«100 ЖАҢА ОҚУЛЫҚ» ЖОБАСЫ ЖАСТАРДЫ ҚУАНТТЫ
Еліміздің болашағы саналатын жастардың білім алуына алдыңғы қатарлы мемлекеттердің озық тәжірибелерін оқу үрдісіне енгізу бағытында атқарылуға тиіс жұмыстар Елбасының бағдарламалық мақаласында кеңінен айтылған. Сондықтан Мемлекет басшысы «Гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға алуды тапсырған болатын.
Өздеріңізге мәлім, аталған бағдарлама аясында жүзеге асырылған "100 жаңа оқулық" жобасы бойынша алғашқы 18 оқулық қазақ тіліне аударылды. Бұл аудармаларға АҚШ-тың ең мықты университеттерінде негізгі оқулық саналатын еңбектер таңдалып алынған. Оқулық кітаптардың мазмұны жағынан құнды екені сөзсіз. Осы «100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған алғашқы 18 кітаптың таралымы 10 мың дана екен. Олар сатылымға шығарылмайды, алдағы күндері еліміздегі жоғары және орта арнаулы білім ордаларына тегін таратыла бастайды. Бұл оқулықтар қазақ тіліндегі гуманитарлық білім беру процесін дамытып қана қоймай, мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтеді.
Гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең үздік 100 оқулықты қазақ тіліне аударып, болашақ иесі жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау – алдағы бірнеше жылдың үдесіндегі мақсат-міндет болып табылады.
Білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау – болашаққа жасалатын ең басты бағдар. Сондықтан әлемнің үздік 100 оқулығын Ұлы дала елінің тілінде сөйлету әрине, құптарлық дүние.
Енді бірер жылдан соң ауқымды жоба өз жемісін бере бастайды. Өйткені, алдымызда әлемдегі ең үздік 100 оқулықпен қазақстандық студенттерді оқытуды бастау міндеті тұр. Жоба жастарға тың серпін беретін басым бағыттардың біріне айналмақ.
Аталған жоба әлемдегі таңдаулы оқулықтарды қазақ тіліне аударып, оқу үрдісіне енгізеді. Сөйтіп, ең бастысы жастардың гуманитарлық салаға деген қызығушылығын арттыра түсері хақ.
Елбасының салиқалы саясаты мен ұлт жолындағы ұстанымдары болашаққа бағдар көрсетумен қатар алдағы рухани дамуымыздың өзегіне айналарына сенім зор.
Ерлан БИСЕМБАЕВ,
Қармақшы ауданы Ақжар ауылдық округінің әкімі