ҚАЗАҚСТАНДА «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІНІҢ КИЕЛІ МҰРАЛАРЫ» АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ
Елордада Қазақстан халқы ассамблеясының «Ұлы Дала елінің киелі мұралары» республикалық тарихи-экологиялық акциясы бастау алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Акцияның мақсаты - киелі мұралар ескерткіштерін сақтау мен дәріптеу. Сонымен қатар оның аясында қоғамдық маңызы бар жалпы мәдени әрі рухани құндылықтар негізінде қазақстандық бірегейлік пен отансүйгіштікті нығайту шаралары өткізіледі. Акция барысында Екінші дүниежүзілік соғысы жауынгерлері жерленген жерлерді абаттандыру бойынша жұмыстар қамтылады.
Осы орайда бүгін ҚХА өкілдері Астанадағы Екінші дүниежүзілік соғысы жауынгерлерінің бауырластар зиратына гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.
«Ата-бабаларымыз бізге бірліктің, батырлықтың үлкен үлгісін көрсетті. Солардың арқасында бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз. Әрине, бейбітшілік кезеңде бірлік пен келісімнің қажет екенін және ары қарай да нығайта түсу керектігін ұмытпауымыз қажет. Бұл тұрғыда жастарымызға отансүйгіштік құндылықтарын дәріптей білуіміз маңызды. Сондықтан барша Қазақстан халқын алдағы күндері атап өтілетін Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын», - деді ҚХА Төрағасының орынбасары Исламбек Салжанов.
Айта кетейік, «Ұлы Дала елінің киелі мұралары» акциясы еліміздегі барлық қалаларда, ауылдарда бір мезгілде басталып, үш кезеңмен өткізіледі.
Бірінші кезеңде «Қамқор» акциясы 5-9 мамыр аралығында ұйымдастырылады. Осы бағытта этномәдени бірлестіктер жастар қанатының өкілдері ардагерлерге көмек көрсетеді, сондай-ақ ескерткіштер мен монументтерге күтім жасайтын еріктілер топтарының жұмыстары іске асырылады.
Екінші кезеңде, яғни 28-31 мамыр аралығындағы «Тағзым» акциясы кезінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған шаралар өткізіледі.
Ал 14 маусымнан басталатын үшінші кезеңде «Ұлы Дала елінің киелі мұраларына» жататын нысандар бойынша өңірлік экспедициялар мен экологиялық сенбіліктер ұйымдастырылады.