ЖҮЗ ЖАҢА ОҚУЛЫҚ-ИГІ БАСТАМА
Жарияланғанына бір жылдан асып бара жатқан Елбасының «Болашаққа бағдар:ухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы қоғамдық өмірімізде үлкен құбылыс болғаны анық. Қоғам күткен көптеген өзгерістер ұлттық сана, әдебиет пен мәдениетіміздегі, жақын уақытта атқарылуы тиіс міндеттер мақалада көрініс тапты. Бұл арада білімге де ерекше көңіл бөлінген.Мақалада..Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деген жолдар бар. Осыдан байқайтынымыз білім ұлттың дамуында, болашақта маңызды болып қала бермек.«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» - бұл алдағы уақытта тарих, саясаттану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары саласында толыққанды білім алуды көздеген жоба деуімізге болады. Әлемдегі ең таңдаулы 100 оқулықтың әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударылуы жастарды дүние жүзіндегі таңдаулы білім жауһарларын меңгеруге жетелейді.Аталмыш жоба жастардың гуманитарлық салаға деген қызығушылығын арттырады. Қоғамдық сананы жаңғыртуда бұл бастаманың рөлі ерекше болмақ.
Білім саласындағы мұндай үлкен өзгеріс, әлгіндей 100 оқулықтың аударылуы, оның білім игерудегі қазынамызға айналуының мектеп оқушылары үшін де маңызы зор. Бүгінгі мектеп қабырғасындағы оқушы – ертеңгі тәуелсіз еліміздің азаматы, ертеңгі жоғарғы оқу орнында білім алатын жастар, студенттер.Бүгінгідей әлемдік экономиканың, өндірістің,адамзат ақыл-ойының ерекше дамуы жағдайында «100 жаңа оқулықты» аудару мәселесін қолға алуымыз-қажеттілік. Жобаның ерекше маңыздылығы да осында болмақ.
Тағыда Елбасы мақаласына оралатын болсақ: «Бұл бағдарлама арқылы неге қол жеткіземіз? Ең алдымен жүз мыңдаған студентке жаңа сапалық деңгейде білім бере бастаймыз. Білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау деген сөз».Гуманитарлық білімнің бағыттары бойынша әлемдегі ең озық 100 оқулықты ана тілімізге аудару арқылы жаһандық деңгейдегі ғылыми еңбектердің қолжетімді болуына мүмкіндік жасалмақ. Демек, әлемдегі ең үздік 100 оқулықтан студенттерде, қазіргі мектеп қабырғасындағы оқушылар да, яғни болашақ студенттер де іздегенін таба алады, білім мұхитында өзіне қажеттіге кездеседі және өз игілігіне жарата алады. Мұның мемлекет үшін де, қоғам үшін де маңызы зор болып қала бермек.
Кеңес өкіметі саясатының тұсындағы рухани дағдарыс елді тұралатып кеткені тарихтан баршамызға белгілі.Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері,публицист,ғалым,аудармашы Әлихан Бөкейхан руханият туралы: «Рухани мәдениеттің бір белгісі- жұрт баласына жалпы оқу, газет, кітап оқып,ғылым жолын тану, қол жеткені ғылым жолында ізденіп адам баласына жақсылық жол ашу», деген болатын.Бүгінгі күні осының бәрі бар, білімге кең жол ашылды,тек ниет мол болсын. Ол үшін мемлекет тарапынан барлық мүмкіндіктер жасалуда.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім саласына ерекше көңіл бөліп, қамқорлық көрсетіп келеді. Болашағын ойлаған ел үшін білім басты назарда болмақ. Бұл дегеніміз мемлекеттің даму саясатында сапалы білімнің орны айрықша екенін көрсетеді.
Бақыткүл КАДИРОВА
№22 орта мектебінің директоры
Арал ауданы, Ақбасты ауылы