ҚЫЗЫЛОРДАДА КОММУНАЛДЫҚ ТӨЛЕМДЕРДІ ТЕРМИНАЛ АРҚЫЛЫ ТӨЛЕЙТІНДЕР САНЫ АРТҚАН
Қоғамдағы сыбайлас жемқорлық тәуекелділіктеріне және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу барысына талдау жұмыстарын жүргізу мақсатында құрылған облыстық арнайы мониторингтік топ жұмысының нәтижесінде Қызылорда қаласында коммуналдық төлемдер үшін бірыңғай төлем құжатын қолданысқа енгізуге қол жеткізілген, - деп хабарлайды 24.kz.
Бұл туралы Қызылорда облыстық арнайы мониторингтік топтың жетекшісі Анар Ізден Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен құрылған республикалық арнайы мониторингтік топтың облыстық топ мүшелерімен кездесуінде мәлімдеді.
Осы кезге дейін коммуналдық төлемдерге ақы төлеу бойынша бірыңғай төлем құжатын енгізу жұмыстары әрбір жылдары қолға алынғанмен, еш нәтиже бермеген. Тек арнайы мониторингтік топтың ұсыныс беріп, талап етуі негізінде ғана бұл мәселені шешу мүмкін болып отыр. Бүгінгі таңда электр энергиясы, жылу, ауызсу және тұрғын үйді ұстап тұру шығындары бір құжатқа енгізіліп, қала тұрғындарына тиімді болып отыр. Сонымен қатар коммуналдық төлемдерге интернет банкинг, терминалдар арқылы төлем жасау 2016 жылмен салыстырғанда 223488-ден 603078-ге артқан.
Сондай-ақ облыстық топ мемлекеттік органдар мен ұйымдар қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бойынша сыртқы талдау жұмысы атқарылуда. Былтыр 17 мемлекеттік орган мен ұйымдарда сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бойынша талдау жұмыстары жүргізіліп, 77 ұсыным берілген.