«БЕС ӘЛЕУМЕТТІК БАСТАМА – ҚОҒАМНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК БІРЛІГІНІҢ ТҰҒЫРЫ»
Бүгін Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасының төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI кезекті сессиясы болып өтті.
Сессияда ширек ғасыр ішінде жеткен жетістіктер еске алынып, Ұлы Дала елінің ұлт болып ұйыса түсуіне, бірлігімізді бекемдеуге сеп болар ұсыныстар айтылды. «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» тақырыбы бүгінгі сессияға арқау болды.
Қазақ халқының осы күнге жеткен жетістіктерінің негізгі кілті – халық бірлігінің нәтижесі. Бұл орайда тұтастықтың құтты шаңырағына айналған Ассамблеяның орны ерек.
Сессия барысында Мемлекет басшысы ел бірлігін қасиет тұта білгеніміздің арқасында жеткен жетістіктерімізге тоқталды. Тағдыры бұлыңғыр болған қаншама мемлекеттің бар екендігін де айтып өтті.
Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін жетілдіруге бағытталған, жақында қол қойып, қабылданған заңды ілгерлетуді жүктеді. Бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыруға және орындалуын бақылауды Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Нұр Отан» партиясына тапсырды.
Сонымен бірге, әлеуметтік бірлікті нығайтуға арналған бес бастаманы жүзеге асыру арқылы халықтың әл-ауқаты мен ынтымағы арта түсетінін ескере кетті.
Маңызы жоғары сессияға 1500-ден астам, Сыр өңірінен 25 делегат қатысты. Алдағы уақытта жаңа экономиканың дамуына тың серпін беретін бастамаларды облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы да жоғары деңгейде жүзеге асыруға барынша күш салатын болады. Сондай-ақ, өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін жетілдіруге бағытталған жаңа заңды насихаттауға атсалысады.
Л.ТӨРЕШОВА,
Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы
төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі