ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ КЕЗДЕСУ
Қызылорда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Сыр елі және ХХІ ғасыр» ҚҚ-ның ұйымдастыруымен «Тұлғатану» жобасы аясында, Қазақ Ұлттық аграрлық университеті жанындағы «Рухани жаңғыру» орталығының директоры, т.ғ.д., профессор Хангелді Әбжановтың «Қазақстанның киелі жерлерін зерттеудің маңызы» атты жастармен кездесуі өтті.
Кездесуді облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Н.Мыңжас ашып берді. Шараның мәні мен мазмұнын айшықтап, жиналғандарға кездесудің мақсатын мәнеріне келтіре жеткізді. Айта кетейік, шараға Х.М.Әбжановпен қатар, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д., профессор Зиябек Қабылдинов қатысты. Алғаш болып сөз алған Зиябек Ермұханұлы «Тарих бүгіннен бастау алады», - деп, жастарды көне көз қариялардың аузында жүрген құнды деректерді қағаз бетіне түсіруге шақырды. Сонымен қатар білімнің салтанат құрған кезеңі екендігін ашып айтып, білім мен ғылым жолына шақырды. Ал Қазақстанның тарихынан сыр шерткен Хангелді Әбжанов жастармен қызықты мәліметтерімен, тың деректерімен бөлісті. 50 астам ғылыми еңбектің, 5 монографияның авторы Х.Әбжанов әр адам төл тарихын білу керектігін айтып, оны құрметтеуге шақырды.
-Тілсіз ешқашан тарих болмайды. Сондай-ақ тарихты жасаушы негізгі үш күш бар. Ең әуелі тарих халықтың қолымен жасалады. Екінші олардың даналығы негізінде, үшіншіден биліктің шешімімен қалыптасады, - деп, Қазақстанның киелі өңірлерінің тарихы мен ұлттық құндылықтарымыз төңірегінде де әңгіме қозғады.
Қазіргі заман ғылым мен технологияның қарыштап дамып, өте жоғары деңгейге жеткен шағы десек болады. Соған сай сана өркениеті өрістеп биіктеп барады. Бір анығы, адамның санасы, дүниетанымы жоғарылаған сайын қоғам да өзгереді. Осыған байланысты бүгінгі күні жастар арасында, елжандылықты қалыптастырып, бәсекеге қабілетті ұлт тәрбиелеуде еліміздің тарихын зерттеу, киелі жерлерін насихаттау алдыға қойылған бірден-бір мақсат.