БЕС БАСТАМА – БІРЛІК ТҰҒЫРЫ
Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясына мен алғаш қатысу қатысып отырмын. Шынымды айтсам, әсерім орасан. Елордадағы «Бейбітшілік және келісім сарайынан» бірлік пен татулықтың жылы желі есіп, таңқаларлық жағымды атмосфера бойымды билеп алды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясында қоғам үшін маңызы зор мәселелер талқыланды.
Әлеуметтік жаңғыру – бес әлеуметтік бастамамен үндес екенін атаған Мемлекет басшысы елдің әл-ауқатын жақсартуда бірлік пен татулықтың маңызы ерекше екеніне тоқталды. Бірлікті ту етсек барлық қиындықты еңсеретініміз жайлы айтылды.
Иә, Елбасының бес бастамасы жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Қолжетімді баспана, салық төмендігі, сапалы білім, жеңілдетілген шағын несиелендіру, елімізді газдандыру секілді елге қажетті әлеуметтік бастамалары көптің көңілін толқытты. Мемлекет басшысы ең әуелі қарапайым халықтың жағдайына көңіл аударып, әл-ауқатын жақсартудың тиімді жолдарын айтты. Біз Тұңғыш президентімізге деген елдің сүйіспеншілігіне тағы бір мәрте көз жеткіздік.
Қазақстан халқы Ассамблеясы – ел ішіндегі бірліктің өзіндік моделін қалыптастырған бірегей бірлестік. Еліміздегі осы этносаралық үйлесімді сақтау – Қазақ елінің алдында тұрған басты міндет.
Сыр елінде тағдырлары тоғысқан барлық ұлттар бүгінгі берекелі тіршілігі үшін қазақ халқына дән риза. «Бірлік түбі – береке» дегендей, көпұлтты халқымыздың бірлігі жарасып, достықтың мекені жарасымын тауып, татулығы мен ынтымағы арта бергенін қалаймын.
Саналы өмірімнің барлығын Қызылордаға арнап, осы күнге дейін қасиетті Сыр елінде еңбек етіп келемін. Қазақстан – мен үшін туған үйім. Қазақ халқы мені кеңдігімен, мейірімділігімен, қонақжай әрі дархандығымен баурап алды.
Еліміздегі жүргізіліп жатқан реформалардың барлығын құптаймын. Біздің жылу мен жарыққа толы ортақ үйіміз гүлденіп, көркейе берсін. Ол үшін біз барлығымыз жауаптымыз.
Бұдан әрі де ортақ үйіміздің татулығы мен бейбітшілігін біздің соңымыздан өсіп келе жатқан келешек ұрпақ үшін сақтап, қорғауымыз тиіс. Мен Қазақстанымды айрықша жақсы көремін!
Мария СЕМЕНИКИНА ,
облыстық неміс этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары