«ЕЛ ДӘУЛЕТІН ТАСЫТСАМ ДЕЙМІН»
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы дер кезінде жарық көріп, бір жыл мерзімде оң нәтижеге қол жеткізе бастады. Біз әрине, бұған аса қуаныштымыз.
Жалпы, болашаққа бағдар беретін ұлт руханиятын қайта жаңғырту дегеніміз біздің қазақ елінің табиғатына өте қолайлы және бұрыннан санамызда бар ұғым. Себебі, біз өнерде болсын, ерлікте болсын жарқ еткен жақсыларымыз бен жайсаңдарымыздың есімін санамызда жаңғыртып отыруды, оны мақтан тұтуды есімізден шығарған емеспіз.
Ежелден көшпелі ата-бабаларымыз аттың жалында, түйенің қомында жүріп-ақ жаңа туған нәрестеге лайықты есім қоюды ұлағатпен ойластырып, ұланының ұранды ат иеленуін ұрпағына өшпес өнеге еткен. Сондықтан атадан қалған ізгі мұраны аманаттаған кейінгі буында өз балаларына батырдың, елі ішіне сыйлы шешеннің, арқалы ақын-жыраулардың, жалпы зиялы жандардың есімін қою дәстүрге айналған.
Міне, ұлт руханиятын жаңғыртудың сәтті өріліп, ежелден жеткен салт-сананың алтын арқауы үзілмеген тұсы осындай жарқын сәттен көрініс табады. Болмысында табиғи дарыны бар, ойшыл, тұлға болып танылған адамдардың есімі ғана емес, тегін де ұрпағына беру кездейсоқ құбылыс емес. Үкілі үміт күткен сәбиі ел үмітін ақтап, ұлттың бағына туған туымды перзент болсын деген асқақ арманның жемісі деуге болады.
Қызылорда қаласында да атақты Олжас Сүлейменовтің есімін еншілеген ұлын мақтан тұтатын ұлағатты отбасы бар. Ол қалаға қарасты КБИ шағын ауданында тұратын Сүлейменовтер әулеті.
«Біз өз ұлтымыздың өнері мен мәдениеті, салт-дәстүріне ғашық отбасымыз десек те болады. Әнді, әншіні, ақынды, жырауды ұйып тыңдаймыз. Бесік тербетіп отырып, өзіміз ән айтамыз.
Оның үстіне Олжастың әжесі өлең жазады. Арқалы ақындардың тілегін тілеп отыратын шаңырақпыз десек қателеспейміз. Ұлымның есімін қайын апам Айнаш қойды. Олжас туған жыл біз тәуелсіздік алған тарихи жыл еді. Ал, сол жылдары газет пен теледидардан Олжас Сүлейменовтің есімі кең тараған, өте танымал тұлға болған кезең еді.
Қай ана баласының бақытқа бөленіп, құрметке лайық болғанын қаламайды дейсіз. Сондай асқақ арманнан туған ой ғой», - дейді Олжастың анасы Гүлсім Жұмабаева.
Біздің кейіпкеріміз Сүлейменов Олжас Бахтайұлы 1991 жылы 23 маусымда дүниеге келген. Ол қаладағы №197 мектеп түлегі. Бойында танымал ақын Олжас Сүлейменовке ұқсас жалын бар. Өнерге жаны құмар. Мектепте аздап өлең де құрастырған. Поэзияны тыңдағанды ұнатады. Өзі сыршыл, талғамы ерекше.
Бүгінде ол әкесі Бахтай Сүлейменовтің жолын қуып жеке кәсіппен айналысуда. Отбасын құрған. Жұбайы Ақбота Ыдырысовамен екеуі Айсана есімді кішкентай бүлдіршінді тәрбиелеп отыр. Елге ғана емес, алыс-жақын шетелге танымал жалынды ақын Олжас Сүлейменовтің есімі ғана емес тегін де иемденген жерлесіміз кәсіпкер Олжастың бүгінде үлкен кәсіп иесі болып, экономикасы қарыштап дамып келе жатқан елдің дәулетін тасытып, абыройын асқақтатамын деген биік арманы бар.
Танымал ақын есімінің шарапаты жас Олжасты талай шыңдарға шырқатары анық. Тек салмақты есімді иемденген жас кәсіпкердің есімі ардақтылардың қатарынан көрінсе деп тіледік. Алла сәтін салғай!
Г.ҚОЖАХМЕТОВА,
Қызылорда қаласы