ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ МАРАФОНЫ ӨТЕДІ
Марафонның өткізілуі туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтылды. Брифингке «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Жасұлан Алдабергенов, «Жомарт» мүгедектерге, балалары мүгедек ата-аналарға және тұрмыс жағдайы төмен азаматтарға көмек көрсету» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Майя Наримова, «Шуақты бөбек» қоғамдық қор құрылтайшысы Майра Нуркишева қатысты.
"Шараның басты ұйымдастырушылары - Қызылорда облысының жастар саясаты мәселелері және облыстық спорт басқармасы, «Жомарт» қоғамдық бірлестігі, «Шуақты Бөбек» қоғамдық қоры. Негізгі мақсат - «Ұлт саулығы» идеясын, салауатты өмір салтын насихаттау және халықты дене шынықтыруымен және спортпен белсенді айналысуға баулу, бұқаралық спортты дамыту және жас спортшыларды қолдау", - дейді Ж.Алдабергенов.
"Жомарт" қоғамдық бірлестігі төрайымының айтуынша, марафон 13 мамыр күні сағат 09.00-де басталады. Қатысушылар Тұңғыш Президент саябағынан бастап, Сұлтан Бейбарыс көшесі, Тәуелсіздік даңғылы арқылы Ғ.Мұратбаев атындағы стадионға дейін жүгіріп өтеді. Оған 16 жастан жоғары адамдар қатыса алады.
"Қатысушыларды тіркеу 25 сәуірден 11 мамырға дейін жүргізіледі. Тіркеу жарнасы: жеке қатысушыларға – 500 теңге, командалық қатысушылар үшін – 2500 теңге", - деді М.Наримова.
Сонымен қатар, марафонннан түскен жиналған қаржы – «Шуақты бөбек» қоғамдық қоры арқылы дамуында ауытқушылығы бар балаларға арналған оңалту орталығын ашуға жұмсалады. Өткен жылы ашылған қор Дауна синдромына шалдыққан балаларға көмек көрсетеді. Ендігі мақсаты қала орталығынан оңалту орталығы ашылса дейді қор құрылтайшысы.
Айта кету керек, осындай марафон өткен жылы да ұйымдастырылды. Онан түскен қаржы "Жастар Үйіне" жұмсалды.