«100 ЖАҢА ОҚУЛЫҚ»: БОЛАШАҚҚА ЖАРҚЫН БЕТБҰРЫС
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында келешек жастардың білім алуына алдыңғы қатарлы мемлекеттердің озық тәжірибелерін оқыту үрдісі енгізілді. Ол – «Гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы. Жобаның мақсаты – гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша әлемдегі таңдамалы оқулықтарды қазақ тіліне аударып, жастарға жаңашыл бағытта білім беру. Бұл бастама 2018-2019 оқу жылында студенттердің оқу бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады.
Білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау – болашаққа жасалатын ең басты бағдар десек, онда әлемнің үздік 100 оқулығын қазақ тілінде сөйлету өте тиімді әдіс деп қарауға тиіспіз. Әсіресе, жоба жастарға тың серпін береді. Ең бастысы, жастардың жаңа оқулықтағы бағыт-бағдарын дұрыс бағамдай алса болғаны. Себебі, технологияны меңгерудегі әлемдік озық тәжірибенің бағыты айқын. Бір сөзбен айтқанда, 100 жаңа оқулықтың қоғамдық сананы жаңғыртудағы рөлі ерекше.
Әлемнің озық деген оқулықтарын аудару арқылы біз білім, ғылым саласындағы озық ойды жастардың санасына сіңіп, алдыңғы қатарлы мемлекеттермен тең ойлай алатын, бәсекелесе білетін ұлтты қалыптастырамыз. Енді жаңа оқулыққа енген кітаптарға тоқтала кетейік.
Аударылған оқулықта әлеуметтану, мәдениеттану, тіл білімі, антропология, менеджмент, философия, психология мен экономика ғылымы және т.б. қамтылған. Жуырда жарық көрген 18 оқулықтың ішіндегі Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция» атты туындысы ерекше көзге ілікті. Бұл Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауымен үндеседі. Оқулық мағынасында қазіргі технологиялардың адамзат өміріне алып келетін түбегейлі өзгерістері туралы баяндалған. Яғни, жасанды интеллектінің, роботтандыру, робот-автомобильдердің, 3D басып шығару, нанотехнология, биотехнологияның дамуы және тағы да толып жатқан ғаламдық процестердің пайда болуын алдын ала болжап, оны адамзат игілігіне жарату жолдарын қарастырыпты. Сондай-ақ, автор «Төртінші индустриялық революция» кітабында бірқатар экономикалық процестерге жан-жақты баға беруге тырысады. Өйткені, экономикалық даму – қоғамдық дамудың қозғаушы күші.
Жалпы, технологиялық мамандықты жаңақорғандық жастарға оқытудың маңыздылығы жоғары. Себебі, бізде өндіріс зауыттарының саны жетерлік. Әсіресе, Шалқия кенішінің кемелденіп, кәсіби кадрларға деген сұраныс арта түседі. Қазірдің өзінде мамандар өзге өңірлерден келіп жұмыс жасауда. Геологтар, инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары мен лабораторияда жұмыс істейтін кәсіби мамандарға көзқарас бөлек. Мұндай салада білім беруде өзге өңірлермен қоса аудандағы агро-техникалық колледждің де қауқары жетеді. Осы ретте, «100 жаңа оқулық» аясында аударылған кітаптарды колледждің оқу бағдарламасына енгізу арқылы білікті кадрлар даярлаймыз. Себебі, әлемнің озық елдері осы кітаптардан бағыт-бағдар алып, өркендеудің жолын тапты. Ендеше, бұл кітаптар рухани-мәдени және кәсіби тұрғыда жетілумізге шабыт беретіні анық.
Қорыта айтқанда, жаңа жобаның жемісін алдағы уақытта көретін боламыз. Елбасының сарабдал саясаты мен ұлт жолындағы ұстанымдары болашаққа бағдар көрсетумен қатар алдағы рухани дамуымыздың өзегіне айналарына сенім зор.
Мадияр АХМЕТОВ,
Жаңақорған агро-техникалық колледжінің директоры