TED ФОРМАТЫНДА ДИАЛОГ АЛАҢЫ ӨТТІ
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалатынын атаған болатын.
Бүгінде «Рухани жаңғыру» білім беру жүйесінде және тәрбие бағытында туған жердің тарихы, мәдениеті, әдебиетін терең зерттеуге арналған мүмкіндіктер кеңістігіне айналуда.
Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін ескерсек, бағдарламадағы оқу-тәрбие бағытындағы міндеттерді жүзеге асыру арқылы құндылығымыз бен бәсекеге қабілеттілігімізді арттырамыз. Ал, оқу-тәрбие бағытындағы жұмыстарды Назарбаев мектептерінің тәжірибесіндегі «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығының әлеуметтік жобалары бойынша тәрбие үдерісін ұйымдастыру – жалпы білім беретін мектептердің алдында тұрған міндеттердің бірі. Бұл – «Рухани жаңғыру» мен «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығының әлеуметтік жобаларын сабақтастырып, тәрбие жұмысын кешенді түрде жүргізу.
Елбасы қоғамды жаңғырту үшін алдымен, әрбір адам өзінің санасын жаңғырту керек екенін және қоғам тарихының тереңнен бастау алатын коды болатынын, ол код – ұлттық код деп аталатынын түсіндіреді.
Егер, жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр алмаса, адастыратынын нақтылайды. Бүгінгі таңда, тәрбие жұмыстарына маңызды бетбұрыс қажеттілігі артуда. Осыған байланысты, оқыту үдерісінің тәрбиелік әлеуетін арттыруға, оқыту мен мен тәрбиені кіріктіруге, тәрбие мазмұны мен құрылымын жаңғыртуға арналған оқу-тәрбие бағытында бірнеше жобалық жұмыстар жүргізілуде.
Соның бірі жас ұрпақты патриот, көшбасшы, саналы азамат етіп тәрбиелеу мақсатында Қызылорда облыстық білім басқармасы мен облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының іс-шаралар жоспарына сәйкес облыс орталығындағы Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп-интернатының ұйымдастыруымен «Шаңырақ» жобасы негізінде тәрбие жұмысын жүзеге асырудағы инновациялық технологиялар» атты TED форматында диалог алаңы өтті. Облыстық ТED форматындағы диалог алаңының мақсаты:
Рухани жаңғыру аясындағы бағдарламалар мазмұнын Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәрбие үдерісіндегі «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығының әлеуметтік жобаларымен үйлестіру;
Мектеп-интернаттың тәрбие үдерісіндегі инновациялық іс-тәжірибесімен таныстыру;
Әлеуметтік жобалар арқылы жас ұрпақты ұлтжанды, елжанды, елін-жерін сүйетін саналы азамат болуға тәрбиелеу жолындағы әріптестердің пікір алысуын ұйымдастыру.
Шараға облыстағы 46 инновациялық мектептің басшылары, оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, сынып жетекшілері, ата-аналар, көшбасшы оқушылар – барлығы 300-ге жуық педагог қатысты. Төрт блок бойынша жүргізілген шарада педагогтар мектеп-интернаттың тәрбие бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысып, тиімді әдіс, жаңа идея, құнды ақпараттар алды.
«Инновациялық тәжірибе таныстырылымы» блогында мектеп-интернат базасындағы «Туған жерге тағзым», «Қоғамға қызмет ету», «100 кітап», «Қазақ әндері» «Көшбасшылық», «Қазақша Wikipedia», «Ата-ана жұмысында 1 күн» әлеуметтік жобалары бойынша инновациялық жұмыстардың көрмесімен танысты.
Әр жобаның ерекшелігіне сәйкес ғылыми жоба, эссе жинақтары, ақпараттық-танымдық сабақтар жинағы, оқырмандар конференциясы мен «Үздік оқырмандар сайысының» жинақтары, фотоальбом жинақтары таныстырылып, оқушылар әрбір әлеуметтік жобада жүргізілген шаралар жайлы өз ойларын ортаға салды. «Рухани жаңғыру» ақпараттық залында әрбір әлеуметтік жобаның жұмыс моделімен, модель бойынша атқарылған жұмыстармен және «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығы орталығының жұмысымен, «Менің бастамам-менің Отаныма» атты шығармашылық галереясымен танысты. Шығармашылық галерея оқушылардың қызығушылықпен ұлттық негізде әзірлеген сурет өнері, қолөнер және зергерлік бұйымдарымен жабдықталған.
«Рухани жаңғыру» мен «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығының тәрбие жүйесіндегі сабақтастығы» атты 2-блокта қатысушылар «Шаңырақ» жобасы негізінде тәрбие жұмысын жүзеге асырудағы инновациялық технологиялар» тақырыбындағы мектеп-интернаттың тәрбие бағыты бойынша әзірленген бейнекөрсетіліміне, «Әлеуметтік жобалар – тәрбие үдерісінде» тақырыбында әрбір жоба жетекшілері мен белсенді мүшелерінің TED форматындағы таныстырылымына куә болды.
Әрбір жетекші жоба аясында жұмыс жасап жатқан оқушыларымен жүргізілген зерттеулерге, атқарылған жұмыстарға тоқталды. Мысалы, «Туған елге тағзым» жобасында Сыр өңірінің географиясы, тарихы, әдебиеті және флорасы мен фаунасына шәкірт ізденістері арқылы зерттеулер жасалса, «100 кітап» әлеуметтік жобасы арқылы қазақ әдебиеті пәніндегі көркем әдебиеттерді оқыту және туған өлке ақын – жазушыларының шығармаларын оқуға басымдық берілгені атап өтілді. Жоба бағытына сәйкес 4 оқырмандар конференциясы, 8 кітапханалық сабақ, 10 ғылыми жоба байқаулары, 12 үздік шығармалар және 5 интеллектуалды сайыстар ұйымдастырудағы тәжірибелерімен бөлісті.
Нақты кезеңде «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Қазақша википедия» жобасы арқылы түрлі бағытта жұмыстар жүргізілуде. Жобаның мақсаты – оқушыларды эссе жазуға машықтандыру, жас ақындарымыздың шығармашылық қабілетін ояту және баспа бетіне мақалалар жазу дағдыларын қалыптастыру.
Жоба аясында жұмыс жасауға 70-80 оқушы қамтылған. «Қазақша википедия» жобасы арқылы оқушылар «Менің туған өлкемнің атауы», «Ұлы Дала Елі», «Халықтар Достығы» т.б тақырыптардағы 12 эссе жұмысы байқауға қатысып, «Ұстаз үні», «Сыр мектебі», «Білім айнасы» баспа беттеріне 10 мақала жарияланған. Ал, жас ақын-жазушылар Абай, Мұқағали, Әбіш оқуларына қатысып, 7 рет жүлделі орынды иеленді.
Жоба бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесінде «Рухани жаңғыру» залының блогына жас ақындардың 80-нен астам өлең-жырлары, бұған қоса, 7 шығармашылық ізденіс жұмыстары, 37 эссе жұмыстары жинақталды.
«Рухани жаңғыру» мен «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығы аясында жүргізіліп жатқан жобалардың бірі – «Көшбасшы» әлеуметтік жобасы. Бұл жобаның мақсаты – оқушылар бойында көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру, жігерлі жастардың ішкі әлеуетін ашу.
Көшбасшылық білім, спорт, өнер саласында, қоғамдық жұмыстардағы белсенділікті білдірсе, осы бағыттар бойынша жұмыс жасау нәтижесінде мектеп-интернаттың барлық оқушылар арасынан түрлі бағыт бойынша 70-ке жуық көшбасшылар айқындалған және олар үш тілде еркін сөйлеуге машықтанған. Жоғары сынып оқушыларының төменгі сынып оқушыларына қамқорлық танытуы өзара әріптестік мәдениетін қалыптастырып, көшбасшылық қабілеттерін дамытып, өзара сыйластық, жауапкершілік, кішіге қамқор болу сынды жоғары адами құндылықтарды қалыптастырған.
Сонымен қатар, «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығы аясында жұмыс жасайтын жобаның бірі – «Қазақ әндері» әлеуметтік жобасы. Жобаның мақсаты-халық әндерінің шығу тарихы мен мазмұнымен таныстыру, туған өлке сазгер-әншілерінің әндерін үйрету. Жобаның жүру механизмінде бірінші, жоба мүшелерімен кеңесіп, халық әндері және туған өлке сазгерлері әндерінен тұратын 50 ән тізімі жасалған. Екінші бұқаралық ақпарат құралдар мәліметтері, интернет материалдары, жыр жинақтары және үнтаспа қорына 50 ән туралы мәліметтер жинақталған. Жоба аясында мектеп-интернатта “Жанды дауыс”, «Алло, біз таланттыларды іздейміз!», «Мен - елімнің патриотымын!» байқауы ұйымдастырылған. «Қазақ әндері» жобасы аясында халық әндері және туған жер сазгерлерінің шығармашылығынан жоба мүшелері үйренген әндерден жинақ шығарылып, оқушыларға таратылған. Қазіргі таңда мектеп-интернатта осы әлеуметтік жоба бойынша екі ән жинақ, екі ән альбом, жеті ғылыми зерттеу жұмысы жинақталып, мектеп-интернаттың қорына ұсынылғандығы атап өтілді.
Келесі кезекте қатысушылар «Рухани жаңғыру мен «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығының сабақтастығын оқу-тәрбие үдерісінде ұйымдастырудың үлгілік нұсқаулығының презентациясымен танысты. Үлгілік нұсқаулықта мектеп-интернатта жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалардың моделі, әлеуметтік жобалар мазмұнына сипаттама, іске асыру механизмдері мен күтілетін нәтижелер қамтылған.Үлгілік нұсқаулық ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы және НЗМ-нің «Шаңырақ» оушылар қауымдастығының әлеуметтік жобаларының мазмұнын үйлестіріп дайындалған. Нұсқаулықты тәрбие үдерісінде басшылыққа алып, әлеуметтік жобалар арқылы жас ерекшелік сақталмаған ынтымақты орта құру, топта үлкенге ізет, кішіге бауырмал болуға тәрбиелеу мүмкіндіктері қарастырылған және тәрбие үдерісіндегі педагогтың жұмыс мазмұнын жүйелендіріп, кәсіби құзіреттілігін арттыруға септігін тигізеді. Рухани жаңғыру мен «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығының сабақтастығын оқу-тәрбие үдерісінде ұйымдастыру туралы үлгілік нұсқаулық білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында дайындалған. Нұсқаулық мазмұны жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар, адам өмірі мен денсаулығы, патриотизм және еңбексүйгіштік, сондай-ақ адам құқықтарын құрметтеуге тәрбиелеуді көздейді.
Шараның алғы сөзін облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының «Тәрбие және білім» бөлімінің басшысы Ә.Әбдіхалықова алып, Елбасының бағдарламалық мақаласын негізге ала отырып, мектеп-интернаттағы тәрбие мазмұны мен құрылымын жаңғыртуға бағытталған жұмыстарға тоқталды. Әлеуметтік жобалар бойынша атқарылған жұмыстарға, соның ішінде Елбасының бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асырылып жатқан «Менің бастамам – менің Отаныма» шығармашылық галерея жұмысына, «Рухани жаңғыру» ақпараттық залындағы «100 жаңа есім», «100 кітап», «Үш тілде білім беру» тақырыбындағы жоба жұмыстарына оң бағасын берді. Сонымен қатар, «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығының әлеуметтік жобаларын білім беретін ұйымдардың тәрбие үдерісіне енгізу өзектілігін көрсетіп, алда тұрған бірқатар міндеттерді көрсетті. Олар:
Әр мектеп Рухани жаңғыру және «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығының сабақтастығын арттыруға арналған арнайы жобалар дайындауы керек;
Әлеуметтік жобалар бойынша нәтижеге бағытталған жұмыс жоспарын құру;
Әлеуметтік жобалар арқылы нәтижеге бағытталған жұмыстар аясында Отанға деген патриоттық-мақтаныш және оның болашағы үшін жауапкершілік сезімдерін қалыптастыруға бағыттау;
Үшінші блокта әлеуметтік жобалар бойынша тәрбие сағаттарының сериясы жүргізілді. Әлеуметтік жобалар аясындағы тәрбие сабақтары жаңа форматта, интербелсенді әдістерге негізделіп, кіріктірілген оқыту түрімен жоспарланды. Қатысушылар «Туған елге тағзым», «100 кітап», «Көшбасшы», «Қоғамға қызмет ету», «Қазақ әндері» әлеуметтік жобалары бойынша ұйымдастырылған тәрбие сағаттарына қатысып, өзіндік ой түйді. Әрбір тәрбие сағаты әлеуметтік жоба мақсатына сәйкес оқушының танымдық, мәдени-рухани дамуына әсер етіп, тұлға ретінде қалыптасуына септігін тигізді.
Шараның 4-блогында қатысушылар ұйымдастырушылармен, жоба жетекшілерімен еркін пікір алмасып, өз ойларын білдірді. Сонымен қатар, «Шаңырақ» жобасы негізінде тәрбие жұмысын жүзеге асырудағы инновациялық технологиялар» атты TED форматындағы диалог алаңына қатысушылар резолюциясы қабылданды. Резолюцияда жалпы білім беретін мектептердің тәрбие үдерісінде «Рухани жаңғыру» мен «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығының сабақтастығын оқу-тәрбие үдерісінде ұйымдастыру туралы» үлгілік нұсқаулықты басшылыққа алу, оқыту үдерісінде тәрбие құндылықтарына басымдық танытуды тәжірибеге енгізу, жалпы қазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін беріп, белсенді, білімді, ашық мәдениетті тұлға тәрбиелеу міндетін нәтижелі жүргізу, тәрбиеленушіге тәрбиеге негіздеп білім беру қажеттілігіне басымдық таныту мәселелері қамтылды.
Қорытындылай келе, жалпы білім беретін мектептердің тәрбие үдерісінде «Рухани жаңғыру» мен «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығының сабақтастығы оқу-тәрбие үдерісінде тәрбие әлеуетін арттыруға, оқыту мен тәрбиені кіріктіруге, тәрбие мазмұны мен құрылымын жаңғыртуға бағытталған.
Туған жердің тарихына, мәдениетіне, дәстүріне, мәдени мұрасына түрлі форматтағы ізденіс жұмыстарын жүргізу арқылы туған аймақ, өлке туралы базалық қор жинақтау-маңызды мәселе. Сонымен қатар, тәрбие жүйесін әлеуметтік құбылыс ретінде қабылдап, мақсатты және жүйелі, біртұтас, нәтижелі болуын қамтамасыз ету қажет.
Білім беру үдерісін жаңарту жағдайында тәрбие үдерісін ұйымдастырудың мазмұнын жаңғырту тәрбиеленушінің патриот, елжанды болып қалыптасуына септігін тигізуде. Сондықтан, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы оқушыларды әлеуметтік маңызы бар іс-әрекеттерге машықтандыру ұлттың ұлы мұратына жетелейді.
Балзия АБДУЛЛАЕВА,
Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға
арналған №4 облыстық мектеп-интернатының директоры