РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ БИІК БЕЛЕСТЕРІ
ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры. Жаңа ғасыр, жаңа мыңжылдық басында бүгінгі қоғам талабы – ұлттық рухы биік, білімді, намысты, санасы ашық қазақтың санын көбейту, сапасын арттыру.
Еліміз бүкіләлемдік жаһандану кеңістігіне еніп, өркениетті дамыған елдер қатарынан орын алуды мақсат етуде. Елбасы Н.Назарбаев «Біздің жастарымыз оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек», – деген өз Жолдауында. Білім мен тәрбиені алған жастарымыз өзінің күнделікті өмірінде оны өзінің қажеттілігіне тұтына білуі керек.
Қазақ жастарының білім көкжиегін кеңейтуде батыстық, еуропалық әр түрлі білім беру мен тәрбие құралы ретінде түрлі технологиялар мен оқу құралдарын, ғылыми-әдістемелік еңбектер ұсынылып жүр. Әрине, олардың түрі де көп, деңгейі де әр түрлі. Ақпараттардың көптігі сонша, ұрпақ тәрбиесіне осылардың ең қажеттісі қайсысы екенінен жаңылатын уақытқа келгендейміз.
Міне, осы тұста Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарыққа шығып, көптеген күмәнді мәселелерді сейілтіп, ел-халқының болашақ қадамын айқындап берді. Президент дамудың нақты алты бағытын – ұлттық сана, бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті дамыту, білімнің салтанат құруы және сананың ашықтығы деп атап көрсете отырып: «Мен халқымның тағлымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», – деді.
Ұлттың ұйысып, ұрпағымыздың саналы да, рухты болып өсуі үшін ең алдымен білім сапалы, тәрбие берік болуы керек. Өйткені, ұрпақ тәрбиесі – еліміздің болашағы.
Әл-Фарабидің мына сөзі есте әрдайым болуы керек: «Тәрбиесіз берілген білім – қауіпті». Ал ұлт тәрбиесінің тамыры тіпті тереңде. Ұлт көсемдерінің аманатын келер ұрпаққа үзбей, ардақтап апаратын жастарды тәрбиелеу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Бүгінде болашаққа барар жолда олардың өмірін, өз дәуірінде ұрпақ үшін атқарып кеткен істерін үнемі тәрбие көзіне айналдырып, ұрпақ санасына сіңіріп отыру – парызымыз.
Мәселен, алаш ағартушыларының бірі, ақын М.Жұмабаев ұлт тәрбиесін бір жақты қарамайды, «оның озығы мен тозығын» айырып алуды, басқа елдің оқымыстыларының ұтымды ой-пікірлерін игеруді көрсетеді. Елбасының атап көрсетіп беріп отырған бағыты да осымен үндес, сабақтас.
М.Жұмабев адам баласы туылғаннан кейін төрт түрлі тәрбиені бойына сіңіру керек деп көрсеткен: алдымен – дене тәрбиесі, туа салған баланың бір жапырақ қызыл шақа күйінен азамат тұлға болып жетілуі үшін, қимыл-қозғалыстың, шымыр да қайратты болып өсуі үшін дене тәрбиесінің орны ерекше деп атап өтеді. Бұл бүгінгі патриоттық және спорттық тәрбие.
Ал, екінші ақыл тәрбиесі. Ол – білім. Жаһандық әлемге сан-салалы біліммен қаруланған ел ғана көшке ілесе алады.
Үшінші – сұлулық тәрбиесі, ол – өнер. Ұлттық өнерден бастау алған музыка әлемі, сурет, қолөнер, дастархан байлығы, киім түрлерінің сәндік мәдениеті, әшекей бұйымдар мен жәдігерлер халықтығымызды танытатын тұсы.
Төртінші – құлық тәрбиесі дейді ғалым, ол – әдет, сана тәрбиесі. Ұлттық озық салт-дәстүрлерімізден бастау алып, өркениеттік деңгейге жету – бүгінгі басты ұстанымымыз.
Осы төрт тәрбиені бойына сіңірген жастардан елдің елдігін сақтап, көсегесін көгертетін, ұлтжанды, жігерлі, білімді ұрпақ шығатыны сөзсіз. Елбасы атап көрсетіп отырған рухани жаңғыру дегеніміз де сол: біріншіден – адал өмір сүруге, еңбек етуге, бейім, білім нәрімен терең сусындаған азамат тәрбиелеу; екіншіден – халқымыздың өткенін қадірлейтін, болашағына үлкен сеніммен қарайтын саналы ұрпақ тәрбиелеу; үшіншіден – туған елді қадірлеу, өз елінің тарихы мен мәдениетін, дәстүрін жақсы білетін, ұрпағына үлгі ететін Тұлға тәрбиелеу.
Білім – адамзат жинақтаған мәдени құндылықтар жүйесі болғандықтан, сапалы білім беру арқылы тәрбие жүйесін ізгілендіруге қол жеткізу басты мақсатымыз болмақ. Сондықтан бүгінгі күні мемлекеттік бағдарламаны игертуде осы бағытты ұстанудамыз. Иран халқында «Бала істеген жауыздықтың жазасын тәрбиешісі көтерсін» деген қанатты сөз бар. Бүгінгі күні қоғам болып қолға алып отырған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – тамыры осындай терең, бай мазмұнды, маңызды ұлт жоспары. Бұл – ұлттық құндылықтарымыздың озық түрлерін жинақтап, ұрпақ санасына сіңіріп, жақсы істерімізді жастарымызға үлгі етіп, үйретіп, саналы да өз елін шексіз сүйетін ұлт тұлғасын қалыптасытра отырып, келешегімізді кемелдендіретін маңызды қадам.
Бұл – 2030 жылға дейінгі үш кезеңнен тұратын ұлт жоспарының бірінші кезеңі – 2017-2022 жылдарды қамтиды. Осы орайда, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан бастау алатын «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаевтың қолымен бекіткен «Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын Қызылорда облысында іске асыру және үйлестіру туралы» үкімі шықты, жұмыс бағдарламалары жасалды.
Биылғы жылдың басынан бастап, аймақ басшысы өңіріміздегі «Рухани жаңғыру» орталығын құрып, ұлт болашағы үшін жасалатын ауқымды бағдарламалар туралы алқалы кеңес құрды. Олармен ақылдаса отырып, болашақта атқарылатын істердің кестесін сызып, оның маңыздылығын баса айтты, жауапкершілікпен атқаруды міндеттеді. Демек, біздің облыстың әрбір көзі ашық азаматы бұған бей-жай қарамауымыз керек.
Ең алдымен, аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының мақсаты не? Ол ең алдымен – әлемдік жаһандану үдерісіне ұлттық құндылықтарымызбен ілесу. Яғни, қасиетті тіліміз бен өнегелі салт-дәстүрлерімізді, озық ойлы даналарымыздың өсиеттерін үлгі етіп, туған жерді құрметтей отырып, тәуелсіз еліміздің ұлттық болмысын әлемге таныту және алдыңғы қатарлы дамыған елдердің қатарынан орын алу. Саналы азамат, отаншыл ұлт Тұлғасын қалыптастыру.
Еліміздің барлық аймақтары осы жоспарларды жүзеге асыруға кірісіп жатыр. Облысымызда құрылған аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы болып белгілі ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Кәрбозұлы Мыңжас бекітілді. Орталықтың үш бөлімі бар: «Рухани қазына» бөлімі өңіріміздегі маңызды тарихи жәдігерлеріміз бен тарихи-мәдени құндылықтарымызды жинап, зерттеп, ғылыми еңбектер дайындауды жоспарлап отыр. Оның жетекшісі – шығыстанушы, филолгия ғылымдарының кандидаты Қосан Серікбай Қылышбайұлы.
«Ақпарат толқыны» және «Атамекен» бөлімі – туған жерге жомарттығымен, еліміздегі өнегелі істерді, солардың ұйтқысы болып жүрген азаматтардың еңбегін насихаттау, осы бағыттағы барлық істерді ақпараттандыру мәселесімен айналысып, маңызды шараларды атқаруға мұрындық болып отырған бөлім. Оның жетекшісі – Гүлмира Әшірбекова, филолгия ғылымдарының кандидаты, білікті журналист. Үшіншісі – ең маңызды бөлімі «Тәрбие және білім» бөлімі. Бұл бөлімінің атқарар қызметі де, көтерер жүгі де ауқымды. Бөлімнің жетекшісі – ҚР еңбегі сіңген қайраткер Әлима Жақыпқызы Әбдіхалықова.
Сондықтан, біз білім мен тәрбие туралы сөз қозғағанда бей-жай қарай алмай, осы бағытта тереңірек тоқталып отырмыз. «Тәрбие мен білім» бөлімі үлкен бес бағыттан тұрады: «Саналы азамат», «Өлкетану», «Отаным-тағдырым», «Латын тіліне көшу», «100 жаңа оқулық». Осы әр бағыттың әрқайсысы бірнеше арналы жобаларға бөлінген: «Саналы азамат» бағытында –«Алтын қазына», «Мамандықтар әлемі», «Ұлы өнертабыстарға алғашқы қадам», «Дарындылар елі», «Айналаға қара», «Кітап – білім бұлағы», «Отбасы әлемі», «Ұлы дала жастары» деген республикалық жобалардан тұрады. «Өлкетану» бағытында – «Алтын адам», «Тарих мұрасы», «Табиғат–бесігім», «Менің Отаным–Қазақстан» атты кіші жобалар бар. «Отаным–тағдырым» бағытында – «Ұстаз – өзгерістер елшісі»,«Өрле, Қазақстан»,«Сөз – тілдің көркі»,«Менің бастамам – менің Отаныма»,« Дарынды ұрпақ– ел болашағы» деген кіші жобалардан тұрады.
Әр кіші жобалар аймақтық, аудандық, ауылдық ауқымда қамтылған шаралармен жалғасып жатыр. Бағдарлама тар шеңберде қалып қоймай, халықтың санасына ашық жететіндей болуы қарастырылып отыр. Мұны жалған ұраншылдықпен, немесе жалаң жоспар орындау үшін атқарылатын шаралармен шатастырмауымыз керек. Мұндағы басты мақсат – қала баласы мен ауыл баласының, ғалым мен қарапайым шаруаның өркениеттен тыс қалмай, бірге қадам басуын қадағалау деп түсінген дұрыс. Қарапайым халықтың ішінде оза шыққан тарландарымыз жетерлік. Ал өнерде де, спортта да, ғылым-білімде де, кәсіпте де, тіпті қарапайым өмірімен бойына адами құндылықтарды жиып, жомарттығымен айналасына шуақ шашып жүрген жандар қанша ? Олар қанша көп болса да, қоғам үшін аз. Олардың санын да, сапасын да арттыра отырып, ұлттық құндылықтарымызбен қаруланған еліміздің болашағын құруымыз қажет. Бағдарламаның мәні – осында. Яғни, бұл дегеніміз – осы бағыттарда жас ұрпаққа саналы тәрбие беру, сапалы білім беру, жақсыны таныту, жақсылыққа ұмтылысты құр сөзбен құрғақ ұрандамай, көзбен көрсетіп, қолмен ұстату. Бір даналық әңгімедегідей, «балаға жейтін балық берме, қармақ беріп, балық аулауды үйрет» дейтін тәмсілдің үлгісінде әрекет етуіміз қажет.
Міне, осы бағыта «Білім және тәрбие» бөлімінің жоспарлап отырған ауқымды жобаларының біразы жүреге асып жатыр. Солардың бірі – «Қазақстанның 100 жаңа есім» жобасы аясында өткен «Уақыт. Тұлға және бүгінгі бәсекелестік» атты облыстық тарихи-танымдық шара. Шараның мақсаты – Қызылорда өңірінен шыққан еңбегімен, білімімен, өнерімен, адами озық қасиеттерімен қоғамға үлгі болған Тұлғалардың өмірін ұрпаққа таныстыру, үлгі ету. «100 жаңа есімге» енген азаматтардың арасында қарапайым еңбек адамы да, студент те, оқушы да, спортшы да, ақын да, жауынгер де, еңбегімен елге танылған ардагер де, ғұлама ғалым да, қайраткер ана да, жақсылығын жамағатқа арнаған жомарт жүректі азаматтар да, бәрі – бәрі бар. Қызылорда өңірінен шыққан 78 тұлғаны жас ұрпақ таныды. Олардың арасында биыл 11 сынып оқып жүрген шахматтан 2 дүркін әлем чемпионы, төрт дүркін Азия чемпионы, сегіз дүркін Қазақстан чемпионы болған дарынды оқушы Серікбай Әсел Арманқызы да бар. Қаршадай қыздың ел атын шығарған таудай еңбегі өз замандастарына үлгі, сол шараға қатысушылардың ішінен Әселдей болғысы келген талай оқушы шахмат үйірмесіне жазылғандарына күмән келтірмеймін. Сондай-ақ, ақ күріштің сорттарын жақсартуда әлемдік ғылымға ретінде ерекше үлес қосқан қызылордалық ғалым А.Н.Подольских та бар. Белгілі тұлғаның шараға қатысып, еңбегін жас ұрпаққа үлгі етуі – көрмеге келген қаншама қыз-жігіттерге әсер етті деп ойлаймыз. Ғалымның ауылшаруашылығын дамытуға деген ерен еңбегін көпшілікке ТЕD – форматта дайындап, ұсынған Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің студенттері болды. Аталған шараға барлық аудандар мен қаладағы білім ошақтары түгел қатысты. Облыс әкімшілігінен бастау «Рухани жаңғыру» орталығы ұйымдастырып, алған ауқымды шараға ел-елден келген қатысушылар аса үлкен жауапкершілікпен келіп, өздерінің өлкесінен шыққан даңқты тұлғаның өнегелі өмірін, қоғамға көрсеткен үлгісін мақтанышпен таныстырды. Мәселен, ерекше белсенділік танытқан Арал ауданынан келген шығармашылық топқа риза болдық. Аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы Күнбол Бекетовтың ұйымдастыруымен бір кісідей жұмылған істің нәтижесін көрдік. Аралдан шыққан жомарт ана Ақыл Сәдуақасованың халқына жасаған кайырымды істері мен аналық мейірімін жасаған көрмелері арқылы да, бейнекөріністерімен де жан-жақты таныта білді. Сондай-ақ, №8 мектептің қаршадай 6 сынып оқушысы Қыпшақбай Нұрасылдың өрттен балаларды құтқарған қаһарман ағасы туралы айтқан танымдық жұмысы тыңдармандарға ерекше әсер етті. Оның ерлікке толы өмірін өзіне үлгі еткені сонша, құртақандай бала өзіне шақ әскери киім үлгісін тіктіріп киіп келген. Сондықтан, ол сөзсіз сол қаһармандық жолды таңдап, өз өмірінде жамандықтан қашық, жақсылыққа асық болары дайсыз.
Біздіңше, «Тәрбие мен білім» бөлімі ұрпақ тәрбиесімен ғана айналыспайды, ұлт тәрбиесімен айналысады. Ал, ұлттың келешегі – бүгінгі жастарымыздың қолында. Нәтижесі оларға қандай тәрбие беріп, қандай жол сілтегенімізден қалыптасады. Келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол етіп тәрбиелеу – біздің ел алдындағы борышымыз. Кешегі өткен бабалар мұрасы – бүгінгі күнге дейін құнын жоғалтпаған асыл мұраларымыз. Әл-Фарабидің еңбектерінен, Қорқыт бабамыздың күйлерінен, ұлы Абайдың «Қара сөздерінен», А.Байтұрсынұлының «Тіл құралы», «Әдебиет танытқыш», Ж.Аймауытовтың «Жан жүйесі», М.Жұмабаевтың «Педагогика» сынды мәдени мұрамыздан бастау алатын ұлттық құндылықтарымызды пайдаға асыру, іс жүзінде көрсету.
Қазақ халқын қилы-қилы кезеңдерде дәстүрінен, тілінен, дінінен айыруға көп әрекет жасалғаны тарих беттерінен белгілі. Әсіресе, кешегі Кеңестік замандағы бір жақты идеологияның ұлттық санамызға кесірі мол еді. Егемен ел болған соң, Елбасымыздың: «Бойында қаны бар, намысы бар әрбір азамат енді тәуелсіздікті қалай кемелдендіреміз, елдің көсегесін қайтсек көгертеміз деп ой-санасын қамшылауы керек. Ежелден рух еркіндігін ерекше қастер тұтқан халқымыздың асыл дәстүрлерін жаңа заманға жарасымды жалғастыруымыз керек», – деген сөздері де кешегі жоғалтқан асылдарымыздың орнын толтыру, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға үндейтіндігі анық. Демек, бізді алда ұлы істер, биік белестер күтіп тұр.
Жанна ӘДІЛХАНОВА,
«Рухан жаңғыру» орталығы
«Тәрбие және білім» бөлімінің қызметкері