СПОРТШЫ ҚЫЗ ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАБАН ТІРЕДІ
Қызылорда облыстық жастар саясаты басқарамасының қолдауымен аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына жыл толуына орай «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының қатысушысы, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген спорт шебері Марина Вольновамен «Спорт - денсаулық кепілі» атты кездесу өтті.
Туған топырағына табаны тиген боксшы қыз әуелі аудандық спорт кешеніне барып, жас боксшылармен кездесті. Жігерлендіретін жалынды сөздерін арнап, ашық пікір алысты. Одан соң аудандық мәдениет үйіне келіп, жанкүйерлерімен, ұстаздарымен, сыныптастарымен және Маринаға алғаш бокс қолбағын кигізген бапкерімен кездесті. Боксшы қызды туған елі сағынғандығын қаумалаған адамдардың ыстық ықыласынан анық аңғаруға болады.
Кездесу барысында Марина Вольнова спорттағы жүріп өткен жолдарын, жетістікке жетудің қыр-сырын айтты. Одан өзге спорттағы қыз балалардың орны, жетістікке жеткен шебер спортшы ғана емес отбасы ұйытқысына айналған адал жар, қамқор ана атанудың құпияларымен бөлісті. Ұстаздары ыстық лебіздерін білдіріп, спортшының балалық шағынан естеліктер айтты. Жиналғандар өздерін толғандырған сауалдарын жолдады.
Туған жерімен сағына қауышқан былғары қолбақ шебері алдағы жоспарларымен де бөлісті. Қазақтың келіні ретінде ел демаграфиясына үлес қосып жүрген Марина жаттығуларына енді кірісетіндігін айтты. 4 жыл бала күтімімен демалыста болған ол бабына келу үшін көп тер төге керектігін де жасырмады.
Бұл шараның Қазалы ауданында өтуі де бекер емес. Маринаның балалық шағы осы Қазалы қаласында өткен. Ол мұнда балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде дзюдо күресінен жаттыққан. Осы жердің тумасы бүгінгі күні ҚР еңбегі сіңген спорт шебері. АҚШ-тың Барбодос қаласында өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, жерін әлемге танытып жүрген спортшы.
Көпшіліктің сұрауы бойынша ертең спорт кешенінде шеберлік сағаты өтеді. Онда Марина спорт әлеміне енді қадам басқан жас боксшылармен кездесіп, білген-түйгендерін ортаға салады. Сонымен қатар табысқа жету жолдарымен бөлісіп, өз тәжірибесін баяндай отырып жас спортшылардың сұрағына жауап береді. Сонымен қатар шеберлік сағатына келген қыздар мен жігіттерге өзін-өзі қорғау тәсілдерін көрсетеді.