ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ АРТТЫ
2018 жылдың қаңтар-наурыз айларында облыстың негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 127,9 пайызды, ал құрылыс жұмыстарының көлемі 2017 жылдың осы айымен салыстырғанда 129,5 пайызды құрады. Бұл туралы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев І тоқсанда атқарылған жұмыстарды қорытындылаған кеңейтілген мәжілісте мәлімдеді.
Актив мәжілісінде мемлекеттік орган басшылары атқарылған жұмыстары туралы баяндады. Осы жылғы жұмыс нәтижелері жаман емес, дегенмен, жылдың аяғына дейін бірқатар маңызды жобаларды іске асыру қажеттігін атап өтті өңір басшысы.
Облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының өткен және алдағы кезеңдегі міндеттері туралы баяндады. 2018 жылдың қаңтар-наурыз айларында облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарымен 208,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілді.
Нақты көлем индексі 96,5 пайыз құраған. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібінде де өсу байқалуда. Тамақ өнімдерін өндіру, мұнай өңдеу өнімдері, резеңке және пластмасса бұйымдарын, өзге металл емес минералдық өнімдер өндірісінің артуы есебінен өңдеу өнеркәсібінде өсім 6,6 пайызға қамтамасыз етілді. Инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында өңірде шетелдік инвесторлармен жұмыс жүргізілуде.
Сондай-ақ, мәжілісте Мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бастамасын іске асыру бойынша мәселелер қаралды (әрбір отбасының баспана алудағы жаңа мүмкіндіктері, жалақысы төмен қызметкерлердің салықтық жүктемелерін төмендету, студент жастардың өмір сүру жағдайын жақсарту, шағын несиелерді кеңейту және елде газданыру жұмыстарын одан әрі жалғастыру), сонымен бірге, салық базасын кеңейту және заңсыз жұмыспен қамтылған азаматтарды заңдастыру.
Мәжілісті қорытындылай келе, облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы оң қарқында болғанымен, әлі де шешуді қажет ететін көптеген мәселелер барын атап өтті. "Мысалы, заңсыз жұмыспен қамтылғандар болашақта міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру арқылы медициналық қызметтерді пайдалана алмайды. Тоқмейілсуге әлі ерте, алда көптеген жұмыстар жасауымыз керек," - деп түйіндеді аймақ басшысы.