СЫР ӨҢІРІ ҚАСИЕТТІ ЖЕРЛЕРІНІҢ ГЕОГРАФИЯСЫ ҚЫЗЫЛОРДА-ҚАРАТАУ БАҒЫТЫ
Қызылорда – Бәйгеқұм ауылы – Оқшы ата қорымы – Шиелі – Көккесене – Төменарық – Жаңақорған – Қыркеңсе ауылы – Төлегатай-Қылышты ата кесенесі – Қорасан баба қорымы – Сунақ ата ауылы – Сығанақ кешені – Еңбекші ауылы – Сауысқандық жартас суреттері.
Қамтылатын нысандарға сипаттама берейік.
Жеті әулие немесе Оқшы ата қорымы. Мұнда қазақтың жеті әулиесі, сөзге шешен датқалары, батырлары жатыр. Атап айтқанда, Бала би, ¬Есабыз, Ғайып ата, Қыш ата, Асан Қайғы, Оқшы ата, Досбол датқа кесенелері орналасқан.
Көккесене – орта ғасырлардан орны сақталған архитектуралық ескерткіш, Cырдария өзенінің жағасына тұрғызылған сәулетті күмбез. Мамышбектің (Алып Мамыш, Алпамыс) жұбайы Баршын сұлудың (Гүлбаршын) қабіріне салжұқтар заманы сәулет өнерінің үлгісімен биік мұнаралы етіп салынған.
Төлегатай-Қылышты ата кешені. Төлегатай баба Сүйінішұлы (шамамен 15-ғасырда өмір сүрген) – тарихи тұлға. Найманның (Ақсопының) шөбересі.Төлегатай баба өз заманында қол бастаған батыр, елдің қамын жеп, бірлігін ойлаған қайраткер болған. Мазары Қылышты ата әулиенің қорымында. Қылышты ата – аруақты адам болған, ХІ-ХІІ ғасырларда өмір сүрген. Қайта жаңғыртудан өткен кешен – дайын туристік нысан.
Қорасан баба қорымы. Әбдіжәлил баб – Әли Абу Тәліптің (Әзірет Әлінің) жетінші ұрпағы, Хазірет имам Хұсайын әулетінен. ХVІІІ ғасырдың 2-жартысында Йеменде патшалық құрған. Әбдіжәлил баб пен оның ұлы Хұсайын баба жатқан жер «Қорасан әулие» аталып, бірнеше ғасырдан бері зиярат ету орнына айналып келеді. Олар жайлы ел аузында таңғажайып аңыздар сақталған.
Сығанақ қалашығы – Қыпшақ хандығының (ХІ-ХІІІ ғасырлар), Ақ Орданың (ХІV-ХV ғасырлар), Қазақ хандығының (ХV-ХVІ ғасырлар) астанасы. Ұлы Жібек жолының маңызды бір тармағының бойында орналасқан Сығанақ қаласы Шығыс пен Батыстың көптеген ірі қалаларымен сауда, экономикалық, саяси және мәдени байланыстарда маңызды рөл атқарды. Сығанақ қалашығымен қатар Сунақ ата кесенесін, Сығанақ мешіт-медресесін тамашалауға болады.
Сауысқандық петроглифтері. Қаратаудың Сауысқандық, Бала Сауысқандық тауларының Күркіреуік өзенінің оң жағалауындағы қыратта және Сауысқандық өзенінің оң жағалауында орналасқан. Тарихы қола дәуірінен басталып, ортағасырларға дейін созылған петроглифтер сюжеттерінің ішінде Қаратау мен іргелес аудандардың фаунасы мен мекендейтін жан-жануарларды бейнелейтін зооморфты бейнелер басым. Жартас суреттерінің арасында антропоморфты бейнелерді, арбалар, аңшылық сюжеттерін, солярлық таңбаларды, «күн басты» тіршілік иелерін кездестіруге болады.
(жалғасы бар)
Әзілхан ТӘЖЕКЕЕВ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ
«Археология және этнография»
ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі
тарих ғылымдарының кандидаты