КҮРІШТІ, ЫРЫСТЫ ЖАЛАҒАШ
Жалағаш ауданының негізгі тіршілік тынысы – ауыл шаруашылығы. Оның ішінде күріш өсіруде аудан диқандарының тәжірибесі мол. Айталық, өткен жылы облыс көлемінде жиналған 500 мың тонна астықтың үштен бірін осы аудан еңбеккерлері өндірген еді. Көктемнің әр күні жылға азық екенін көңілге түйген диқан қауым тоң жібіп, топырақ беті жұмсарғаннан-ақ шаруаға жұмылып, егіске әзірлік жұмыстарын еңсеріп тастады.
- Жалағаш – Сырдағы дара дақыл – күріш өсірумен аты шыққан аудан. Сондықтан еңбеккерлердің бұл салада жиған тәжірибелері жеткілікті. Өткен жылы аудан бойынша 129 млн тонна күріш өндірілгені осы сөзіміздің дәлелі. Дегенмен, ауыл шаруашылығын әртараптандыруға байланысты қажетті шаралар қабылданып, егістік жердің құнарлылығын сақтауға, тың тәсілдерді енгізуге, өнімділікті көтеруге ұдайы талпыныс бола беретіні мәлім. Сол секілді, алдағы уақытта өндірілген ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеу мәселесін де назарға алып отырмыз. Сыр қауынын сыртқа экспорттап келетін «Магро» фермерлік қожалығының жұмысын да одан әрі дамыту ойымызда бар, - дейді аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев.
Жалпы, ауданның ауыл шаруашылығы саласында бүгінде 14 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 133 шаруа қожалығы және 25 фермерлік қожалық болса, сонымен қатар, олар арқылы құрылған 40 өндірістік кооператив жұмыс жасайды. Олар мемлекет ұсынған жеңілдіктерді тиімді пайдаланып, жүйелі жұмыс жасап келеді.
Биыл аудан бойынша 32 722 гектар егін орналастыру межеленуде. Оның ішінде 18 100 гектар күріш, 285 гектар жаздық бидай, 50 гектар арпа, 2200 гектар мақсары, 3500 гектар жаңа жоңышқа, 5900 гектар ескі жоңышқа, 900 гектар картоп, 787 гектар көкөніс, 1000 гектар бақша дақылдары бар.
Аудан әкімінің айтуынша диқан қауымы көктемгі ақ егісті аяқтауға жақын. Таяу күндерде күріш егісіне кіріседі.