РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ БАЙЫРҒЫ ТҮРКІЛІК РУХАНИЯТ
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Студенттер сарайында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті мен Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Түркі жазбалары күніне арналған «Рухани жаңғыру және байырғы түркілік руханият» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған еліміздің барлық өңірлерінен ғалымдар, түркітану саласының мамандары және жергілікті жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты.
Конференцияны Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов ашып, шараның маңыздылығына кеңінен тоқталды. Алаштың анасы атанған өңірдегі шараға сәттілік тіледі.
– Тәуелсіздік алғаннан бері тарихымыздың көптеген ақтаңдақтары, тарихи қабаттар ашылып, қазір 25 жылдың ішінде осы түркітануға үлес қосып жүрген мамандардың үлкен шоғыры қалыптасты. Бүгін сол ғалымдардың біразы Қызылордада бас қосты. Салаға қатысты мәселелер бұрын Тараз, Алматы, Өскемен, Астана және Түркістан қалаларында өткен конференцияда талқыланған еді. Түркі халықтарының зерттейтін үлкен кешені – тілтану ғылымы. Оның негізгі тірегі де – тіліміз. Орхон-Енисей заманынан көне ескерткіштен бастап бүгінгі күнге дейін жер жүзінде 50-ге жуық түркі халқы өмір сүреді. Сол халықтардың ортақ тілі, жәдігер мұрасы бар. Он тоғызыншы ғасырдың өзінде Қазанда, Мәскеуде, Санкт-Петербургте түркітануды зерттеген үлкен ғылыми орталықтар болған. Кеңес кезінде Алматыда, Ташкентте, Бакуде қалыптасты. Түркияның ірі қалаларында да зерттеліп жатыр, – деді орталық директоры.
Ал, бүгінгі шараны Қызылорда қаласында өткізудің үлкен мәні бар. Сырдың бойында ұлт тарихына қатысты құнды мәдениет, ескерткіштер қалыптасты. Тарихтың толғауын ашып, бүгінгі ұрпаққа ұсынсақ, «Рухани жаңғыруда» айтылған мәселе ұлт ретінде өзін-өзі тану, рухымызды асқақтату, өзінің тегін білген, тарихын білген ұрпақ асқақ болады. Бұл конференцияның мазмұны Елбасы көтерген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасымен үндесіп жатыр. Ербол Ердембекұлы өз сөзінде «Қасиетті Қазақстан» бағдарламасы жайлы да кеңінен айтып өтті.
Жиында облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов құттықтау сөз алып, рухани жаңғырудың Сыр өңіріндегі серпіні мен атқарылып жатқан жұмыстарын баяндады.
– Өткен жылы Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланды. Мәдени құндылықтарымызды, ұлттық болмысымызды насихаттай отырып дамудың келесі сатысына көтерілу жолындағы ізденістерді бүгіннен бастау керектігін айтқан мақала шыққаннан бастап, елімізде, оның ішінде облысымызда маңызды іс-шаралар қолға алынды, – деді ол өз сөзінде.
Осы орайда облыс басшысының бастамасымен аймақта бағдарламаны жүзеге асыру қолға алынды. «Рухани жаңғыру» орталығы ашылып, жұмысын бас-тады. Аймақта «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға бағытталған іс-шаралар жоспары бекітіліп, 79 жоба жүзеге асты. Сонымен қатар, 600-ден астам іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ал, биылғы жылы 81 жоба мен 100-ден аса ірі көлемдегі шараның өңірлік жол картасы әзірленіп, бекітілді.
Сондай-ақ, халықтың игілігі үшін жасалып жатқан тың жобалардың жалғасы ретінде Сырдария өзенінің сол жағалауынан бой көтеретін жаңа қаланың құрылысын атауға болады. Сол аумақтан әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылым объектілерімен бірге Жастар орталығы бой көтереді. Қазақ орталық атқару комитеті ғимараты үлгісіндегі музей құрылысы аяқталуға жақын. Жақын күндері осы ғимараттан аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығы орналасады. Сондай-ақ, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасын жүзеге асыру жөніндегі облыстық жұмысшы топ мүшелерімен бірлесе өңірдегі қасиетті орындар сараланды. «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкерлері облысымызда іссапарда болып, тәжірибелерімен бөлісті. Нәтижесінде өткен жылы жарыққа шыққан «Жалпыұлттық қасиетті нысандар» және 35 нысан «Өңірлік қасиетті нысандар» кітаптарына облыс бойынша зиярат ету маңыздылығы, тарихи сипаттамасы қойылған талаптарға сәйкес келетін 12 нысан енгізілді. Айта кетерлігі, өңіріміздегі 6 нысанға оғыз дәуірінің ескерткіштері Жанкент, Сортөбе, Жент, сақ мәдениеттерінің көрнекті жәдігері Шірік-Рабат қалашықтарына, Аралдың кепкен табанындағы Кердері кесенесіне және қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ қалашығына археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Одан әрі жиын барысында ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы Тілдік дайындық кафедрасының меңгерушісі, профессор Шапағат Жалмаханов «Әбілқасым әз-Замахшаридың «Мукаддимат әл-әдеб» сөздігі (ХІІ ғ) мен қазақ тіліндегі көмекші морфемалардың тарихи тектестігі» тақырыбында баяндама жасады. Ал, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры Бекен Сағындықұлы «Қазақ метафорасы: таным мен таңбалық сипат» және Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасының профессоры Шанжархан Бекмағамбетов «Әріп белгілерінің астарында адамзат өркениетінің асыл қазыналары» атты тақырыпта хабарлама оқыды. Мұнан әрі өзге жоғары оқу орындарынан келген мамандар тақырып аясында дайындаған жұмыстарын көпшілік назарына ұсынды.
Жалпы, бұл ғылыми жиынның негізгі мақсаты – ортақ түркілік мәдениетіміздің үлгілерін жүйелеу мен зерттеу жөнінде пікір алмасу және қазіргі кезеңде осы салада жүрген отандық ғалымдардың басын қосып, өзара тәжірибе алмасу. Сонымен бірге конференцияда қазақ тілінің латын графикасындағы жаңа әліпбиіне байланысты ойларды ортаға салу болды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақала-сындағы жаңа әліпбиге байланысты міндеттің орындалу барысы мен оның маңызы, қажеттілігі туралы да айтылды.
Мұнан кейін шара қонақтары Ә. Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткен дөңгелек үстелге қатысты. Конференцияны мәде-ниет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен А. Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде өткен концерттік бағдарлама қорытындылады.
С.АДАЙБАЕВА