«ОЙЫ ОЗЫҚ ЕЛ ҰТАДЫ»
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдаулары мен бағдармаларында заман талабын дөп басып танып, дүниедегі өзгерістер мен сын-қатерлерге қалай дайын болудың, әрі оларға лайықты жауап берудің жолдарын көрсетіп келеді. Оны адам капиталына басымдық бергенінен аңғаруға болады. Ал, адам капиталын ұстаздар қалыптастыратыны белгілі. Сөзсіз жаһандық тенденцияның бағыт-бағдарына жауап беретін бәсекеге қабілетті жастардың шығуы ұстаздардың біліктілігі мен біліміне тікелей байланысты. Осы ретте, қарашаңырақтың бірінен саналатын Жаңақорған ауданындағы №51 М.Қаратаев атындағы мектептің директоры Қалдыбек Ахметовтен оқу үрдісіне енген жаңалықтар жөнінде әңгімелескен едік.
– ХХІ ғасырда адам капиталынсыз жетістікке жету қиын екені белгілі. Оны жетілдірудің жолы қандай?
– Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында да, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында да, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде де адам капиталынан айналып өткен жоқ. Өйткені, адам капиталы бәрін шешетін заманға келдік.
Сондықтан білім беру саласы мамандарының алдына жаңа талап қойып отыр. Бүгінде білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту басты ұстанымымызға айналуы тиіс. Өйткені бұл сала заман көшінен, уақыт талабынан қалыс қалмауы тиіс. Өзгеріс қажет. Серпіліс қажет. Мектеп бағдарламалары да заман талабына сайма-сай жетілдіріліп, жаңаруы тиіс. Ал, бұл үшін балаларға дәріс беретін ұстаздардың өздері үнемі ізденіп, оқу-білімдерін жетілдіріп, озық тәжірибелерін бөлісуі қажет.
– Адами капитал сапасын әлемдік деңгейге қалай жетеміз?
– Дамыған АҚШ, Еуропа елдерінде мемлекеттік капиталдың 70-80 пайызын адам капиталы құраса, қалған бөлігі табиғи ресурстар мен жылжымайтын мүлік, өнеркәсіптік қорлардың үлесіне тиесілі. Себебі, дамыған елдер адам капиталы – негізгі байлық екенін әлдеқашан түсінген. Расында, адам капиталы болмаса, ел дамымайды. Өйткені адамның интеллекті, ақыл-ойы, білімі технологиялық прогрестің жаршысы болып табылады. Дамыған елдердің деңгейіне жету үшін ұстаздар бәсекеге қабілетті болуы тиіс.
– Бәсекеге қабілетті ұстаз қандай болуы тиіс?
– Халқымызда «ұстаздықтың ұлы жолында талмай еңбек еткен адам ғана өзінің биігін бағындыра алады» деген қағидасы бар. Осындай ұстанымды ұстанып, үнемі ізденіс үстінде білімін жетілдіріп, әлем тілдерін еркін меңгерген, ұлттық салт-сананы бойына сіңіре алған ұстаздардан тәлім алған жастар елді дамытуға үлес қоса алады. Бір сөзбен айтқанда, білікті де білімді ұстаздар жастардың бойына ұлтқа тән адамгершілік сипаттағы дүниетаным, өз мәдениетіне, әдет-ғұрып, салт-дәстүріне деген сүйіспеншіліктерін, ұлттық құндылықтардың болмыс-бітімін сіңіре алушылық қабілетіне ие болғаны жөн.
– Қазіргі кезде жиі талқыланатынның бірі – мұғалімнің кәсіби мәртебесі жайлы. Мұғалім мәртебелі болу үшін не істемек керек?
– Қай заманда адамның жанын емдейтін – мұғалімдерге аса құрметпен қарап, қадір тұтқан. Қазір де мұндай үрдіс жоқ емес. Бірақ, нарықтық қатынастар көптеген құндылықтарды, әсіресе, ұстазға деген сенімді, құрметті азайта түсті.
Шыны керек, ұстаздарға ата-аналардың барлық міндеттерін арқалатып қойдық. Яғни, әке-шешесі атқаруы тиіс жауапты жұмыстарды мұғалімнен талап ететін болдық. Бұл – ауыр жүк. Мұны ата-аналар да бөлісуі тиіс, әрі ұстаздарды өздері құрметтеп үйренгендері абзал. Сонда ғана ұстаздың қоғамда мәртебесі арта түседі. Оның үстіне, қазіргі талап бойынша ұстаздар ұстаздық қызметінен бөлек, қоғамдық жұмыстардың белсендісі болуы тиіс...
Әрине, ұстаз мәртебесі артуында олардың білікті, білімді болуы тиіс-ақ. Мұғалімнің бойында бала қызыға қарайтын, бала еліктейтін қасиеттер болуы тиіс. Себебі баланың ұстазына деген айрықша құрметі оның жақсы білім алуына тиімді әсер етеді.
Мұғалім мәртебесіне орай қозғалған ойымды түйіндесем, ұстаздарға әлемдегі өркениетті елдер аса құрметпен қарайды. Онда алдымен жағдай туғызады, содан соң сапалы білім мен саналы тәрбиені талап етеді. Өкінішке орай, бізде мұғалімдерге талап қою мен міндеттер жүктеу арасы алшақтау.
– Кеше Тұңғыш Президент «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында шығарылған кітаптарды таныстыру рәсіміне қатысып, 18 кітапты таныстырды. Әрі оқу бағдарламасына енгізуді тапсырды. Бұл кітаптар бізге не береді?
– Ойы озық ел ұтады десек, әлемнің білім жауһарлары ұлт ойын тереңдетіп, білімін шыңдайтыны сөзсіз. Өйткені, әлемнің озық елдері осы кітаптардан бағыт-бағдарын тауып, дамуға жол салды. Елбасы айтқанда, бұл кітаптар рухани жаңғыруға серпіліс беріп, жаңа биікке шығарады.
– Енді сіз басқарып отырған мектепке тоқталсақ. Немен мақтана аласыз?
– №51 М.Қаратаев атындағы мектеп қарашаңырақтың бірі. Мұнда Мұхамеджан Қаратаев, Бірлес Әлияров, Махмұтқали Қалдарұлы, Мұхтар Әлиев, Сұлтан Сартаев, Оңалбек Сәпиев, Мырзахмет Ауанов, Бексұлтан Байкенжеев, Адырбек Сопыбеков, Өмірбек Марсалиев, Нағызхан Жаманбаев, Қалила Омаров және т.б. білім алып, қанаттанды. Бүгінде сара жолынан жаңылмаған мектеп ұжымы жастарға тәлімді тәрбие, саналы білім беру жолында. Сондай жұмыстардың нәтижесінде аудандық пәндік олимпиадаларда олжа алған шәкірттер саны артып келеді. Республикалық, халықаралық спорттық додаларда ел намысын лайықты қорғап жүрген жастар шығуда...
– ҰБТ-ға дайындық қалай?
– Мектепте оқушы саны – 838. Мұғалім саны – 103. 11-сыныпта 43 оқушы болса, соның 21 ҰБТ қатысуға ниет білдірді. Осыған дейін 18 рет тест сынағы өткізілді. Қазіргі көрсеткіш – 72,1. Оның бірнеше айда 80-85 балға жеткізуге жұмыс жасалуда. Сабақтан тыс уақытта кесте арқылы 16.00-ден 20.00-ге дейін дайындық жұмыстары жүруде. Аудан әкімінің қолдауымен, аудандық білім бөлімі басшысының ұйытқысымен «Тау самалы» лагерінде білікті ұстаздар оқушыларды тестке дайындауда. Бұған да біздің оқушылар белсенді қатысып, білімін жетілдіруде...
– Ұстаздық жолға қалай келдіңіз?
– Әкем Досман Аққұм бекетіндегі бастауыш сыныптың негізін қаласып, сонда 40 жыл мектеп басқарған. Бала кезімізден әкеміздің ұстаздық тұлғасына еліктеп өстік. Сондықтан ұстаз болмауым мүмкін емес еді.
– Яғни, ұстаздар династиясының өкілімін дейсіз ғой!
– Әрине, солай айтуға толық негіз бар. Қоңырат деген ағамның да ұстаздық тәлімі бар. №125 және №163 мектепте директордың орынбасары болды. Әпкем Құралай мен Құрбанкүл де ағартушылар. Інім Камал да Қожакенттегі №184 негізгі мектепте директор болды. Қазір денсаулығына байланысты ұстаздық қызметте. Ұлым Нұржан №168 И.Әбдікәрімов атындағы мектепте директордың орынбасары қызметінде. Әйелім Гүлнар да, қызым Алтыншаш та педагогтер. Одан бөлек, жеңгелерім мен келіндерім де ұстаздық жолда табысты еңбек етіп келеді.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ