лауазымы көрсетілген негізгі жұмыс орнынан анықтама;
- сыйлықтар немесе гранттар алуға ұсынылған үміткердің жеке куәлігінің немесе төлқұжатының көшірмесі;
- сыйлықтар немесе гранттар алуға ұсынылған үміткердің шығармашылық қызметінің қысқаша сипаттамасы;
- негізгі жарияланымдарының тізімі және олардың көшірмелері, аудио және (немесе) бейнематериалдар немесе сондай материалдардың интернет-сілтемелерінің тізімі.
Алғыс жариялауға шығармашылық одақтың, қоғамдық бірлестіктің, мемлекеттік органның ресми бланкісіне жазылған бірінші басшы немесе оның орнындағы адам қол қойған бұқаралық ақпарат құралының қызметі туралы (А4 форматтағы көлемі 2 парақтан аспайтын) ұсыным ұсынылады.
Конкурсқа мән-маңызы жоғары негізгі жарияланымдар, аудио және (немесе) бейнематериалдар немесе сондай материалдардың интернет-сілтемелерінің тізімі ұсынылады.
Қарауға 2017 жылғы 1 маусым мен 2018 жылғы 31 мамыр аралығында жарияланған және (немесе) эфирге шыққан материалдар қабылданады.
Сыйлықтар, гранттар алуға және Алғыс жариялауға ұсынылған материалдар мен құжаттар қайтарылмайды.
Кітаптар БАҚ саласындағы наградалар алуға ұсынылған материал ретінде қарастырылмайды. Мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалалар топтамасын ұсынуға болады.
Мемлекет басшысының сыйлықтарын, гранттарын алуға және Алғысын жариялауға ұсынымдарды Қоғамдық комиссияның төрайымы – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Н.Әбдіқалықованың атына 2018 жылғы 1 маусымға дейін мына мекен-жай бойынша: 010000, Астана қ., «Ақорда» резиденциясына жолдау қажет.
Құжаттарды қағаз түрінде немесе электрондық нұсқада жолдауға болады.
Қағаз түрінде жолданатын құжаттар пошта қызметі арқылы жоғарыда көрсетілген мекен-жайға жіберіледі немесе «Үкімет үйі» ғимаратында (Астана қ., Мәңгілік ел даңғылы, 6) орналасқан Президент Әкімшілігі Жалпы бөлімінің хат-хабарды қабылдау секторы арқылы жұмыс күндері сағ. 09:00-15:30 аралығында (түскі үзіліс сағ. 13:00-14:30), сенбі күні сағ. 10:00-11:00 аралығында қабылданады.
Электрондық нұсқадағы құжаттарды электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен e.gov.kz порталы арқылы («Электрондық өтініштер» бөлімі, алушы – Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі) жолдауға болады.
Мемлекеттік органдардың ұсынымдары электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі арқылы тек электрондық форматта ғана қабылданады, бұл қосымшалары электрондық тасымалдағыш (диск) арқылы жолданатын ұсынымдарға қатысты емес.
Байланыс нөмірлері: +7 (7172) 74-41-15, 74-42-65, 74-41-57.