ҚОҒАМДЫ ОРТАҚ МҮДДЕГЕ ҰЙЫТҚАН
Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының тұрақтылықты сақтаудағы рөлі туралы жиі айтады. Өйткені еліміздің тәуелсіздік тарихы – бейбітшілік пен келісім шежіресі, мызғымас бірлік жылнамасы. Қазақстанның әлемнен өз орнын табуына татулығымыздың тұтқасы саналатын Ассамблея зор үлес қосып келеді.
Қазақстан Халқы ассамблеясының XXVI сессиясына қатысқан облыс делегациясының қатарында мен де болдым. Алқалы жиында Президент: «Жаһандық әлемде ел ішінде біртұтас бірлігін сақтап тұрғандар қуатты мемлекет екені жасырын емес. Олардың барлығы бірыңғай теңдікке сүйене отырып жаңғыруда. Біз де осы жолға түстік. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының, сонымен бірге «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының мәні мен мағынасы осында жатыр», – деді.
Иә, біз қашанда Елбасынан игі бастамалар күтеміз. Оның жүргізіп отырған сарабдал да салиқалы саясатын қолдаймыз.
Кезекті сессияда елді дамытуға бағытталған жаңа жолдар көрсетіліп, тың бастамалар көтерілді. Дәстүрлі жиында негізгі басымдық бес әлеуметтік бастамаға берілді. Онда қамтылған халықты баспанамен қамту, жалақысы төмен жұмысшы қызметкерлерге салықтық жеңілдік жасау, жастардың білім алуы, жатақханамен қамтылуына байланысты міндеттер көпшіліктің көкейіндегіні дөп басты. Бұл бастамалардың қай-қайсысы да қазақстандықтардың келешегін кемелдендіре түсуге бағытталған.
Президент ұсынған бес бастама қоғамды ортақ мүддеге ұйытуға, Қазақ елінің әлемдік өркениеттен берік орын алуына жан-жақты ықпал етеді деп сенеміз. Бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясына артылар жауапкершілік жүгі де салмақты.
Кахар ДАДАШЕВ,
облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы