ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫ – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРДІҢ БАСТАЛУЫ
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің даму жолындағы атқарылатын міндеттерге жыл сайын Жолдауларын арнап келеді.
«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында келешектің кілті білімде екенін баса айтты. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуы тиіс.
Мемлекет басшысы «Қайтсем елімді өркендетіп, халқымның әл-ауқатын жақсартамын, оның біліми, кәсіби, интелектуалды және рухани әлеуетін нығайтып, қарқынды дамыған елдердің қатарына қалай қосамын» деген перзенттік борышы, Елбасы ретіндегі мемлекеттік саясаты мен ұстанымынан туындаған, Қазақстанның болашағын жарқын етіп, абыройын асқақтатуға бағытталған құжаттың бірі бұл. Сондықтан Елбасының 2018 жылғы Қазақстан халқына Жолдауын «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктеріне» арнауының өзі де кездейсоқ емес. Оның себебі – қазіргі заманның танымастай болып тез қарқынмен өзгеріп бара жатқандығында.
Елбасы Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мәселесін қарап, табысқа жетудің көзін табу үшін не істеу қажеттігін айқындап берді. Оның биылғы Жолдауында маңызды он мәселе қамтылып, өзекті сұрақтарға жауап берілді. Бұл жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты деп заманның дамуына ілесе отырып, ғылым-білімді жеделдетіп меңгеруге серпін берді. Жаңа технологияны күнделікті кеңінен қолдану – жан жақты тиімді шараларды талап ететін жұмыс. Жолдауда айтылған білім берудегі бәсекелестікті арттыру келешекте оқу орындарының жұмысын әрі қарай дамытады. Ғылыми-зерттеу саласы қарыштап дамиды.
Жалпы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған кез-келген мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаттары айқын. Ол – елімізді жаңа сатыға көтеру, инновациялық мүмкіндіктерді пайдалану арқылы халықтың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын жақсарту, заманға лайық сапалы білім беру, ғылым мен экономиканы, аграрлық өндірісті жаңа заман талаптарына бейімдеу, адами капиталды дамыту сынды маңызды мәселелердің шешілуін көздеген нақты тапсырмалар халықтың ойынан шықты. Жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан Жолдаудың қазіргі таңда маңызы зор. Экономиканың негізгі қозғаушы күші өндірістік-технологиялық сала өркендейді. Елдің әлеуметтік ахуалы түзелген жағдайда бәсекелес орта қалыптасады. Қазір елімізде жастарға шет тілін меңгеруге барлық мүмкіндік бар. Ғылым мен білім кең қанат жайған халықаралық тілдерді меңгерсе, елдегі білім сапасы артады. Цифрлы білім беру ресурстарын дамыту арқылы оқытудың жаңа сатысына көтерілеміз.
Бұл – дер кезінде көтеріліп жатқан мәселелер. Қазақстан егемендік алған жиырма жеті жыл ішінде көптеген қиын-қыстау кезеңдер мен реформалардан сүрінбей өтті. Соның бір үлкен дәлелі – өткен жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жобасының жүзеге аса бастауы. Бұл дегеніміз – елдегі жағдайдың көтеріліп, экономиканың түзеліп, рухани интелектіні көтеру жолына түскеніміздің белгісі.
Президенттің айтқан әрбір бастамасы үлкен жобалардан тұрады. Бұл тұрғыдан біз Жолдауды қоғамда мұқият талдап, түсініп алуымыз керек. Жолдауда айтқан негізгі он бағыт бойыша әр салада жүйелі жұмыстар жүргізілсе құба-құп. Білім беру саласындағы ең маңызды міндет – адами капиталды дамыту. Сапалы білім беру, рухани құндылықтарды дәріптеу – тұлға қалыптастырудың негізі. Сол себепті, жан-жақты білімді кадрларды дайындау үшін еңбек етеміз. Экономика, әлеумет, білім – ғылым, өндірісті дамытатын негізгі күш – білікті кадр. Білімді маманы бар ел ғана бәсекеге қабілетті бола алады. Қазақстанның қарыштап дамуы – білімді мамандардың қолында.
Н.Назарбаев білім берудің жаңа сапасына қол жеткізу керектігіне үлкен мән беріп, балалардың және жасөспірімдердің ерте дамуына оларды әлеуметтендіру бағдарламаларының бірыңғай стандарттарын енгізу қажеттігі туралы жазады. Сонымен бірге орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшуді қамтамасыз ету үшін, яғни халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи, жаңа оқу бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар мен кадрлардың керектігіне арнайы тоқталады.
Бұл – Төртінші өнеркәсіптік революцияны іске асыратын ұрпақтың жаңа буынын тәрбиелеу процесінің мақсатты түрде жүргізіле бастағанының айғағы. Педогогтардың қоғамдағы ролін көтеру мен жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңыздылығына, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңартуға, «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажеттігіне Жолдауда көп көңіл бөлінген. Барлық негізгі мамандықтар бойынша заманауи стандарттар әзірленіп, солардың талаптарына сәйкестендіріліп, білім берудің жаңа бағдарламаларының жасау қажеттілігі де ескерілген.
Жұмыс берушілерді тарту арқылы және халықаралық талаптар мен цифрлық дағдыларды ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту мүмкіндіктерін міндеттеді. Яғни Елбасы бір сөйлеммен кәсіптік-техникалық білім берудің мазмұнын жаңаша жаңалауды тапсырды. Осы орайда И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанындағы «Кәсіпқор Холдингі» коммерциялық емес акционерлік қоғамымен бірлесе отырып, шетелдің озық технологиясының қазақстандық үлгісінде жаңа оқу бағдарламаларын жасады. Нәтижесінде колледждің 2 мамандығы 0902000 – «Электрмен қамтамасыз ету», 1304000 – «Есептегіш техника және бағдарламамен қамтамасыз ету» интеграцияланған жаңа үлгідегі оқу бағдарламалары бойынша сынақ алаңына енгізілді.
Білікті мамандар даярлауда, материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында колледж 2016 жылдан бастап Қазақ Ұлттық аграрлық университетімен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойып, оқу-ғылыми-өндірістік орталығы ұйымдастырылды. Серіктес мекемелермен жұмысты күшейту мақсатында колледжде индустриалдық кеңес жұмыс жасайды. Бұл кеңестің мақсаты – өндіріс талаптарына сай білім беру бағдарламаларын өзектендіру, яғни шынайы өндіріске оқу орнының бағдарламаларын бағыттау, өндіріс орындарымен серіктестік қарым-қатынастарды дамыту, жаңа үлгідегі оқу бағдарламаларын жасауға серіктес мекемелерді қатыстыру.
Кәсіби мамандарды даярлауда Қазақстан Республикасының жалпыға міндетті мемлекеттік стандартын жүзеге асырудың негізгі талабы – ғылым мен білімді тәжірибемен ұштастыру. Теория мен тәжірибені ұштастыру негізінде студент оқу бағдарламасын жақсы меңгеріп қана қоймай дайын маман болып шығары анық. Заман көшінен қалыспай, облысымыздың экономикалық ерекшеліктеріне ауылшаруашылық мамандарының қажеттілігін ескере отырып, «Агрономия» мамандығын дуалды оқытудың экспериментальды алаңына енгізілді. Дуалды оқытудың негізгі бағыттарының бірі – әлеуметтік серіктестік. И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі осы мамандық бойынша 5 мекемемен келісім-шартқа отырған.Солардың бірі –Ы.Жахаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты. Нәтижесінде мекемемен және білім басқармасымен біріге отырып жұмыс оқу бағдарламасы,оқу жоспарлары дайындалды. Әлеуметтік серіктестік тек қана облыс көлемінде ғана емес, республикалық деңгейде жақсы жолға қойылған. Атап айтқанда Алматы қаласындағы Қазақ Тағамтану Академиясының жанындағы «Амиран агро» ауылшаруашылық кешені, Шымкент қаласындағы ЖШС «Еврокристалл» шыны зауытымен әлеуметтік серіктестік орнатып,студенттер тәжірибеден өтуде.
Сонымен қатар И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық колледжі «Кәсіпқор Холдингі» коммерциялық емес акционерлік қоғамымен бірлесе отырып, тығыз жұмыс жасауда. Сонын бір айғағы өткен 2017 жылдың 14 қарашасында «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің интеграцияланған білім беру бағдарламалары негізінде Қазақстан Республикасының экономика салаларына білікті мамандарды дайындау» тақырыбында аймақтық семинар-практикум өткізілді.
Семинар практикумның мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында, модульді – құзіретті тәсілде негізделген, интеграцияланған білім беру бағдарламаларын іске асырудағы озық педагогикалық тәжірибені қорыту, жаңартылған білім беру технологияларын оқыту процесіне енгізудің практикалық тәжірибесімен алмасу, бизнес және білімді интеграциялау негізінде Қазақстан экономикасы салаларына кадрлар даярлауда әлеуметтік әріптестіктің рөлін арттыру.
Нақты кезеңде И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі 25 мамандық бойынша мамандар даярлайды. Мамандық бойынша оқу бағдарламалары жұмыс берушілермен студенттердің пікірін ескере отырып, жасалынды. Елбасы Жолдауының 100 нақты қадам – ұлт жоспары негізінде жасалынған, біліктілігі жоғары мамандарды даярлауды қамтамасыз ету мақсатында 10 базалық колледждің бірі –
И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі.
2016-2017 оқу жылынан бастап «Кәсіпқор»Холдингі» коммерциялық емес Акционерлік қоғамы ұсынған 0902000 – «Электрмен қамтамасыз ету», 1304000 – «Есептегіш техника және бағдарламамен қамтамасыз ету» мамандықтары интеграцияланған жаңа үлгідегі оқу бағдарламалары бойынша сынақ алаңына енгізіліп,сол бағытпен жұмыс жасалынды.
«Кәсіпқор»Холдингі» шетелдік колледждердің үздік тәжірибесін есепке ала отырып жаңа үлгідегі оқу бағдарламалары бойынша колледждің 6 арнайы пән оқытушысы, 3 менеджері Беларусь мемлекетінде «Дуалды оқытуды енгізудің халықаралық тәжірибесі», «Өндірістік оқытуды ұйымдастыру және оның әдістемесі» тақырыптарында біліктіліктерін арттырып, іс-тәжірибе алмасып келді. Астана қаласында 1 ай көлемінде 6 арнайы пән оқытушылары «Кәсіби педагогика және психология негіздері» тақырыбындағы курстарында біліктіліктерін арттырды.
Колледжде мамандарды дайындау бейініне сәйкес жақын және алыс шет мемлекеттерден біліктілігін көтеріп, тағылымдамадан өткен оқытушылар да жетерлік. Солардың бірі – Ермұхан Бауыржан Бақытжанұлы Израиль, Белоруссия мемлекеттерінде халықаралық дәрежеде іс-тәжірибеден өтсе, Есахаева Данагүл Алдабергенқызы 2015 жылы Түркия мемлекеті, Стамбул қаласында және Өтепова Мира Кеңесқызы, Жапахова Гүлнар Өтешқызы, Үйсінбаева Гүлмира Тоқшылыққызы Беларусь мемлекетінде, Жунусова Жазира Кенжебекқызы 2017 жылы Ұлыбритания мемлекеті, Глазго қаласы «Глазго Каледониан университетінде», Молдабаева Назира Асылбекқызы 2017 жылы Малайзия, Азия және Тынық мұхит инновациялар және технология университетінде халықаралық дәрежеде алған білімдерін оқытушылар арасында кеңінен талдап, тәжірибе алмасты.
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында технологиялық және ғылыми инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыру үшін білікті кадрлар керектігін айта келіп «...барлық деңгейдегі техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға бағытталған тиісті шара қолдануымыз қажет» деп атап көрсетті. Нарық талабы озық технологияны игеріп, жаңа техникамен, заманауи құрал-аспаптармен, қондырғылармен жұмыс жасауды талап етеді.Осыған орай, бүгінгі техникалық және кәсіптік білім саласы да жаңа сатыға көтерілуі тиіс. Жылдар бойы жинақталған педагогикалық тәжірибе мен қазіргі білімдік бағдарламаларды біріктіріп, жаңа жүйе бойынша іргелі білім беріп, дүниетанымы кең, білімпаз, өз алдына мақсаттар қоя білетін, оған қол жеткізу мүмкіндіктерін қарастыра алатын,тиімді қоғамдық қарым-қатынас орната алатын, ақпараттық және көпмәдениетті әлемде өмір сүре алатын, кәсіби құзыретті, бәсекеге қабілетті білікті маман, саналы түлек дайындау – қазіргі кәсіби білім беру мекемелерінің басты мақсаты болып отыр. Осы мақсатты жүзеге асыруда колледжде жаңа модульдік технологияны енгізуде «Кәсіпқор»Холдингі» коммерциялық емес Акционерлік қоғамы колледжден 5 арнайы пән оқытушыларынан штаттан тыс тренерлер дайындап, облыс бойынша техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлеріне біліктілікті арттыру курстарын үздіксіз ұйымдастырып келеді. Қазіргі уақытқа дейін колледж бойынша 140 арнайы пән оқытушысы біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Нәтижесінде мамандық бойынша жаңа үлгідегі модульдік құзіреттілік оқу бағдарламалары дайындалып, оқу процесіне енгізілді. Модульдік технологиялардың ерекшелігі – тек білімді меңгерту ғана емес, студенттің танымдық қабілеті мен үдерістерін, шығармашылық деңгейін арттыру, бұл бірінші кезекте оқытушыдан жоғары кәсіби шеберлікті талап етеді. Оқу үдерісінде осындай озық технологияларды белсенді пайдалану айтарлықтай оң тәжірибе беріп отыр.
Қазіргі таңда жаңаша форматтағы оқытушының бойында кіріктірілген білімнің жоғары деңгейде болуы, сонымен қатар иновациялық технологияларды меңгеруі, кәсіптік педагогикалық қасиетке жаңаша көзқараспен қарауы, педагогикалық міндеттерді шешудегі кәсіптік, шығармашылық іскерлігі мен шеберлігі болуы басты міндет.
Колледжде кезең-кезеңімен «Кәсіпқор» холдингі» коммерциялық емес Акционерлік қоғамы қамтамасыз ететін оқулықтар негізінде «Информатика» пәнін ағылшын тілінде меңгертуге көшуде жоғары колледжі базасында болашақ мамандардың IT құзырлығын дамыту бағытында «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру» мамандығы бойынша ағылшын тілінде арнайы пәндер жүргізілетін болады.
Ең бастысы – Президент білім беру саласына өзінің инвестициялық жобалар мен экспорттық әлеуеті бар экономиканың жеке саласы ретінде қараудың уақыты келгендігін қатты ескертеді.
Елбасы: «Біз жаңа заманға сай болу үшін Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болуымыз керек» дейді. Ал ұлттық әлеуетімізді арттыруда «Рухани жаңғырудың» алатын орны ерекше атап көрсетілген.Қоғам өмірі жыл санап емес, күн санап инновацияланып, техникалық прогресс алға қарыштап келеді. «Ақылды технологияларды» қолдану арқылы агроөнеркәсіп кешенін дамыта түсу мүмкіндігі жоғары. Білім берудің жаңа сапасы жайында тереңірек сөз болды. Әсіресе Жолдауда «баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажет» деген бағыты өте орынды.
И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінің сан салалы кәсіптік техникалық мамандықтар даярлауда орны ерекше. Агроөнеркәсіптік, электрмен қамтамасыз ету, мұнай-газ құбырлары мен қоймаларын салу және пайдалану, шыныталшық және шыныдан жасалған заттар өндірісі, ветеринария, агрономия, балық шаруашылығы, орман шаруашылығы, жұмысшы мамандықтары т.б қазіргі заман талабына қажетті мамандықтардың бірі. Электрмен дәнекерлеуші деген қарапайым мамандық иелерінің өзі атқаратын жұмысының компюьтерлік бағдарлама арқылы іске асатынын білгені абзал. Сондықтан жастар қолымнан іс келеді дегеннен бұрын қажетті мамандықтарды оқу арқылы игеруге ұмтылса жаңа заман көшіне ілеседі. Дәл осыған қатысты жастарға алғашқы мамандықты беру, оның Үкіметтің орындауы тиіс екендігі туралы Жолдауда айтылған Елбасы сөзі жастар болашағына алаңдайтын баршамыздың ойымызды дөп басты. Қазақстанның қарыштап дамуы білімді мамандардың қолында. Елбасы тапсырмасын негізге ала отырып, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінде техникалық және кәсіптік білім беруді жақсарту мақсатында ұдайы жаңа технологиялармен жұмыс жасап келеміз. Колледж оқытушылары арасында Елбасы Жолдауы қызу талқыланып, оқушылар арасында кеңінен насихатталды. Мұнан түйген ой білімі озық мемлекеттің қатарынан көріну үшін кәсіби сапалы білім беру. Қазіргі таңда бәсекеге қабілетті білімді де сапалы маман даярлауда колледжіміздің алар орны зор.
Сұлтанбек ТӘУІПБАЕВ,
И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледж директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор