ДАМУДЫҢ ЖАҢА БЕЛЕСТЕРІ
Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталады.
Қазіргі кезеңде дүниежүзіндегі дамыған елдер төртінші өнеркәсіптік революция дәуірін жаңа технологиялық өзгерістер арқылы қарқынды дамып келеді. Біздің тәуелсіз елімізде «Қазақстан-2050 стратегиялық бағдарламасында қойылған мақсат пен міндеттерді орындау жолында көптеген жұмыстар қолға алынған. 100 нақты қадам – Ұлт жоспары мақсатты түрде жүзеге асырылуда.
Елімізде қазақстандық үлгіге негізделген нарықтық экономика моделі қалыптасты. Орта және шағын бизнес дамып келеді. Еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызға дейін төмендеді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы оң нәтижеге қол жеткізе бастады. Біздің қоғамның негізгі құндылықтары – азаматтық бейбітшілікке, ұлтаралық және конфессия аралық келісімге қол жеткіздік. Бұл – үлкен жетістік.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері сыртқы саясатында көп векторлық бағытты ұстанып келеді. Соның нәтижесінде біз 2017 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болдық. Еліміз енді сол кеңеске төрағалық етеді. Мұндай жетістікке ТМД елдерінің бірде-бірі қол жеткізген жоқ. Бірақ, қоғам бір орында тұрмайды. Ол әрқашанда дамып отыру керек. Біздің елімізге де дамудың жаңа сапасы қажет. Дамудың жаңа белестері ретінде Мемлекет басшысы әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына жедел ену үшін тарихи мүмкіндігімізді пайдаланып жүзеге асырылуға тиісті 10 міндетті атап өтті.
Елбасымыз алға қойған міндеттердің барлығы да қоғамның экономикалық, саяси, рухани, әлеуметтік жақтарының өзекті мәселелерін қамтиды. Басты міндет біздің еліміз жедел түрде индустрияландыру мен жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс. Қазіргі кезеңде кең қолданысқа ие болған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы өз нәтижесін беретіндігіне сенімдіміз. Білім саласында қызмет еткеннен кейін осы саладағы мәселелерді қойып отырғаны бізді қуантады және жігерлендіреді.
Биылғы Жолдауда Елбасы 7-ші міндетінде білім саласында адами капиталды жаңғырудың негізі ретінде қарау керек екендігін атап өтті. Соның нәтижесінде ғана білім берудің жаңа сапасына қол жеткізе аламыз. 2016 жылдан білім беру жүйесінде енгізіле бастаған жаңартылған бағдарламаларды одан әрі жалғастыру міндеттеліп отыр. Сонымен қатар, білім беру бағдарламаларының негізгі басымдылығы өзгерістерге бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыта беру қажеттілігі атап өтілді. Бұл орайда өзіміздің де озық жүйемізді қалыптастыруымыз қажет. Осы мақсатта негізгі субъект – мұғалімнің беделі мен алатын орнына көңіл бөлу қажеттігі атап өтілді. Мұғалім жаңа технологияларды игере білуі үшін үнемі ізденісте болуы тиіс. Сондықтан мұғалімнің әлеуметтік жағдайына да көңіл бөлінуі керек. Мұғалім мәртебесін арттыру мақсатында білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысы 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 пайызға көбейтіледі. Бұл – ұстаздар қауымына көрсетілген көмек.
Сонымен бірге, ұстаздарға үлкен міндеттер жүктеледі. Жаңартылған оқу бағдарламалары – халықаралық стандарттарға сай келетін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен заманауи оқу бағдарламалары саналады. Бұл оқу бағдарламасы оқушыларға қажетті функционалдық сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дарытады. Осы жылдан бастап санаттар арасындағы алшақтықтар арттырылып, мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін санаттардың жаңа кестесі жасалады. Яғни, мұғалімдерге санаттылық халықаралық стандарттарға сәйкес, әлемде қолданып жүрген ұлттық біліктілік тесттері арқылы беріледі. Осы арқылы мұғалімдерді өздерін ұдайы жетілдіруіне ынталандыратын болады.
Үштілділік мәселесі де күн тәртібінен түспейді. Елбасымыз атап өткендей: «Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде». Әлемдік тілдерді білуінің арқасында біздің жастарымыз елімізде және әлемнің кез келген елінде өмір сүріп, жұмыс істей алады. Жалпы алғанда Жолдаудан туындайтын мақсат пен міндеттерді орындау жолында аянбай еңбек етуіміз қажет.
Баймырза ҚОЖАМБЕРЛИЕВ,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Қызылорда облысы бойынша
ПҚ БАИ кафедра меңгерушісі,
философия ғылымдарының докторы