ҚАЗАҚСТАН – ДОСТЫҚТЫҢ КИЕЛІ МЕКЕНІ
Бұл мереке елімізде 1996 жылдан бастап тойланады. 1995 жылдың 18 қазанында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтің Жарлығы бойынша 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні деп жарияланды.
Қазақстан мемлекеті – көп ұлтты. Біздің елімізде 140-тан астам ұлттар мен ұлыстардың өкілдері татулық уызына ұйып, бейбіт қатар ғұмыр кешуде. Олар – түрік, ұйғыр, кәріс, дүнген, өзбек, қырғыз, түрікмен, тәжік, грек, армян, әзірбайжан, украин, белорус, шешен, карачай-балкар, құмық және тағы басқа этнос өкілдері.
Біз олармен татумыз, доспыз және бір - бірімізбен қоян - қолтық аралас өмір сүрудеміз.
Орайлы тұста айта кетейік, 1995 жылдың наурызында дүние жүзіне үлгі болып отырған, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды. Бұл ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым. Ассамблея 365 мүшесі, 471-ден астам республикалық, өңірлік, облыстық, қалалық ұлттық-мәдени бірлестіктері 500-ге жуық кіші ассамблея мүшелерінің бастарын біріктіріп, біздің ортақ үйіміз – Қазақстанда шынайы достықты қамтамасыз етіп келеді.
Бұл мерекенің мақсаты – Қазақстан халқының бірлігін нығайту, жастарды достық пен ынтымақтастықта өмір сүруге тәрбиелеу.