"СЫР ДАРЫНЫ" БІЛІМДІЛЕР АКАДЕМИЯСЫ ҚҰРЫЛДЫ
Ұлт Көшбасшысының «Келешекке кемел біліммен» деп мұғалімдерге артқан сенімін ақтай отырып, білім беруді тәрбиемен жаңаша ұштастырып, оның сапасын көтеру – мәртебесі биік, маңызы зор жалпыұлттық мүдде.
Сыр өңірінің білікті де білімді ұстаздарының тынбай ізденуінің арқасында мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік оқушылар саны артып келеді. Шәкірттеріміз республикалық, халықаралық деңгейдегі білім бәсекелерінде алдыңғы қатардан көрініп жүр.
Аймақта облыс әкімінің бастамасымен білімгерлер академиясын құру арқылы білімнің сапасын басқару жүйесі қалыптастырылды. Бұл бағытта Қызылордада дарынды балаларды дамыту, «Алтын белгі», «Үздік аттестат» үміткерлері мен жалпы білім беретін пәндер бойынша қалалық/аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадалар мен конкурстарға мектеп оқушыларының белсенді қатысуын арттыру, жоғары нәтиже көрсетуге жұмыс жасау , білімін шыңдау және оларға қолдау көрсету мақсатында «Сыр Дарыны» білімділер академиясы құрылды.
Академия «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығы базасында 2018 жылдың 23 сәуірінен 3 мамыры күндері аралығында облыс бойынша «Алтын белгі» , «Үздік аттестат» үміткерлерін қабылдап,өзінің алғашқы қадамын жасады.
Арал ауданынан-29 оқушы, Қазалы ауданынан -17 оқушы, Қармақшы ауданынан – 14 оқушы, Жалағаш ауданынан-16 оқушы, Сырдария ауданынан-13 оқушы, Шиелі ауданынан-16 оқушы, Жаңақорған ауданынан -15 оқушы, Қызылорда қаласынан -10 оқушы "Сыр Дарыны" білімділер академиясының тұңғыш перзенттері атанбақ.
Сыр елінің дарындылары мен ғалымдары бірлесе жұмыс жасамақ.Академияда облысымыздың жоғары санатты ұстаздары, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік Университетінің профессорлары мен үздік оқытушылары сабақ жүргізіп, дайындық жұмыстарын жалғастыратын болады. Академияға оқушылар сынақ тесттері арқылы қабылданды. Сонымен қатар, дарындылардың сабақ кестелері арнайы бағдарлама бойынша құрылып, жұмыс жасалуда.
Оқушылар негізгі пәндер бойынша 6 топқа, таңдау пәндері бойынша 16 топқа бөлініп, күніне 2 мезгіл сабақ барысына дайындалуда.
Академияда оқушыларға ғана емес, сондай-ақ оқытушыларға да қолайлы жағдай жасалып, 5 мезгіл ас дайындалып, оқу үдерісінің мінсіз, қатысушылардың физикалық-эмоционалдық жай-күйінің тұрақтылығы үшін жағдай жасалған. Академияда сабақтан тыс уақыттарда мәдени-танымдық шаралар жүргізілуде: «Квест» танымдық ойыны, « Кел танысайық» танысу кеші, «Әр жас түлек бір жас шыбық» ағаш отырғызу акциясы,ҰБТ туралы, мамандық туралы оқушылар арасында түсіндірме жұмыстары тағы да басқа шаралар жүргізілуде. «Сыр дарындылары» академиясының алғашқы шәкірттеріне сәттілік тілейміз.