ШЕШЕНДІК СӨЗДІҢ СҰҢҒЫЛАСЫ
Кімге де шыр етіп, жарық дүние есігін ашып, кіндік жуған мекені аса қадірлі де қасиетті саналады. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша інкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деп толғанады. Осындай перзенттік парызын адал өтеп, өскен ортасына деген сүйіспеншілік сезімін сөндірмей, адам деген ардақты атқа дақ түсірмеген аға буын өкілдері арасында Тілеп Қорабайұлының шоқтығы биік. Ұлы Отан соғысының қанкешті күндерін бастан өткеріп, сұрапыл аяқталғаннан кейін жабырқаған елдің жағдайын жақсартуға маңдай терін төге атсалысқан азаматтың жарқын істері бүгінгі ұрпаққа ел мен жерді қастер тұтудың өшпес үлгісі екені даусыз.
Тілеп Қорабайұлы Қазалы ауданының №11 Сарытөбе ауылдық кеңесінде туған. Бала кезінен зерек те, білімге құштар ол 1936 жылы Қызылорда қаласындағы екі жылдық педагогикалық курсқа түседі. Ойдағыдай аяқтасымен айдынды Арал теңізі жағалауындағы «Ұялы» орта мектебінде мұғалімдік еңбек жолын бастайды. Екі жылдай шәкірттер тәрбиелеп, мамандығына машықтанған мезгілде, 1940 жылдың күзінде әскер қатарына алынады.
Ресейдің Брянск қаласында Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жас неміс- фашист басқыншыларының Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының шекарасына тұтқиылдан шабуыл жасағанын естігенде, төбесінен жай түскендей есеңгіреп қалды. Сосын жігерін жанып, қаруластарымен бірге ел шебін қорғау жорығына араласты. №130 гвардиялық атқыштар дивизиясы сапында кіші лейтенант шенімен взвод командирі болып, Орел, Железноводск, Курск, Сумы, Латвияның Даугавпилс сияқты қалаларын жау қолынан азат етуге қатысты. Оқ пен оттың ортасында талай жүрек толқытып, бой түршіктірер ауыр оқиғаларды бастан өткерді. Алайда «От ішінде бір мақтаны сақтайды» дегендей жеңіл жарақат алып, бойтұмарына балаған Қазалы жеріне сағынышпен оралды.
Өн бойында өлең-жырға деген қабілеті мол Тілеп иығына қару асынып, от-жалынның ортасына жүргендегі көңіл-күйін қағаз бетінде шумақ етіп түйіндеуге уақыт таба біліпті. Оның майдан даласынан жазған «Елге хат» атты өлеңіндегі:
«Қош сау бол жолыққанша ата-анам,
Қолыма қағаз бенен алдым қалам.
Мені ойлап, уайымдап болма қапа,
Жолына Отан қорғау кетті балаң», – деген жолдарды оқи отырып, қысталаң шақтың қасіретін айқын сезінесің.
Отан үшін мұз жастанып, қар жамылып, Жеңіс күнін жақындатуда табандылық пен ерлік көрсеткен майдангер Ұлы Отан соғысының І дәрежелі ордені, «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында фашистік Германияны жеңгені үшін», Кеңес Одағының маршалы Г.Жуков атындағы, сонымен бірге Жеңістің 25, 30, 40, 50 жылдығы мерекелік медалін, «Еңбек ардагері», тағы басқа да медальдарын кеудесіне тақты. Ардақты ардагерлер қатарында шынайы құрметке бөленді.
Зобалаң жылдың зардабын тартқан жан бейбіт өмірде де қоғам тірлігімен біте қайнасып, түрлі саланың бел ортасынан көрінді. Қазалы қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, қаладағы мектеп-интернаттың меңгерушісі, «Қаракөл» ауылындағы бастауыш мектепте мұғалім болып істеді. Бұдан соң Қазалы ауданындағы артельдің жабдықтау бастығы, аудандық тұтынушылар одағында, Ақөзек селолық тұтынушылар қоғамында, аудандық шикізат дайындау мекемесінде, Қазалы қаласындағы тамақ өнімдерін өндіру комбинатында, аудандық тұтынушылар одағы жанындағы қоғамдық тамақтану мекемесінде шаруашылық меңгерушісі, дайындаушы, қойма меңгерушісі қызметінде болып, 1981 жылы зейнеткерлік демалысына шықты.
Естігенін көкірегіне тоқып алатын қазыналы қария міндетті ісін адал атқара жүріп, өлең шығарып, бұрынғылардан жеткен шешендік сөздерді дәріптеуді естен шығармады. Сыр сүлейі Қарасақал Ерімбет нұсқасымен жазылған Кіші жүз шежіресін жатқа соғып, халық арасында насихаттауға қызығушылық танытты. 1980 жылдары аудандық мәдениет бөлімі жанынан ашылған «Шежірешілер» үйірмесінің белсенді мүшесі атанып, алға басуына көмектесті. Көпшілік ортада жоғарыдағы айтылғандай ұлттық құндылықтар туралы көсіле айтып, жиналғандарға рухани азық сыйлады.
Тәкеңнің үлкен ұлы, бүгіндері аудандық жұмыспен қамту орталығында қызмет істейтін Сағидулла: «Біздің әкей соғыстан бұрын әскер қатарында жүргенінде танысқан Жамбыл облысы, Сарысу ауданының тумасы Балтабай Адамбаев туралы жиі айтып отыратын. Жауынгерлік жолдың соқтықпалы-соқпақты асуларынан аман өткен қарулас достардың қарым-қатынасы өмір бойы үзілмеді», – деген сыр ұштығын шығарды.
Тілге тиек етіліп отырған Балтекең соғыс кезінде Ташкенттегі Фрунзе атындағы әскери академияның тактика және атыс жоғары курсын лейтенант дәрежесімен бітіріп, атқыштар бригадасының құрамында ротаға басшылық еткен. Соғыстан соң Жамбыл облыстық тұтынушылар басқармасында істеп, мектепте ұстаздық етеді. Қазақтың мемлекеттік университетін бітіріп, филология ғылымының кандидаты атанады. Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында ұзақ жыл ғылыми қызметкер болып істеген. Қазақ халқының ауыз әдебиетінің оның ішінде халық даналығы – шешендік сөздер мен мақал-мәтелдерді зерттеумен шұғылданған.
1973 жылдың көктемінде Алматыдағы аталған іргелі өнер институтының ғылыми қызметкерлері Балтабай Адамбаев пен Мардан Байділдаев Қазалы жеріне ат басын бұрып, Тілеп Қорабайұлының отбасында қонақта болады. Сонда Ұлттық мәйегіміздің жанашырына айналған азаматтар өңірдегі ауыз әдебиетінің мол мұраларына Тілеп ақсақал арқылы кеңінен қанығады. Оның ауызекі баяндаған, сонымен бірге кейбір жазып берген деректері Б.Адамбаевтың «Халық даналығы», «Ел аузынан», «Тозған қазды топтанған қарға жейді», «Шешендік сөздер» сияқты кітаптарында жарық көріп, оқырмандардың кәдесіне жаратылды.
Кеңестік кооперация саласының ардагері Жиенбай Жұмағазиевпен пікірлескенімізде: «Марқұм Тілеп ағамыз аудандағы абыз ақсақалдардың бірі еді. Қай орында да міндетті қызметін адал атқарды. Ол кісі бұрынғылардан жеткен ұтырлы, ұтымды даналық сөздерді көп білетін құйма құлақты, сұңғыла жан болды. Бірге қызмет істегенімізде талай мәрте әсерлі әңгімелерін тыңдадық, тірлігімізге қажетті тағылым алдық», – деп ақжарма көңілмен ақтарыла сөйледі.
Сахи ҚАПАР