«А»ӘРПІНЕН АДАМШЫЛЫҚ ҮЙРЕТКЕН...
Ұстаз деген ұлы есім. Ол даналық пен білім дәнегін себетін үлкен бағбан. Қазақтың қай қаһарманын алып қарасаңыз да, тіпті заңғар тұлғалардың өзі ұстазын ұлықтаған. Дана жұртымызда «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөз бар. Қандай тауып айтылған сөз десеңізші!
Байқоңыр қаласындағы алтын ұя мектебімізмен қоштасқалы біршама есейе түскендеймін. Сол білім қабырғасында соғылған күміс қоңыраудың сыңғырын сағынғанымды жасырмаймын. Қимас естеліктермен есте қалған жылдар шеруі үлкен өмірге жолдама болды. Болашаққа бағыт-бағдар беріп, жарқын жетістіктерге нұсқаушы болды.
Алғаш қаріп танып, қоғамға өз көзқарасыммен қарауға ықпал еткен аяулы жанды ешқашан ұмытқан емеспін. Қараңғылықтан саңылау тауып, жарық сыйлаған жанды ұмыт қалдыру – құрметке лайықсыз іс деп білемін. Алғаш армандарыма қанат байлап, ұстаздық жолды жалғасам деген үлкен үмітке үгітші болған жанның есімі – Баршагүл Жұмабекқызы.
Қазіргі таңда ұстазым Баршагүл Жұмабекқызы Байқоңыр қаласындағы №272 мектепте мәртебелі қызметін жалғастыруда. Ал менің алтын ұя мектебімді бітіріп, арман қуып облыс орталығына келгеніме де биыл 3 жыл өтіпті. Көкірегіме білім нұрын құйған ұстаздарыма деген алғысым шексіз.
«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі», - депті ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин. Иә, дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Асылы, мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірімді абзал жандар.
«Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді.
Бағанасы биік білім ордасының бет бейнесі болған ұстаздардың қай-қайсысын алып қарасақ та, мақтауға да, мақтан етуге де лайықты! Мыңдаған шәкірттің жүрегінен жол таба білген жанның жүрген жолы мен үшін қашанда үлгі.
Жүзінен жылулық төгіліп тұратын ұстазымнан қазір алыстамын. Бірақ жақындық әлі суымады. Ол менің ұлағатты ұстазыма деген риясыз махаббатымның белгісі деп білемін. Жалпы, ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.
Назерке САҒЫНҒАН,
ҚМУ-дің 3 курс студенті
Қызылорда қаласы