ШАЛҒАЙ АУЫЛДАР МОБИЛЬДІ БАЙЛАНЫС ЖӘНЕ ИНТЕРНЕТ ЖЕЛІСІМЕН ҚАМТЫЛАДЫ
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында әлемдік өркениет жолында жаңа технологиялық қалыпқа бейімделіп, таяу жылдарда табысқа жетудің орайлы 10 міндеті көрсетілді. Соның бірі – «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру.
Жолдаудың өзегі – өнеркәсіпті технологияландыру және цифрландыру. Қазақстан халқын сапалы, үздіксіз және 4G мобильді байланысымен қамту. Бұл орайда Жалағаш ауданында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға негізделген бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр.
Бүгінгі таңда ауданға қарасты Аққыр, Жаңадария, Жаңаталап, Далдабай, -Мырзабай ахун, Жаңақоныс елді мекендері сымсыз EVDO байланысы арқылы интернет желісіне қосылған. Дегенмен, байланыстың бұл түрі пайдаланушылардың интернетке деген сұранысын толық қанағаттандырмайды. Осыған байланысты биыл 4G мобильді байланысын тарату қолға алынбақ. Бұл ретте ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «КаzSat» ғарыштық байланыс жүйесі ауылдық елді мекендерді кеңжолақты интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз етуді 2021 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруда. Соның ішінде, «Цифр¬лық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының бірінші кезеңінде Мырзабай ахун, Аққұм, Аламесек, Жаңадария, Жаңаталап, Мақпалкөл ауылдарын жердегі талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы, екінші кезеңінде Аққыр ауылы мен Далдабай, Жаңақоныс елді мекендерін LTE-800 мобильді байланыс желілері арқылы интернетке қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, аталған бағдарламаның үшінші кезеңінде «KazSat» сериялы байланыс спутниктері арқылы Жалағаш кенті, Ақсу, Бұқарбай батыр, Мәдениет, Таң, М.Шәменов, Қаракеткен, Еңбек ауылдарын кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету қарастырылған.
- Жалпы, халықтың компьютерлік сауаттылығын арттыру үшін биыл 1761 адамды білім беру ұйымдарының базасында оқыту көзделіп отыр. Болашақта жаңа технологияның тізгінін ұстайтын жастар. Сондықтан оларды мектеп қабырғасынан бастап қарыштап дамып бара жатқан ғылыми прогреске ілесуге даярлауымыз қажет. Бұл бағытта білім беру саласы бойынша аудандағы 20 мектеп түгел интернетке қосылған. Сондай-ақ, кеңжолақты интернетті пайдалану үшін 16 мектепте 26 интернет нүктесі орнатылды. Бүгінде жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес ауданның 11 мектебі «Электронды күнделік» жүйесіне қосылып, нәтижелі жұмыс жүргізілуде, - дейді Жалағаш ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаев.