КРЕАТИВТІ КӨШБАСШЫ – ЗАМАН ТАЛАБЫ
Арал аудандық мәдениет үйінде аудандық білім бөлімі және білім беру қызметкерлерінің кәсіподағы комитетінің ұйымдастыруымен «Креативті көшбасшы–2018» командалық кәсіби сайысының ІІІ кезеңі өтті.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған жердің тарихын, рухани құндылығын дәріптеу мен жаңғырту мақсатындағы басымдықтары мен тың бағыттарын білім беру ұйымдарында жүзеге асыруға бағытталған бұл сайыстың алғашқы кезеңдері №260 орта мектепте өткізілген болатын. Онда мектеп басшылары мен орынбасарларының басқару қызметіндегі сапалық және құзыреттілік деңгейі анықталды. Яғни, мұнда мектептің оқу мен тәрбие үдерісін басқару мен бақылау, әдістемелік көмек беру қызметін үйлестіретін педагог қызметкерлердің республикалық, облыстық, аудандық шараларға қатысу деңгейі талданды. Сондай-ақ, басқару қызметінде педагогикалық әдеп нормаларын ұстану басымдығы және перспективалық жоспарды құру барысында үдеріске сыртқы ортаның әсерін талдай білу деңгейі сараланды. Қатысушылар бірінші айналымда «Талаптан ілтипатқа қадам басу» тақырыбындағы педагогикалық әдеп нормалары туралы ой-тұжырымдарымен ерекшеленсе, келесі айналым PEST-талдауда оқу-тәрбие ісін басқаруда сыртқы ортаның ықпалы жайында айтылды.
Нақтырақ айтқанда, мұндағы P-саяси, E-экономикалық, S-әлеуметтік, T-технологиялық факторлар шеңберінде ұстаздар өз пікірлерін ортаға салды. Осылайша, жаңашыл білім ұясы екенін дәлелдеген сайыстың қорытынды кезеңіне аудандағы №13,14, 62, 64, 71, 83, 220, 260, 262, 19, 21, 82, 177, 231 мектеп ұжымдары жолдама алған болатын.
«Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының аясында ұйымдастырылған аталмыш дода өз мәресіне жетті. Игілікті шараның соңғы айналымының ашылу салтанатына «Нұр Отан» партиясы Арал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Қанатов қатысып, баланы оқыту мен тәрбиелеу ісінде озық жүрген ұстаздар қауымына сәттілік тіледі.
Одан әрі жалғасын тапқан кәсіби сайыс ережесі бойынша 1-кезең өнер жанрына байланысты жеке тұрғыдағы ән орындауға берілсе, 2-кезең ұжымдық тұрғыдағы орындаушыларға берілді. Атап өту қажет, сайысқа белсене араласқан 14 команданың барлығы дерлік өнерге жақын жандар екенін көрсетті.
Осылайша «Креативті көшбасшы – 2018» қорытынды сайыстың бас жүлдесін №262 мектеп-гимназиясы қанжығасына байлады. Ал, бірінші орынды №14 мектеп-лицей жеңіп алса, екінші орынға №260, №71 мектептері ие болды. Үшінші орын №220, №21мектептеріне бұйырды. Жеңіс тұғырынан көрінген білім ордаларына бағалы сыйлықтарды аудандық білім бөлімінің басшысы С.Жанназарова табыс етіп, қалған 8 мектептің қатысушы командаларына Алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.