ДӘСТҮРЛІ БАЙҚАУДЫҢ ДЕҢГЕЙІ ӨСЕДІ
Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрда композитор Кеңес Дүйсекеев әндерін орындаушылардың «Туған жер» атты алтыншы республикалық байқауы мәреге жетіп, гала-концерт өтті. Думанды кешті облыс әкімі Қырымбек Көшербаев арнайы келіп, тамашалады. Көрнекті композиторға Сыр жұртшылығы атынан шапан жауып, құрмет білдірді.
– Өнер ұлт болмысының айнасы десек, музыка – халықтың асқақ рухының тілі. Ол – ғасырлар бойы үздіксіз жетіліп, даму үстінде болатын мәдени құбылыс. ХХ ғасырдың 70 жылдарында қазақтың ұлттық музыка әлемінде дәуірдің жаңа бір парағын ашқан Кеңес Дүйсекеев, Сейдолла Бәйтереков, Тілес Қажығалиев, Жолан Дәстенов секілді бір топ жас өнерге келді. Табиғи талантын біліммен ұштастырып, қазақ музыкасын жаңа деңгейге көтерген осынау жаңашыл топтың ішінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеевтің орны бөлек. Кәсіби деңгейдің биіктігін қолдап, өнер тазалығын қорғайтын талантты жерлесіміздің атындағы байқау келер жылдан бастап халықаралық деңгейде ұйымдастырылатын болады, – деді облыс әкімі.
Осыдан кейін байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне кезек беріліп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан жас әншілер сахна төрінен табылды. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде қызылордалық әнші Ринат Үсеновке табысталды. І орын Оңтүстік Қазақстан облысынан келген «Сарын» триосына бұйырды. Жүлделі ІІ орынды атыраулық Мұратбек Жұмаш пен жерлесіміз Арайлым Маханбетжанова бөлісті. ІІІ орынды Батыс Қазақстан облысынан келген жас әнші Айбек Дәулетқали, алматылық Ақерке Құрбан мен қостанайлық Тасқын Әжібай иеленді. Бірақ, тыңдармандарды таңдай қақтырған бұл емес еді. Кеш барысында дарынды композитор жерлестеріне туған жер туралы жаңа туындысын таныстырды. Композитордың Қызылорданың 200 жылдық мерейтойына арнаған «Сыр елі» атты әні көп көңілінен шықты. Әдемі ән айрықша толғанысқа бөледі.
М.СНАДИНҚЫЗЫ