ЖАҚСЫ НӘТИЖЕ ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН КЕЛЕДІ
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен облыстық әкімдіктің кезекті аппарат мәжілісі өтті.
Алдымен аймақ басшысы бірқатар кадрлық өзгерістермен таныстырып өтті. Облыс әкімінің келісімі бойынша ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының өкіміне сай бұған дейін облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы қызметін атқарып келген Серік Сермағанбетов «Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы лауазымына тағайындалды.
Облыс әкімі Сермағанбетовтің қызмет жолында өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келе жатқанын атап өтті. Жұмылдыру дайындығы басқармасындағы жүргізген жұмыстары үшін алғысын білдірді. Қазіргі уақытта еңбек ұжымдарының заңды құқығы мен мүддесін сақтау, жұмыс орындары мен еңбекақыны қысқартуға жол бермеу жөнінде маңызды мәселелер бар. Сондықтан, С.Сермағанбетов өзінің жинақтаған тәжірибесі арқылы кәсіподақтар жұмысына тың серпін әкелетінін айтып, сала басшыларын оған қолдау білдіруге шақырды.
Асылбек Шәменов облыс әкімінің өкімімен облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды. Қаладағы болып жатқан жақсы жаңалықтардың басы-қасында жүріп үлкен тәжірибе жинақтағандықтан, ол кезекті жауапты қызметке тағайындалып отыр. Сол секілді, Қызылорда қаласы әкімдігінің аппараты басшысы қызметін атқарып келген Еркін Тұрабаев облыс әкімдігі аппараты басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды. Аймақ басшысы жаңа қызметке кірісіп отырған азаматтарға сәттілік тіледі.
Мәжілістің күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – Ұлттық цифрлық телехабарларды таратуды ілгерілету туралы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдын Қайруллаев хабарлама жасады.
Қазіргі таңда республика көлемінде эфирді ұлттық цифрлық телехабар таратуға ауыстыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Осылайша, тұрғындарға отандық телеарналарды ақысыз цифрлық сапада тамашалау мүмкіндігі берілуде. Нақтырақ айтқанда, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің жоспарына сәйкес, екінші кезеңде Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Қызылорда, Алматы облыстарын 2019 жылдың 1 шілдесіне дейін цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшіру көзделуде.
«Казтелерадио» АҚ ақпаратына сәйкес облыста 114 205 абонент ұлттық цифрлық телехабар тарату қызметіне қосылған және бұл облыс тұрғындарының 84 %-ін құрап отыр. Облыс көлемінде жүргізілген талдамалық көрсеткіштер бойынша Байқоңыр қаласында ұлттық цифрлық телехабар тарату қызметіне қосылған тұрғындар саны – 27 %, яғни, қала, аудандар бойынша ең төменгі көрсеткіш.
Басқарма басшысы өз хабарламасында жаңа тұрғын үйлерге ұлттық цифрлық телехабар тарату жүйесінің ұжымдық қабылдау құрылғысын орналастыру талаптары да толық орындалмай жатқанын айтып өтті. Сонымен қатар, ҚР Үкіметінің «Атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алушылар болып табылатын жеке тұлғаларды телевизиялық абоненттiк жалғамалармен қамтамасыз ету қағидаларын бекiту туралы» қаулысы негізінде Қызылорда қаласының әкімдігі 2017 жылы жергілікті бюджеттен қаржы бөліп, атаулы әлеуметтік көмек алатын 75 тұрғынға «Отау ТВ» құрылғысын орнатса, басқа аудан әкімдіктері бұл мақсатта мүлдем қаржы қарастырмағаны айтылды.
Облыс басшысы бұл әлеуметтік-экономикалық емес, саяси мәселе екеніне назар аударды. Біз ішкі саясатымызды дербес жүргізетін мемлекетпіз, өзіміздің құндылықтар, өзіміздің ішкі саясатымыз бар. Сол себепті ұлттық цифрлық телехабарлармен толық қамтылуы тиіс. Бұл салада ең төменгі көрсеткіш Байқоңыр қаласына тиесілі. Сондықтан нақты жұмыстар жүргізілуі қажет.
– Біз ғарыш айлағын жалға бергенмен, қазақстандық азаматтарды жалға берген жоқпыз. Олардың ділі, саяси көзқарастары тәуелсіз мемлекеттің ішкі саясатына сәйкес болуы керек. Олар ең бірінші ақпаратты өзіміздің ұлттық телеарналардан алуы қажет, – деді облыс әкімі.
Сонымен бірге облыстық құрылыс басқармасы басшысына жаңа үйлерде телехабарларды қабылдау қондырғыларының орналастырылуына бақылау жасауды, аудан әкімдеріне әлеуметтік отбасыларына көмек көрсетуді тапсырды.
Мәжілісте сауда базарларын жаңғырту мәселесі де талқыланды. Ол туралы хабарлама жасаған облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Бақытжан Намаев бүгінде облыс аумағында 40 сауда базары тіркелгенін, оларда 7243 сауда орны бар екенін жеткізді. Тауарларды өткізу сипатына байланысты олардың 24-і әмбебап, қалған 16-сы мамандандырылған базар болып есептеледі. Айта кетейік, олардың ішінде, бүгінгі күнге 2 базар жұмыс жасамай тұр: «Арзан» коммуналдық базары және «Сұңқар и К» мал базары.