БОЙЦЕНБУРГ КОМЕНДАНТЫ (ДЕРЕКТІ ХИКАЯТ)
Оқырманның немістің Бойценбург қаласын басқарған кім болды екен деп ойлауы заңды. Бірақ Эльба жағалауындағы он мыңнан астам халқы бар неміс қаласының коменданты неміс те, орыс та емес, қазақтың қарадомалақ баласы, кәдімгі өзіміздің Шәменұлы Мөрәлі әкеміз еді.
Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатында Мөрәлі Шәменов туралы арнайы көрме өткізілген екен. Сарғайған мұрағат құжаттарының ішінде әскери бөлім командирі подполковник Кузнецов пен штаб бастығы майор Каас қол қойған капитан Мөрәлі Шәменовтің Бойценбург қаласының коменданты екендігін айғақтайтын куәлік назар аударарлық. Куәлік 1945 жылы 5 мамыр күні беріліпті. Онда, «Удостверение выдана капитану Шаменову Мурали в том, что он действительно является военным комендантом г. Бойценбург», деп жазылған екен.
Неміс қаласының мэрі болып, соғыстан қираған қаланы, қаладағы тәртіпті қалпына келтіруге кіріскенде Мөрәлі әкеміз 29 жаста екен. Әскери кителінің омырауында І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендері, екі «Қызыл Жұлдыз» ордені, «Ерлігі үшін», «Ке¬нигсбергті алға¬ны үшін» және тағы басқа медальдары жарқыраған, еуропалық нәсілге соншалықты келе қоймайтын, азиялық жігітті қала тұрғындары тосырқап, тіпті немістік өр мінезбен іштей менсінбей қарағаны рас еді.
Бірақ тұрғындар азиялық жігітінің іскерлігін, тәртіптілігі мен ұқыптылығын, әділдігін көргеннен кейін жылышырай білдіре бастады. Қала тұрғындарына осы бір орта бойлы, мығым денелі қараторы жігіттің мейрімге толы көзі, жылы шуақ шашып тұратын жанары ұнады. Соғыстан қалжыраған, мылтық пен зеңбіректің дауысынан әбден зәрәзап болған қарапайым неміс халқына нақ осы уақытта жетіспейтіні де, ең басты керегі де осы мейірім мен жылылық еді...
Ия, соғыс бітті, бейбіт өмір басталды. Зеңбіректің снаряды мен бомбадан күл-талқан болған қаланы қайта қалпына келтіру қажет. Босып кетіп, қалаға қайта оралып жатқан халықты тамақтандыру, жаралыларға жәрдем көрсету – күн тәртібіндегі бірінші кезектегі мәселелер. Соғыстың аяқталуына төрт күн қалғанда, яғни 1945 жылдың 5 мамыр күні капитан Мөрәлі Шә¬менов Бойценбург қаласының әскери коменданты болып тағайындалғанда оның ойы осы еді.
Шіркін, бейбіт еңбек деген қандай тамаша! Мылтық дауысы сиреген, тіпті тыныштық орнай бастаған, керемет көктем! Ағаштар жапырақ жайып, орманды алқаптар жасыл желекке айналған. Тек қираған қала ғана көңіліңді құлазытады. Енді мылтықты тастап, қолға күрек алу керек. Алабұртқан көңілмен тәтті ойларға берілген Мөрәлі комендатураның алдында өсіп тұрған ағаштың иілген бұтағынан үш тал жапырақты үзіп алып, танауына тақады, көктем иісі мұрнын қытықтағандай болды...
«Ех, шіркін, Сырдарияның жағасындағы жиденің аңқыған жұпар исіне жетпейді-ау, туған жердің ауасын, көк шалғынды Шынар көлдің жағасын айтсаңшы. Ауылда да көктемгі егіске кіріскен болар» деп ойлады Мөрәлі.
Елден жырақ жүргеніне қаншама уақыт! Туған топырағы Сырдың Қараөзек арнасының қалқымалы көпір салынатын өткел тұсынан батысқа қарай екі шақырымдай жерде «Шәмен сайы» деген жер еді. Әкесінің атына қойылды ма, әлде сайдың аты әкесіне қойылды ма, ол жағын білмейді. Сол маңда дүниеге келген Шәмен деген кісі өзіне лайықты кәсібімен ел аузында қалған. Әкесі Қонысбайдан баласына қалған мұра-еңбексүйгіштік, кішіпейілдік, ашық қолдылық болыпты.
Мөрәлінің ауылы Кеңтүбек, Қаракеткен, Түмен әулиенің үйтамының маңын жайлайтын. 1916 жылы Мөрәлі дүниеге келердің алдында әкесі Шәмен түс көреді. Түсінде ақсақалды, ақ киімді үлкен кісі қолына мөр ұстатыпты. Сол үшін де мұның атын Мөрәлі қойыпты.
Өз шаруасына мығым, сөзін өзгеге тыңдата алатын Шәмен кезінде онбасы, елубасы болып арық қаздырған. Әкесі қаздырған «Шәмен арығы» кешеге дейін «Әлібай алқабын» аяқ сумен қамтамасыз етіп тұрды. Жаз бойы егін егіп, шөбін шапқан Шәмен қыс күндері етік тігумен айналысатын. Шешесі Айым – Тоқберлі Табын Махан деген кісінің қызы. Нағашысы Махан ауқатты кісі еді. Ертеректе Қызылорданың орталығында үлкен сауда орындары болатын. Бұл бала кезінде нағашысына қонақ болып барғанда Мөрәліні құйрық-жалы төгілген ақ боз ат жеккен пәуескеге мінгізіп, қаланы аралатушы еді. Кешке нағашысының сән-салтанатқа бөленген кең сарай үйінде жақсы мен жайсаңдар жиналып, салихалы әңгімелер айтатын.
Туған жерді ойлағанда алдымен еске түсетіні – Шынар көлі. Шалқып жатқан көл «Шынардың» жағасында «Шәмен тамы» деген қыстауда туған Мөрәлінің балалық шағы да осы жерде өтті. Мектепте Баку Қожа сабақ берген. Өзі құрмет тұтатын Уамық мақсұм, Беркімбай калпе, Тайман қари сияқты ағалары шариғат жолын айтып, Мөрәліні жақсылыққа, тазалыққа, елге қызмет етуге баулитын. Туған топырағында құрдастары Айтбай, Дастан, Рүстем, Өмірзақ, Қарақойшы, Аманбай секілді балалармен ойнап өсті. Олар қайда жүр екен қазір, елде ме әлде майданда болды ма екен?!
Ел артельге ұйымдаса бастаған 1929 жылы «Кеңтүбектің» Матай жайлауындағы ауыл бірігіп, егін салды. 1931 жылы ауыл балалары ат соқаға мінгенде Мөрәлі тәбілші болып еді. Ауылдастары мұны «тәбілшік бала» дейтін. Бала жастан алғыр, құйма құлақ Мөрәлі үлкендерге үйір, әңгімеге зерделі болды. Алғырлығы болуы керек, 1932 жылы бұған бастауыш мектепте бала оқытуды тапсырды. Сөйтіп, еңбек жолын елді сауаттандырудан бастаған Мөрәлі бұл қызметте төрт-бес жылдай болып, кейіннен басқа салаларда жұмыс істеді.1939 жылы отау құрды. Жары Ақшонық ауылдың қызы еді. Ол кезде Мөрәлі Қаракеткен станциясында байланыс бөлімінің бастығы болып жұмыс істеп жүрген. Арада алты ай өткенде әскерге шақыру келді.
«Әке-шешемді сен асырайсың ғой» деп жары Ақшонықты жинақ кассасының бақылаушылығына үйретіп жүрген. Ақшонық бұл әскерге кеткенде сол қызметте қалды. Әкесі өте мейірімді жан еді. Келінін баласындай көретін, жалғызымның сыңары деп Ақшонық жұмыстан келгенде «сағынып қалдым, қолыңнан сүйгіз» деп отырушы еді. Жүзінен мейрім шуағы төгіліп тұратын атасын Ақшонық та ерекше жақсы көретін. Сол әке 1942 жылы қайтыс болды. Ол кезде Мөрәлі Балтық жағалауында, Эстония жерінде майданда жүрген. Ақшонықтан «Әкемізді ақ жуып, арулап қойдық» деген хат алды. «Атам сені көп ойлайтын, «Мөрәлімді сендер көресіңдер, мен көре алмаймын» деп күрсінуші еді. Атамнан ешнәрсені де аяғаным жоқ, жұрты риза болды» – депті Ақшонық хатының соңында. Жарының хатын оқып, жертөледе оңаша отырып көз жасын бір сығып алғаны есінде. Әкесін көрмегелі алты жылдай болыпты. Соңғы рет бұл әскерге кетерде Қаракеткенде станса басында әкесі ағайындармен бірге шығарып салып тұрып, «Аман барып, сау қайт балам! Қайда жүрсең де абыройыңа, арыңа дақ түсірме!» деп бата беріп еді. Соңғы сәт, сол соңғы суреттер көз алдында қалыпты...
Тәтті қиялын көмекшісі бұзды. – Жолдас капитан, Сізді байланысқа шақырады, – деді ыздиып қалған лейтенант шеніндегі орыс жігіті.Ішке кіріп телефон тұтқасын көтерді. Майдан штабынан екен. «Бір колонна құрылысқа қажетті жабдықтар мен құралдар және азық-түлік барады, соны қабылдап алу керек. Оның ішінде бес көлік, жиырма тоннадай ұн мен жарманы қоймаға орналастыру қажет. Ұнды барынша үнемдеп жұмса, осыдан кейін азық-түлік сұрама, осыны жыл аяғына жеткізесің» деді трубкадағы үлкен бастық.
«Қирап қалған қалада қайдағы қойма?» деді Мөрәлі трубканы қойғасын өзіне-өзі сұрақ қойып. Дегенмен тәубе, бір амалын табармыз, ең бастысы соғыс бітті біз үшін.
Ия сұм соғыс бітті, ол күндер енді қайтып келмесін. Япыр-ай, бес жыл бойғы атыс-шабыс бір күнде сап тиылды-ау, тіпті көңіл сенбейтіндей. Тек алыстан зеңбірік даусы естіледі. Осы бейбіт күн ұзағынан болсын. Оның көз алдынан сол бір сұрапыл жылдар суреттері, жорық жолдары, бұл күнге жете алмаған қанды көйлек қаруластарының бейнесі көлбеңдей берді...
...Мөрәлі 1939 жылдың күзінде әскерге шақы¬рылғанда Кеңес-Фин соғысының қайнап тұрған кезі болатын. Бұл соғыс миллиондаған адамның өмірін жалмаған, даңқты Қызыл Армияның сәтсіз шабуылдарымен басталған, Кеңестер Одағының халықаралық беделіне орасан зор нұқсан келтірген соғыс еді. Атақты Суомуссалведегі ұрыстар – «Маннергейм линиясы» дейтін Фин бекінісі үшін болған қанды қасап, шайқастың өзі жүздеген емес, мыңдаған кеңес жауынгерлерінің өмірін қиды.
Ақ финдермен болған соғыста Мөрәлі Фин шаңғышы-атқыштарының қалай соғысатынын көріп таңқалған. Аяғына шаңғы байлаған он-он бестей ғана фин жауынгер-атқыштары бұлардың бір батальон әскерін әп-сәтте ұйқы-тұйқысын шығарып, зор шығынға ұшыратып кететін. Бірнеше рет фин атқыштарымен бетпе-бет келіп, қырғын шайқаспен әупірімдеп өлімнен аман қалған. Мөрәлі мынадай ғажап жауынгерлерді көріп, сонда жауы болса да олардың шалт ұрыс тактикасына кәдімгідей қызыққан. Ауылда егін егіп, мал бағып өскен жігіт, «Ойпырым-ай, мыналар қойға тиген бөрідей болады екен-ау!» - деп ойлаған.
Финдермен соғыс үлкен шығындарға ұшырай отырып, Кеңестер Одағының жеңісімен аяқталды. Бірақ, бейбіт күндер ұзаққа бармады. Мөрәлі соғыс бітті, енді елге қайтармын деп жүргенде 1941 жылы маусымда Германиямен соғыс өрті бұрқ ете қалды. Сөйтіп Мөрәлінің ұзаққа созылған әскери жорық жолдары одан әрі жалғасып кете барды.
Фашистік Гер¬маниямен соғыс басталған кезде Мөрәлі 126 атқыш¬тар дивизиясының 366 атқыштар полкінде бөлімше командирі еді. Бұларды Солтүстік-батыс майданға аттандырып, бірден ұрысқа салды. Сол жылы күзде оған лейтенант атағы берілді. 1942 жылы көктемде 88 атқыштар дивизиясының пулемет ротасының командирі болып тағайындалды. Осы жылы аға лейтенант ата¬ғын алып, 426 атқыштар пол¬кінде барлаушылар взводының командирі болды. Барлаушалар взводының командирі етіп тағайындағанда полк басшылығы мұның тәртіптілігі, батылдығымен қоса аздап неміс тілін білетінін де ескерген болуы керек.
Соғыста әскердің жеңуі немесе жеңіліс табуы барлаушылар әкелген мәліметтерге тікелей байланысты. Бұл жылдар бойы әскери ғылымда дәлелденген ақиқат. Барлаушылар жұмысының өте жауапты болатыны сондықтан. Барлауға шыққан шолғыншы жауынгер кейде тіпті өз өмірін қиса да мейлінше нақты, құнды мәлімет алып келу керек. Мәліметтің ең үлкені де, бағалысы да «тіл». Оның да салмағы болады, дым білмейтін қатардағы жауынгерді тұтқындап алып келгенмен одан келер пайда жоқ. Тілдің ең салмақтысы офицерлер, командирлер, бүкіл соғыс жоспарын, ұрыс қимылдарының схема-стратегиясын сызып отырған штаб офицері болса тіпті жақсы. Ал, ондай офицерлерді тұтқындау оңай шаруа емес. Бірақ Мөрәлінің жау жүрек жігіттері осындай оңай емес шаруаны да орайын тауып атқарып жүріп еді-ау.
Әлі есінде 1943 жылдың ақпан айында ІІ Белорусь майданының 326 атқыштар полкінде жүргенде барлаушылар взводына ерекше тапсырма берілді. Мөрәлінің взводы кезекті жорықтан келіп, жертөледе жігіттер қаруларын тазартып отырған. Түннің бір уағы болған, күндізгі ұрыстан қалжыраған жігіттердің бірқатары демалып жатыр. Сағатына қарап еді, үштен кетіпті, таңға дейін бір-екі сағаттай болса да көз шырымын алып алайын деп ойлаған. Бірақ ол ойы болмады, байланысшы полк командирі подполковник Кузнецовқа шақырды.
Киініп, сыртқа шыққанда түнгі аяз шытырлап тұр екен. Аяғын басқан сайын қар сықыр-сықыр етеді. Барлаушылардың жертөлесінен бір шақырымдай жерде орналасқан полк штабына келгенде полк командирімен бірге ерекше бөлімнің капитан шеніндегі бір офицері және артиллериялық дивизионның командирі майор Чернышев бар екен.
– Отырыңыз, аға лейтенант, – деді полк командирі бұл әскери тәртіппен сәлемдескеннен кейін. – Хал қалай, аға лейтенант, жігіттеріңнің жағдайы қалай, ұрыстан шаршап жүрген жоқ па?
– Рахмет, жолдас подполковник, жігіттердің жағдайы жақсы, бізге әзір шаршауға болмайды.
– Дұрыс айтасыз, соғыс бітпей бізге шаршауға болмайды. Сіздерге тағы да жауапты тапсырмалар болады, жолдас аға лейтенант, қане бері таман картаға жақындаңыз... Штабта бұл келем дегенше бұлардың алдағы жорығы толық талқыланған секілді. Барлаушылар взводы ертең тағы да жорыққа аттануы керек. Жорықтың негізігі бағыты да белгіленіпті. Негізгі міндет – бұлардың дивизиясы орналасқан Буды, Монастырская, Кожановка, Пузановка елді мекендерінің маңындағы майдан линиясындағы жау күшін шолу, атыс позицияларын, оның ішінде стратегиялық маңызға ие қандай нысандар бар соны анықтау, ең бастысы - маңызды құжаттармен «тіл» әкелу.
Штабпен байланыс үзілмеуі қажет, егер жау тылында, қауіпті жағдайлар туындайтын болса, Чернышевтың артиллериялық дивизионы бұларды қолдайды, оларға жедел түрде өздерінің координаттарын беруі қажет. Полк командирі тапсырманың негізгі міндеттерін тиянақтап, түсіндіріп болып, шылымын тұтатты. Аузынан көк түтінді бұрқырата шығарып, Мөрәліге қарап:
– Бұл үшін сіздерге үш тәулік уақыт беріледі. «Тілсіз» қайту қабылданбайды, қандай құрбандықтарға барсаңыз да «тіл» алып қайтасыз, жолдас аға лейтенант, тапсырма түсінікті ме?
– Дәл солай, жолдас подполковник!
– Олай болса жігіттеріңді дайында, іске сәт! – деді полк командирі – аттанатын уақыттарыңыз ертең 23.00. Тапсырма оңай емес еді, бірақ орындау керек.
Ертесіне, яғни ақпан айының 22-сі күні белгіленген уақытта Мөрәлі өзімен қосқанда 12 жігіт жорыққа аттанып кетті. Аппақ маска, халат киген жігіттер ақ қардың үстінде жер бауырлап жылжып отырып майдан шебіне келгенде сағат үштер шамасы еді. Бұлар Буды деревнясын айналып өтіп, шағын қыстақ Монастырскаяға жақындағанда таң ағарып қалған. Дүрбі салып қарап, немістердің атыс шебіндегі жалпы жағдайды шолды. Байқайды, жаудың негізгі күштері Кожановка, Пузановка селоларының маңына шоғырланған. Аталған селолардың шығыс жағы мықты бекіністерге айналдырылған екен. Екі-үш қатар қазылған атыс ұялары, траншеялар, одан әрігеректе зеңбіректердің сұлбасы көрінеді. Зеңбіректер әлденемен жабылып, бүркемеленген. Шамасы маскировка жасалған болу керек. Дегенмен зеңбіректердің оннан аспайтынын білді, яғни бір батареядай болады. Селоның ортасына таяу орналасқан үлкендеу ғимарат бұл селоның клубы болу керек. Бұл қоймаға айналдырылған. Жүк машиналары келіп, осы үйден түрлі жабдықтар тиеп алып кетіп жатқанын көріп тұр. Күзет мықты, түні бойы дүмбісіз шолақ автоматтарын асынған неміс солдаттары нысандардың басынан кетпейді. Бұлар күні бойы жүріп, жер жағдайын шолып, қай жерде немістердің тылына өту үшін дұшпан бекінісінің осал тұсы барын анықтады. Бұл Пузановка селосы маңындағы бекіністер болды. Белгіленген бағыттағы елді мекендерді өтіп, Пузановка селосының түстігіндегі орманға келіп кіргенде қыстың қысқа күні де шолтаң ете қалды. Жалпы жағдайда шамалаған Мөрәлі жігіттерінің басын қосты.
– Бүгінге осы жетер, қазір демалайық, от жағылмасын, құрғақ азықтарыңмен жүрек жалғаңдар, сәл тынығыңдар. Түн ауа жау шебіне ішкерлей енеміз. Енді ең басты мәселе – «тіл». Бізге «тілсіз» қайтуға болмайды. Жау шебіне кіргесін, оқ шығармаймыз, негізгі қару қанжар болады, – деді Мөрәлі. – Қандай жағдай болса да «тілдің» өмірін сақтауымыз қажет.
Тапсырма түсінікті еді, бұған дейін талай жорықтарды бастан өткізген жігіттерге бәрі белгілі болатын. Командиріне сенімді олар бірі-бірін көз қарастарымен-ақ түсінетін. Қандай жағдайда қалай қимылдау керек екенін командасыз-ақ, түйсікпен сезетін.
Түн. Тынық аяз бетті шымшылайды. Бір сәт тыныққан жігіттер Пузановка селосының түбіндегі дұшпан шебіне жер бауырлап жақындап келеді. Міне жүз елу-екі жүз метрдей жерде дұшпан шебі.
Бұлардың көздеп келе жатқаны селоның батыс жағында орналасқан неміс бөлімінің штабы. Кеше күндіз орманнан дүрбі тартып шолу жасағанда осы үйдің штаб екенін анықтаған. Үйге бірі келіп, бірі кетіп жатқан адамдарды, алдындағы мықты күзетті көріп, бұл үйдің штаб екеніне күман келтірмеген. Барлаушылар селоның түбіне келіп, үшке бөлінді. Үшеуі осы жерде, бергі бетте қалады, қалған тоғызы дұшпан шебінен өтеді. Төртеуі штабты сырттан торып, қарауылдайды. Мөрәлі бастаған бес жігіт, оның ішінде неміс тілінің маманы Василий Иванов бар, штабқа шабуылдайды. Қалай болғанда да бұлар «тілді» алып шығады. Ал, бұлардың қауіпсіздігін сырттағы төртеуі қамтамасыз ету керек. Егер қолға түсіп қалатындай жағдай болса атыс басталады. Ондай жағдайда «тілді» қалай да жеткізуді торуылдағы төртеу мойнына алады. Ал, бұлар жағдайға қарай қимылдап, шегіне отырып атысып, дұшпан шебінен шығып кету керек. Әрі қарай орталыққа дұшпан координатын береді. Олар артиллериямен қолдайды. Осындай жоспарды алдын-ала келіскен жігіттер бірі-бірімен үнсіз қоштасты.
Алда немістердің атыс позициялары, қазылған орлар, траншеялары байқалады. Қалың жауған қар жер жағдайын нақты бақылауға мүмкіндік бермейді, жер дүние бәрі әппақ. Дегенмен жау шебінің қалтарыс-бұлтарыстары барлаушылардың қырағы көзінен қалыс қалған жоқ. Бұл бір жағынан Мөрәлінің жігіттеріне де жақсы болып тұр. Аққа оранып жер бауырлаған жігіттерді байқау да қиын. Түн қараңғылығында күзетте жүрген неміс солдаттарының сұлбасы көрінеді. Ендігі мәселе оларға білінбей өтіп кету керек, ал біліп қалса оқ шығармай «о дүниеге» аттандырады. Құдай сәтін салғанда бұлар тоғыз адам жер бауырлап жылжып отырып, атыс шебінен оңай өтіп кетті. Әппақ маска халат киген бұларды күзет байқамай қалды. Асылы суықтан тоңып жүр ме, шинелінің жағасын көтеріп алып, қорбиған екі неміс солдаты дәл аяғының астынан жыланша жер бауырлап өтіп бара жатқан Мөрәлінің жігіттерін тіпті көретін емес. Лыпылдап тұрған өткір қанжармен тамақтан бір шалып, жайғастырып кетуге де болатын еді. Бірақ қайтып бара жатқанда болмаса әзір қажеті жоқ деп ойлады Мөрәлі. Өйткені келесі күзет ауысқанға дейін бұлар қайтып өтіп кете ала ма жоқ па ол әзір белгісіз. Күзет ауысып, немістер мына солдаттарының өліп жатқанын көрсе онда дабыл көтеріледі.
Бұлар селодағы үйлерді тасалап, штаб үйіне жақындады. Басқа үйлерге қарағанда еңселілеу келген штаб үйі бұрын кеңсе болған секілді. Үйдің алдында екі жауынгер күзетте тұр. Осы жерде төрт жігіт штабты сырттан торуылдауға қалып, бес жігіт қолдарына сапысын алып, штабқа жылжыды. Талай жорықты бастан кешірген, қолма-қол ұрыстың қас шеберіне айналған Мөрәлінің жігіттері штабтың алдындағы күзетте тұрған екі солдатты дыбысын шығармай бірін өлтіріп, екіншісін тұтқынға алды. Тұтқын немістен іште екі неміс офицерінің демалып жатқанын, өздерін жиырма минуттан кейін келесі күзеттің ауыстыратынын білді. Енді кешігуге болмайтын еді. Яғни жиырма минутта селодан шығып кету керек. Сыртта тұтқынмен бір жігіт қалды да төрт жігіт штабқа басып кіріп, ұйықтап жатқан екі офицерді есін жиғызбастан жатқан жерінде тұтқындап, аузына шүберек тығып, екі қолын артына қайырып байлап алып шықты. Үлкен қара жәшіктің ішіндегі құжаттарды, әр түрлі іс қағазадар мен картаны жол қапшықтарына салып алды. Ендігі мәселе жедел түрде кері қайту. Бұл кезде таң да жақын болатын.
Келген іздерімен үй-үйді тасалап, қайтып келеді, жетегінде үш тұтқын. Міне, алдарында атыс ұялары, неміс күзеті тұр. Манағы солдаттар ауысқан сияқты, мына тұрған солдаттар манағы қорбиған солдатқа қарағанда сергек. Айналасын жіті бақылап, олай-былай жүр. Бұлар жата-жата қалды. Екі күзетші бірі-біріне әлденелерді айтып күліп қояды. Олардың не айтып жатқанын неміс тілін білетін Вася болмаса басқалары түсінбейді.
Мөрәлі жігіттеріне белгі беріп, екеуін де жою қажеттігін қолымен көрсетті. Міне, балуан денелі Николай бастаған үш жігіт алға озып, жер бауырлап жылжып барады. Күзетші неміс солдаттары екі айырылып олай бұлай жүр. Міне, күзетшінің бірі Николайдың тұсына келді. Осы сәтте Николай көз ілеспес шапшаңдықпен атып тұрып, неміс солдатын мойнын қайырып, сапысымен тамақтан орып жіберіп, атып ұрды. Қорр еткен дыбыс шықты да, неміс солдаты үнсіз қалды. Бірақ жиырма-отыз метрдей жердегі екінші күзетші әлденені сезгендей артына жалт бұрылды. Серігінің жоқ екенін білді, дереу автоматын кезеніп, бері жүрді. Николай мен қасындағы жігіттер оған шабуыл жасауға үлгірмеді, неміс солдаты бұларды байқап қалды да автоматтан сатырлатып атып жіберді. «Ұрыста тұрыс жоқ» дейтін жағдай туған еді. Мылтық даусы шығып қалды, енді аянатын ештеңе жоқ. Мөрәлінің жігіттері неміс солдатын жалғыз оқпен жер жастандырды да жараланып құлаған Николайды арқалап алып, траншеялар мен қазылған орлардан өтіп, жанталаса жүгірді.
Бұл кезде мылтық даусын естіген немістер де оянып, жертөледен атып-атып шығып, бұлар жаққа оқ ата бастады. Тіпті жиырма шақты солдат бұларға автоматтарын сатырлатып жақындап та қалған. Бұларды өз шептерінде қалған Мөрәлінің үш жігіті автоматтан оқ атып, немістердің назарын өздеріне аударды. Осы аралықта бұлар да аман-есен өз шептеріне жетіп үлгірген. Бұлар үш тұтқын немісті алып, орманға келіп кіргенде таң ағарып еді. Сол жолы бұлар алып келген «тіл» - неміс офицерлері біздің командваниеге аса құнды мәліметтер берді.
Осы жорықтан соң Мөрәлі Шәменов «За Отвагу» медалімен марапатталып, оған капитан шені берілді. Осындай жанкешті сапарға сол жылы тағы да бірнеше мәрте шыққан. Жігіттер бірнеше рет өлім қаупімен бетпе-бет кездесіп еді.
Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатында Мөрәлі Шәменов туралы көрмедегі сарғайған мұрағат құжаттарында сол кездегі наградалық парақ¬қа командирі былай деп жазған екен: «Аға лейтенант М.Шаменов Буды, Монастырская, Кожановка, Пузановка селоларының аумағында жау шебін бұзып өту кезінде барлау взводын басқарды. Оның басқаруымен 22.02. – 09.03.43 ж. аралығындағы ұрыстар кезінде 9 тұтқын жеткі¬зілді. Өзі взводымен бірге бірнеше мәрте жау шебіне барлауға шықты. Барлаушылардың білімін жетіл¬діруде тынбай жұмыс істейді, взвод құрамын мықты жауынгерлермен толықтырумен айналысады»
Сол сияқты тағы да наградалық парақтағы жазу: «Жолдас М.Шаменов – 1943 жылдың қаңтарынан бастап штаб басты¬ғының барлау жөніндегі көмекшісі. 1101 атқыштар полкының құрамында бірқатар жауынгерлік операцияларға қа¬тысты. Оның басшылығымен жаудың 16 адамы тұтқындалды. Жаужүрек командир барлау опе-рацияларын әрқашан өзі басқа¬рады. 20 қыркүйекте барлау опе¬рациясын басқарып, 3 тұтқын әкелді»
Батылдығы және барлау тобының жұмысын дұрыс ұйым¬дастырғаны үшін 1943 жылдың 20 қыркүйегінде Мөрәлі Шәменов «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылған еді.
Соғыста түрлі жағдайлар болып тұрады. Әлі есінде, 1943 жылдың желтоқсан айының 31-і еді. Алда жаңа жыл. Полк Эстония мен Латвияның шекарасындағы шағын қалашық - Валга түбіндегі екі күнге созылған ұрыстан кейін сәл дамылдаған. Мөрәліні сағат он бірлер шамасында батальон командирі шақырды. Батальон командирінің жертөлесіне келіп, өзінің шақырумен келіп тұрғанын баяндады. Командир мен штаб бастығы шай ішіп отыр екен, бұған да бір кружка шай құйды. Сосын Мөрәліге қарап:
– Жолдас капитан, енді таяу уақыттарда жаңа жыл ғой, қалай ойлайсың, жаңа жылда орманда қарсы аламыз ба – деді бұған сынай қарап.
– Біз қазір солдатпыз, жолдас майор, таяу уақыттарда жаңа жылды отбасымызда қарсы алатын боламыз! Командир ойланып қалды, сосын штаб бастығы мен екеуіне кезек қарап:
– Ия, оның рас, біз фашистерді көп ұзатпай-ақ өз ұясында талқандаймыз, – деді. Сонан соң шай құйылған қалайы кружкасына бір шақпақ қант салды. – Дегенмен осы жаңа жылды бір елді мекенде қарсы алсақ деймін. Сен барлаушыларыңа тапсырма бер, мына түстігіміздегі Дмитриевка селосын шолып қайтсын. Егер таза болса бәлкім жаңа жылды сол жерде дұрыстап қарсы алармыз.
Бәрі де сол батальон командирінің айтқанындай болды. Барлаушылар селоны барлап қайтты. Село таза, бірен-саран тұрғындар өз тіршілігімен айналысып жатыр. Кеш батып, қас қарая батальон, екі жүзге жуық адам селоға келіп кірді. Осы жерде жаңа жылды қарсы алып, жақсы тілектер айтылды. Жеңіс үшін деп тостар көтерілді. Түн ауа күзет қойылып, жауынгерлер демалуға жатты.
Мөрәлі өзінің барлаушыларымен бір үйде еді. Түннің бір уағы болғанда сатырлаған автомат дауысынан оянды. Соғыс жағдайы ғой, жауынгерлер киімшең күйі қисайған, тұра сала қаруларын алып сыртқа шықты. Сөйтсе сыртта қан-қасап шайқас. Селоны немістер қоршап алған. Дұшпанның тегеуріні күшті, шағын селоны жан-жақтан тықсырып келеді. Қоршау шеңбері уақыт өткен сайын тарылып барады. Шайқастың келесі бір сәтінде Мөрәліні батальон командирі шақырды. Командирдің бұйрығы қысқа-нұсқа болды. Ол полктен жедел көмек сұраған хатты Мөрәлінің қолына ұстатып:
– Капитан, полкпен байланыс жоқ, қасыңа сенімді жігіттеріңді ал да, қоршаудың бір осал тұсынан амалын тауып, сыртқа шық. Біз шайқаса тұрамыз, сен көмек алып кел, жедел орында! – деді.
Бұл қасына сенімді, тәжірибелі 4 жігітін алып, селоның шығыс жақ бетінен қалың қардың астымен үңгіп отырып сыртқа шықты. Сәтін салып, бұларды немістер байқамай қалды. Бірақ бұлар қалың қарға малтып, полкке жетіп, одан көмекке әскер алып қайтып келемін дегенше үш сағаттай уақыт өтіп кетті. Бұл кезде таң атып, күн көтерілген мезгіл еді.
Селоға қайтып келгенде шайқас аяқталған екен. Немістер кетіп қалыпты. Өртенген үйлер, жайрап жатқан өліктерді көрді. Бір батальон түгел опат болған. Мүрделерді жинап, жерледі, олардың санын шығарып, түгендегенде отыз шақты адамның тұтқынға түскені анықталды. Ең сорақысы, батальондағы барлық офицерлердің басын кесіп, пирамида етіп, бір жерге үйіп кетіпті. Мына жағдайды көргенде мұның төбе шашы тік тұрып, жүрегі қан жылады. Ол өздерін таза қанды ұлтпыз, өркениет көшінің алдындамыз деп есептейтін немістерді осындай жабайы, осындай қаныпезер деп мүлде ойламапты. Сонда Құдайға мың да бір шүкір деп еді Мөрәлі. Бұл да офицер ғой, егер ол командирдің тапсырмасымен кетпегенде бұл да опат болып, басы мына төмпешіктің ішінде қаланып тұрар ма еді кім білсін? Ал, тіпті командирдің көмек сұраған хаты болмаса,бүкіл батальон қырылып қалғанда сен қалай аман қалдың, қашқын, дезертирсің деп өзіміздің адамдар атып тастауы да мүмкін ғой. 1944 жылдың 1 қаңтарындағы осы қанды қырғын әлі күнге дейін көз алдынан кетпейді. Тіпті ұйықтап жатып, түсіне кіріп шошып оянған кездері де болды...
Эстонияны азат ету операцияларында Мөрәлі Шәменовтің барлаушылар бөлімі тіпті күн сайын «тіл» әкелген. Олардың деректері полктың алға жылжуына септігін тигізіп отырған. Капитан М. Шәменовтың көзсіз батырлығы 1944 жылдың 22 тамызында ІІ дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсыну парақшасында жазылған.
Полк үнемі капитан Мөрәлі Шәменовтің барлау тобы әкелетін жау бекі¬ністері туралы нақты мәліметтер, құнды құжаттарды алып отырған. Соған байланысты 1943-1944 жылдардағы шабуылдардың барлығы сәтті аяқталған. Тек Невель түбінде бір айдың ішінде барлаушылар 14 «тіл» әкелген екен, олардың 4-еуі аса маңызды мәліметтерді білетін жоғарғы шенді офицерлер болып шықты. Осы шайқастарда көрсеткен ерліктері үшін ол Ленинград май-даны әскерлері қолбасшысының бұйрығымен ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды.
Тағы бір ерлігі туралы мына бір құжатта: «1945 жылдың 3 мамыр күні капитан М.Шаменов басқарған барлаушылар тобы Узедом аралындағы фашистердің қорғаныс қарулары мен әскери күштерін барлап келді. Пеене бұғазы арқылы аралдың түп жағына орналасқан Вольгастердоф елді мекеніндегі дұшпан күштері туралы аса құнды деректер әкелді. Соның негізінде шабуыл жоспары құрылып, жаяу әскер десанты жедел жеткізіліп, бұғаз бен арал тез арада фашистерден тазартылды» деп жазылыпты Президент мұрағатындағы сарғайған құжатта. М. Шәменовтің бұл ерлігі І дәрежелі Отан соғысы орденімен бағаланды.
Капитан Мөрәлі Шәменов Рославль, Остров, Тарту (Юрьев-Дерпт), Заальфельд, Старогард, Анклам, Грайфсвальд, Штральзунд, сондай-ақ Гданьск (Данциг), Свине¬мюндтағы әскери-теңіз базасына шабуылдарда, Данциг шығанағын және Мариенбург қаласын басып алу, Рюген аралын алу ұрыстарындағы ерен ерлігі үшін 12 рет Бас қолбасшы И.Сталиннің алғыс хатын алған.
Тағы бір «Қызыл Жұлдыз» ордені батырды арада 52 жыл өткеннен кейін тапты. Бұл орден майдангерге 1943 жылы күзде Смоленск облысындағы Латыш ауданындағы шайқастағы көрсеткен ерлігі үшін берілуі тиіс екен. Сол күндері Мөрәлі Шәменовтің барлаушылары 150 шақырым алға жыл¬жып, Рославль қаласын алуға қатысқан-ды. Кезінде түрлі жағдай¬лармен тапсырылмаған «Қызыл Жұлдыз» орденін батырдың зайыбы Ақшонықан амызға 1995 жылы сол кездегі облыс басшысы Сейілбек Шаухаманов салтанатты түрде табыс еткен еді.
Жеті жылға жуық уақыт солдаттың керзі етігімен кәрі Еуропаны жаяу шарлаған қазақтың қара баласына Германия жеріндегі, Эльба өзенінің жағасында орналасқан осы қала елге қайтарында ыстық көрінгені рас еді. Коменданттық қызметтің мерзімі аяқталып, елге қайтуға бұйрық шыққан күн – өміріндегі ерекше қуанышты сәттердің бірі болды. Өйтпегенде ше, елден кеткелі жеті жылға кетіп барады екен. Пойызға мінерде қарулас достарымен бірге комендатурада аудармашы-хатшы болып істейтін неміс қызы Ядвига да Мөрәліні шығарып салуға келді. Мөрәлі оның алтын түстес сары шашынан жаймен ғана аялай сипап, қазақи қамқор көңілмен маңдайынан сүйді. Сонан соң қолын қысып: «Аман бол, айналайын!» – деді.
Осылайша Мөрәлі Шәменовтің 1939 жылы басталған әскери өмірі 1946 жылдың көктемінде ғана бітіп, елге оралған болатын. Елде оны соғыстан қалжыраған халықты көтеру, тұралаған шаруашылықты қалпына келтіру, экономика мен медениетті нығайтуға байланысты сан-салалы, орасан зор істер күтіп тұрды.
Ал, біз он мыңнан астам халқы бар Еуропа жеріндегі мегаполисті бағындырып, тәртіп орнатып, соғыстан қираған қаланы қалпына келтіруге үлес қосқан ержүрек командир Жалағаштың тумасы, өзіміздің Мөрәлі әкеміз болғанын бүгінгі күні зор мақтанышпен еске аламыз.
Тұрақ ӘДИСҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.