ХОККЕЙДЕН ӘЧ: ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫ ЕКІНШІ РЕТ ІРІ ЕСЕППЕН ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ
Бірінші дивизион арасында Будапеште өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы екінші кездесуінде де ірі есеппен жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл жолы Ғалым Мәмбетәлиевтің шәкірттері Ұлыбритания құрамасымен күш сынасты.
Бірінші кезеңде 3-минутта-ақ британдық Люк Феррара есеп ашып, командасын алға шығарды. Дегенмен 15-минутта сан басымдылығын пайдаланған Дмитрий Гренц есепті теңестірді.
Екінші кезеңде Қазақстан құрамасынан әуелі Антон Сагадеев 33-минутта мергендік танытса, 35-минутта Роман Старченко есепті 3:1-ге жеткізді.
Соңғы, үшінші кезеңде 42-минутта Р.Старченко тағы бір голдың авторы атанса, 46-минутта Никита Михайлис көзге түсті. 47-минутта Әлихан Әсетов матчтың нүктесін қойды.
Осылайша қазақстандықтар қарсыласын 6:1 есебімен ойсырата ұтты.
Еске сала кетейік, 22 сәуір күні Қазақстан құрамасының мажарларды 3:0 есебімен бет қаратпай ұтқанын жазған болатынбыз. Қатарынан екі мәрте жеңіске жеткен қазақстандықтар қос турдан кейін 6 ұпаймен көш бастап келеді. Италия, Польша, Венгрия және Ұлыбритания командаларының үш-үштен ұпайлары бар.
Ғ.Мәмбетәлиевтің шәкірттері енді 25 сәуір күні Италия, 27 сәуірде Словениямен, 28-інде Польша құрамасымен күш сынасады.
Бұл жарыста бірінші және екінші орынды иеленген командалар элиталық дивизионға жолдама алады.