ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАР ГЕНЕРАЛ ЕСЕН ДЕМЕСІНОВТІ ЕСКЕ АЛДЫ
Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің үлкен мәжіліс залында ішкі істер органдарының зейнеткері, милиция генерал-майоры Есен Демесіновті еске алу құрметіне арналған жиын болып өтті. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
Ішкі істер департаменті бастығы, полиция полковнигі Қайрат Мұхитовтың және ардагерлер кеңесінің бастамашы болуымен ұйымдастырылған шараға ішкі істер министрлігі өкілдері, қоғам қайраткерлері, аймақ ардагерлері және ішкі істер органдарынан құрметті зейнеткерлікке шыққан ардагерлер қатысты.
Есен Демесінұлы ішкі істер органдарында 40 жылдан астам қызмет атқарған. Ол өз уақытында ішкі істер органдарының беделді ардагері және озаты болған. Қызмет атқарған кезеңде облыстық ішкі істер басқармасының қалыптасуына және дамуына орасан зор үлес қосып, өзінің адалдығының, өз ісіне деген жауапкершілігінің арқасында әр жылдары жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, 13 жыл бойы Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасының бастығы лауазымында қызмет еткен.
1991 жылы СССР Президентінің Жарлығымен «милиция генерал-майоры» деген жоғары әскери шенін алады. 1997 жылы ІІО қатарынан құрметті еңбек демалысына шығады. Қызметтік міндетін мінсіз атқарғаны үшін бірнеше мәрте ҚР ІІМ-нің ордендерімен, медальдарымен, құрмет грамоталарымен марапатталып, КСРО ІІМ-нің «Еңбегі сіңген қызметкері» белгісінің иегері атанған. 2005 жылы 67 жасқа қараған шағында өмірден озды.
Шара аясында Есен Демесенұлының 80 жасқа толуына орай, шәкірттерінің, бірге қызмет еткен әріптестерінің, замандастарының естеліктері жазылған «Сыр елі бағымды ашты, қастерледі» атты кітаптың тұсауы кесіліп, облыстық, ведомстволық деңгейдегі баспа беттерінде шәкірттері мен ізбасарларының ой толғамдары мақала ретінде басылып шықты. Кітап Қажы Қорғанұлының құрастыруымен әзірленген
Сонымен қатар, «Qyzylorda» телеарнасы ұжымының ұйытқы болуымен Есен Демесінұлының өмірінен, еңбек жолынан сыр шертетін танымды, тағылымды бейнеролик әзірленіп, көрермендер назарына жол тартты.
Шара одан кейін «Динамо» спорт кешенінде өткен спорттық турнирге ұласты. Шағын футбол жарысына құқық қорғау органдары, күш және басқа да арнайы құрылымдардың қызметкерлерінен жасақталған 16 құрама команда қатысты.
Спорттық бәсекенің қорытындысы бойынша І орынды ҚР ҰҚК шекара қызметінің 2019 әскери бөлімі құрамасы иеленсе, ІІ орынды ҚР Ұлттық ұланы 5447 әскери бөлімінің командасы қанжығасына байлады. Ал жарыстың қола жүлдегерлері болып Қызылорда облысы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқармасы танылды.
Жеңімпаздар мен жүлдегер командалар жарыс кубогымен, бағалы сыйлықпен, дипломдармен марапатталды.