ЖЕҢІС ЖАУЫНГЕРІНІҢ ПЕРЗЕНТІМІН
Қос терегі алыстан менмұндалап қол бұлғап шақырып тұратын менің алақандай ауылым жүрегімнің түбіне ардақтап сақтаған асыл қазынам секілді бағалы болатыны неліктен екен? Мұнарлы сағымдай елестейтін балалық шағымның бойтұмарындай сан естеліктерден тұратын құмды төбелерінің өзі «айналайын, құлыным, келдің бе?» деп ақ жаулықты анам мен мейірімді әкемдей, кимешекті әжемдей шуағын төгіп, күмбез күні биіктен көз тігіп, тал-теректері мен жасыл желегі бас көтеріп, жұпарын шашып, ыстық құшағын ашатындай. Туған ауылыма кіре берісте үлкен қорым бар. Онда әкем мен анам жерленген. Білген дұғамды оқып, аруақтарға зиярат етіп барып, мен үшін аяулы жандардың ізі қалған туған мекенге үлкен толқыныспен қадам басамын. Мен үшін бұл жердің әр адамы түгіл, табиғатын айтпағанда, ащы түтінінің өзі танауыма анамның сексеуілмен қайнатқан сары самаурыны мен тезек өртеп, табаға баптап пісірген таба нанының иісіндей әсер қалдырады. Ал, жарқын құшақ жайған елгезек ауыл адамдарын айтсаңшы. Көңіліне қарасаң, әрбірінің үйінде патшаның байлығы бардай қопаңдап, үйіне бара қалсаң, барын дастарханға қойып, ақ пейілімен жабырқап, шаршап жүрген жан дүниеңді серпілтіп жібереді. Азғана күнде бойыңа жаңа тың күш-қайрат жиналып, өмірге қайта келгендей күй кешесің.Ерте көктемде аузы көкке тиіп, көгеннен босап, орғып, секірген лақтары мен жасыл шалғынға емін-еркін жайылып, желіндері жерге сәл тимей күйіс қайырып, мамыражай маңқиып тұрған сиырларды айтсаңшы. Әйтеуір, ауылымдағы керемет, шынайы, қайталанбас суреттер көз алдыма елестеп жатыр.
Қайран, деймін-ау, оралмас балалық шақты айтам да, ал үлкендер жағы әкем мен анам жайлы шежіреге бергісіз естеліктер айтқанда, балалық, бейкүнә шаққа қайта оралғандай бақытты сәтті бастан кешемін. Осыдан тура 5 жыл бұрын Ұлы жеңістің 65 жылдығына орай ауылға барғанда, «қызым, әкеңнің бұл ауылға сіңірген еңбегі орасан зор, біз сенің әкеңнің біздің қазіргі Ә. Оңалбаев атындағы(бұрынғы №117 Мақпалкөл мектебі) №117 орта мектепте кейінгі ұрпақты тәрбиелеуде ұзақ жылдар ұстаздық қызмет етумен бірге, қанды қырғынның бел ортасында жүріп, туған елді қорғаудағы ерлігін аңыз ғып айтып отырамыз. Майданнан жауынгерлерді ерлікке үндеген өлеңдерімен қоса, тылдағыларды төзімге шақырған жалынды жырлары ел жадында жатталып қалған. Кезінде Шәмшат Төлепова анамыз сенің әкең Асқар Қожахметовтің майданға аттанып бара жатқанда жазған «Қош болып тұр, Қазақстан аймағым!» деген өлеңін қалың жұртшылыққа таратқан болатын. Ал, анаң Қатша болса, майданға елден сәлем жолдап өлеңмен хат жазып тұратын. Дүние-ай, сондай асыл адамдар өмірден өтеді деп кім ойлаған? Тектілердің тұяғысың ғой, айналайын! Әкеңнің өнерін өшірме. Өмірінің жалғасы сендерсіңдер. Елдегі зиялы қауым ақылдасып, әкеңнің есімін санадан өшірмеу үшін, орталық көшемізге атын беріп, ескерткіш тақта орнатпақпыз. Жастардың құрмет тұтып, гүл шоқтарын қоятын қасиетті жері де сол ескерткіш болмақ. Қолжазбаларын жинап жарыққа шығардыңдар. Әке аманатын орындап келесіңдер. Ол үшін рахмет! Өмірде ұрпағы болмай, аты санадан өшіп, ескерусіз қалып жатқан адамдар қаншама. Оған да шүкір. Біз білетін Асекеңнің өмірінің мәні өнері мен өлеңі еді ғой. Сол таланты саған дарыған. Шығармашылығың шыңдала берсін! Өрлей бер, қызым» деп ауыл қарияларының бата бергені әлі есімде.
Содан бері бақандай 5 жыл өткен. Менің өзім 50-ге жақындадым. Ал, әкем көктемде, Ұлы жеңістің мерейлі 70 жылдығында 100 жасқа толды. Уақыт желден жүйрік деген сол екен-ау. Кейде уысымызда тұрған бақытты босатып жібереміз. Ал, біздің әкелеріміз ше? Қан майданда да сүйем жерді дұшпанға бермеу үшін жан беріп, жан алысты. Сызды окопта жатып, жалынды жырлар жазды. Майданнан жазған өлеңдерінің тақырыбы да сан алуан. Мәселен, «Ауылдағы қарттар қауымына», «Қыз-келіншектерге», «Аяулы ағаларға», «Апа-қарындастарға», «Жеңгелерге», «Жан жарыма» деген тақырыптарда. Ал, ел ішінде көп тараған «Қош болып тұр, Қазақстан аймағым!» өлеңін ауылдың қариялары жатқа айтып отырды әуенімен. Сол қасіретті шақтың әнұраны секілді бұл әннің әуені де зарлы, көңілге қимастық пен сағыныш ұялатады. Сол өлеңді ауыл адамдары тебірене шырқағанда, олардың жанарынан мөлтілдеп тұрған жасты көріп, мен де босап кетіп, зарлы әуенге қосыла шырқадым.
Қош болып тұр, Қазақстан аймағым,
Ойлай берсем, еске түсер қайдағым.
Туған жер мен өскен жерге қауышып,
Бұрынғыдай болар ма екен сайраным?
Сау болып тұр Қазақстан даласы,
Қош болып тұр, Сыр, Қуаңның саласы.
Отан қорғау сапарына аттанған,
Атым–Асқар, Қожахмет баласы!
Бағытымыз төмен қарай барамыз,
Бір вагонда отыз бестей баламыз.
Тал шыбықтай пісіп тұрған өңкей жас,
Он тоғыз бен жиырма жеті арамыз.
Қош болып тұр, көлге біткен құрағым,
Қай жерлерден болар екен тұрағым.
Жауды жеңіп, туған елмен қауышсам,
Болар еді мақсатым мен мұратым.
Сәлемімді барлығыңа беремін,
Азаматпын, басқа түссе көремін.
Жолыққанша сау болыңдар туған ел,
Өмір болса, қайта айналып келермін...
Шындығында, өзі өлеңмен өрнектегендей, бізді жарық дүниеге әкелген әкеміз мүгедек болып, елге оралды. Артынан өлді деген «қара қағаз» да келген болатын. «Мамаев» қорғанындағы ескерткіште қайтыс болғандардың ішінде әкемнің есімі де жазылған. Тұтқынға да түскен, жаралы да болған. Бертін келе шыққан «Боздақтар» кітабында 1943 жылы қайтыс болған деген сөздерді көзі тірі кезінде әкем өз көзімен көріп, қайран болды. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өлер» деген аталы сөз ақиқатқа айналды Ол уақытта соғыстан соңғы ауыртпалық та алыстағы ауыл адамдарына оңайға соққан жоқ. Бірде аш, бірде тоқ болып, таза еңбек пен төгілген маңдай тердің арқасында анасынан 5 жасында, әкесінен 9 жасында тұл жетім болып қалған әкем атадан қалған бір жалғыз болып өскен қиындығымен қоса, сұм соғыстың от жалынын да ерлікпен тойтарған екен-ау. Әрине, әкенің шоқтығы биік бейнесін жылдар өткен сайын терең сезінудемін. Өркен жайған отбасының ажары мен берекесін кіргізген ата мен анам болса, олардың көзқуанышы, базары мен байлығы біздер 6 баласы болыппыз-ау.
Ал, әкеден тараған ұрпақтар, яғни біздер бір ұяның тек жеңістен соңғы қарлығаштары екенбіз-ау. Бізге қанды қасіреттен кейінгі бұлттан шыққан шуақты күндей сәтте бағалы өмір сыйлаған әкеміз бен анамызға тағзым етіп, бас иеміз. Перзенттік борышымызды ақтау әрине, қиын екені ақиқат. Біз жоққа шүкір, барға қанағат еткен, байтақ елімізге Ұлы жеңіс сыйлаған рухы биік әке мен ананың ұрпағы болғанымыз үшін де мақтанамыз.
Ал, әкем мен анам болса, менің шығармашылық адамы болғанымды қалап еді-ау. Қайран жан әкем менің қауырсыны қатаймаған балапан жырларымды оқып «Қызым, сенің өлеңің менің өлеңімнен де керемет! Жаза бер, шыңдаласың. Қанатың талмасын!» деп ақ бата берген болатын. Үлкен жүректі әкемнің қиялыма қанат бітірген серпінді сөздері болмаса, мен кім болар едім? Мүмкін шығармашылық шыңдалу болар ма, болмас па, кім білсін? Ал, менің қамқоршым, асыл анам болса, «өнерде кешігу деген болмайды. Ұлы бабаң Абай да «Қолымды мезгілінен кеш сермедім, Қолымды дөп сермесем өстер ме едім...» деп өкінгенмен, Абайдың ұлылығын күллі әлем мойындады. Ал, Абай атаң 40 жасында танылған. Алла бұйыртса, бар базарлы өмірің алдыңда» деген еді. Мені кешігіп болса да, қиындығы мен қызығы мол, киелі қалам мен қағазды серік қылған шығармашылық әлеміне алып келген де ақ анамның арманы мен жан әкемнің риясыз ақ тілегі мен ауылдастарымның шын ниетпен берген батасы болатын. Шындығында, шиыртпақталған қағаз бен киелі қаламның құдіретімен қалың жұртшылыққа оймақтай болса да ой айтып, түйінді сөзді тереңнен төгілту қиынның қиыны. Оған зерделі зерек сөз, ұғымды да, құнды сұлу тіркестер керек. Ал, оның бәрін сомдап шығу үшін шығармашылық адамына ақыл, парасат, зеректік, аңғарымпаздық, терең білім мен толғаныс, ширыққан шабыт керек. Тал бойыңа осы қасиеттер тоғысқанда ғана сенің алдыңнан күмбез күн күлімдейді, қалың қауымның құрметіне бөленесің, ілтипаты мен алғаусыз алғысын аласың. Жарты ғасырлық өмірде мен жан-жүрегіммен сезінген шығармашылық адамдары осындай шеберлігі шыңдалған керемет, үлкен жүректі шұғыласы мен жаншуағы шашырап тұрған арайлы жандар! Шығармашылық өкілдерін халықтың сыйлап, төрден орын беретіні де сондықтан. Олар атақ пен даңқтан гөрі қасиетті ақ қағаз бен бояуы бедерлі, сиясы қою қаламды жоғары қойып, қасиет пен өсиетке табынады.
Ал, менің әкем болса, жер мен көкті қуырған сұм соғыста жүріп, мен қадірлеген үшкір қалам мен қаруын қатар ұстаған азамат. Сондықтан әке аманатын пір тұтқан перзентінің қалам мен қағазды дүниенің бар қазынасы мен байлығынан жоғары ұстайтыны заңдылық. Ендеше, мен бүкіл мағыналы ғұмырымда қалам мен қағазды жаныма серік қылсам, мұнан асқан бақыт жоқ деп білемін. Өзімнің ақ жолым мен орнықты орнымды өмірден таптым деп ойлаймын. Өмірде жар таңдау мен мамандық таңдаудан қателеспеу керек деп жатады. Менің пешенеме осы екі бақыт та бұйырған сияқты. Перзенттерімнің ортасында ақ отауымның шамын жағып отырған анамын. Аллаға сан шүкіршілік. Бірақ, соңғы бақытқа зор қиындықпен, қажырлы еңбек, маңдай термен ғана жеттім деп ойлаймын. Бұл менің балалық бал күнімнен аңсаған мамандық болатын. Әке аманатын орындасаң ғана алдыңнан ақ жол ашылады екен. Ол бақыт жолы болатынына сенімдімін. Менің бойыма да әкемді Ұлы жеңіске жігерлендірген қайрат пен рух дем берсе болғаны. Өйткені, мен Ұлы жеңісті ту қылған қазақ деген қайсар ұлттың ержүрек, жауынгер ұлының перзентімін ғой.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА,
майдангер ақынның қызы